Жексенбі, 22 желтоқсан, 14:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық жоба: Алыс ауылда да дәрігер болады

27.07.2024

319 0

Ауылдағы ағайын ауыра қалса, орталыққа келіп емделуді ойлайды. Себебі белгілі, ауылда емдеу мекемесі де, дәрігер де жоқтың қасы. Ал ауыл тұрғынының емделу үшін қалаға келуі де оңай емес, уақыт жоғалту, қаржы мәселесі секілді кедергілерді ойлап, өкпесін сүйреп, жүре береді. Ал ауру асқынып, дерт меңдегендегі мәселе тіпті басқа.
Өткен жылдан бері елімізде жүзеге аса бастаған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының негізгі мақсаты да сол, ауыл халқының денсаулығын жақсарту, ауылдарда да қаладағыдай барлық мүмкіндік болмаса да, аурудың алдын алып, емделуіне қолдан келгенше жағдай жасау. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан халықтың денсаулығын жақсарту үшін медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсету нысанын салып, дәрігер мамандармен қамтамасыз ету. Халықтың 50 пайызға жуығы елді мекендерде тұратынын ескерсек, миллиондаған тұрғынның мұқтажын шешуді мақсат еткен бұл ұлттық жоба қарапайым ауыл қазағының үміт отын оятқаны рас. Себебі дер кезінде дәрігер көмегіне жүгіне алмай, орталыққа жетем дегенше кеш болып қалатын өкінішті жайттар да аз емес.
Ұлттық жоба жүзеге асқалы нендей жұмыс атқарылды дегенге келсек, осы аптада бұл мәселе Үкімет отырысында талқыланды. Ұлттық жобаның іске асу барысы туралы баяндама жасаған денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова маңызды құжат үш міндетті орындайтынын атап айтты. Ең алдымен ауылдарға 655 медициналық санитариялық алғашқы көмек нысанын салу, 32 аудандық аурухананы жаңғырту, кадрлармен қамтамасыз ету. Мақсат-міндеті айқын игі жоба аясында өткен жылы республика бойынша 99 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны салынған. Биыл 556 медициналық және фельдшерлік пунктер, сондай-ақ дәрігерлік амбулаториялар салу көзделген. Бүгінде 322 нысанда құрылыс-монтаж жұмысы басталып, 3 нысанның құрылысы аяқталған.
– 2023-2024 жылдары 152 нысанда 656 медицина қызметкері жұмысқа орналасты. Мемлекетті қолдау шаралары дәрігер мамандығының беделін арттыруға және мамандардың ауылда тұруға деген ынтасын күшейтуге бағытталған, – деді денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова.
Айта кетелік, Ұлттық жобаны іске асыруға 60,3 млрд теңге бөлінген, оның 21 млрд теңгеден астамы өңірлерге берілген. Ендігі міндет ауылдарда салынып жатқан құрылыс жұмыстарының сапалы, дер кезінде аяқталуы. Үкімет басшысы бұл орайда денсаулық сақтау министріне құрылыс нысанына тұрақты түрде барып, мониторинг жүргізуді тапсырды.
Ұлттық жоба аясында Сыр өңірінде де игі іс атқарылуда. Мәселен, биыл жоба шеңберінде өңірде 9 дәрігерлік амбулатория мен 2 фельдшерлік-акушерлік бекет салынуда. Бұл нысандар 1 қазанға дейін пайдалануға берілмек. Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжілісінде айтылды.
– Құрылыстың жалпы құны – 3 млрд 500 млн теңге. Бұған Үкімет резервінен 2 млрд теңге берілді. Шиелі ауданындағы 30 төсектік ифекциялық бөлімше мен көпбейінді аурухананың құрылыс жұмыстары басталды. Айта кету керек, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Шиелі ауданындағы 30 төсектік инфекциялық бөлімшені салу ұлттық жобадан тыс, жоспарға қосымша енгізіліп, қазір 1 млрд 300 млн теңге қаржысы бөлінді. Арал ауданында дәл осындай инфекциялық бөлімше жобасы дайын. Ұлттық жоба аясында салынатын Арал аудандық ауруханасының қосымша құрылысы жобасын мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін екеуін біріктіріп қаржыландыруды денсаулық сақтау және қаржы министрліктерімен пысықтау қажет, – деді аймақ басшысы Н.Нәлібаев.
Аймақ басшысы ұлттық жоба аясында салынатын нысандар халыққа ыңғайлы, жайлы болуы керегін, тазалығы, қасбетіне дейін талапқа сай болуын қатаң қадалау керектігін тапсырды. Сондай-ақ жаңа дәрігерлік амбулаторияны мамандармен, жаңа санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету назардан тыс қалмауы қажеттігін атап өтті.
Ең бастысы, ауылдағы ағайынның денсаулығын түзеуге қызмет ететін нысандар салынып, дәрігерлер ауылда қызмет етсе, ұлттық жобаның негізгі мақсаты орындалғаны.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: