Сәрсенбі, 16 сәуiр, 04:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№27, 2140
15.04.2025
PDF мұрағаты

Ұлылар тұрған үйлер

15.04.2025

283 0

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Қызылорда астана болғанда мұнда Алаш арыстары қызмет етті. Тұтас қазақ елінің ертеңі жолында жоспар сызып, айқын мақсатқа жұмыс істеді. Қайсыбірінің де кеудесіндегі асыл мұрат біреу еді. Ол – ұлтқа қызмет ету.

Мәңгілік алаудың іргесінен түскен Еркін Әуелбеков көшесінде Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынұлы тұрған. Екеуінің үйі қабырғалас еді. Бұл туралы Гүлнар Міржақыпқызының естеліктерінде айтылған. Онда «Қызыл­ордаға келісімен орналасқан үйіміз Садовая көшесіндегі жетінші үй – Ерғали Қасымов төренің үйі болатын. Үйдің бір бөлігі Ахмет Байтұрсыновтың отбасына қарайтын да, екінші бөлігінде біз – Дулатовтың отбасы тұратынбыз. Осы үйде біз 1925 жылдан 1929 жылға дейін әкем қамалғанша Байтұрсыновтармен бірге тұрғанбыз. Астана 1928 жылдың жазында Алматыға ауыстырыла бастағанда Ахмет Байтұрсынов өзінің жұмыс істеп жүрген оқу орнымен бірге көшкен-ді. Босаған үйдің орнына Ерғалидің інісі Ибрагим Елікейұлы Қасымовтың отбасы көшіп келді» деп жазған.

Бұл көше Тағзым алаңының оң жағында орналасқан. Ал сол жағындағы Қонаев көше­сінде Алма Оразбаева тұрды. Қазір Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы тұрған үйлер жермен жексен болған. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегендей, орнына жаңа баспаналар, кәсіпкерлік нысандары бой көтерген. Десек те осы жерде ұлтын ойлаған зиялылар тұрғанын айғақтайтын бірде-бір белгі жоқ. Алма Оразбаева тұрған үйге келгенде ауладан бөлек өз алдына көгалды қоршау қойылып, оның ортасында үлкен белгі тұр екен. Белгіде Алма Оразбаеваның 1925-1929 жыл­дары осы үйде тұрғаны және жұмыс істегені жазылған. А.Оразбаеваның қазақ әйелдерінің көзін ашып, зиялы ортадан өз орындарын табуына бағыт-бағдар беруімен қатар, ерекше өнері де болған. Белгілі музыка зерттеушісі Затаевич одан қазақтың «Жайық», «Қосай», «Танысу жыры», «Зейнешім», «Саржан», «Төртпішпен», «Ғиндаш», «Айнамкөз» және «Қоштасу» тәрізді он әнді жазып алып, «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына енгізді.

«Алма Оразбаева – жас халық мұғалімі, қазақ әйелін күңдіктен құтқару жолында күресуші көрнекті қайраткер. Тамылжыған нәзік(сопрано) дауысы бар және әнді нақышына келтіріп мейлінше әсем айтатын музыкаға аса қабілетті жан. Оразбаева менің жұмысыма барынша ықылас білдірген және маған өте құнды деректер берген бөкейлік бірінші қазақ қызы болды» деп баға берген Затаевич.

Қазақтан шыққан тұңғыш инженер, тарихшы-ғалым Мұхамеджан Тынышбаев та осы Сыр топырағында еңбек етті. Мұрағат деректерінде 1925 жылдың 9 ақпанында Қазақ АССР астанасы Орынбордан Ақмешіт қаласына ауыстыру туралы Қазақ орталық ат­қару комитетінің қаулысы қабылданып, қау­лыны жүзеге асыру Қазақ АССР халық комис­сарлар кеңесіне тапсырылғаны жазылады. Соған орай ВКП (б) Қазақ өлкелік комитеті қаулысымен үкімет жанынан Техникалық комиссия құру туралы шешім шығарылған. Техникалық комиссия төрағалығына Аспандияр Кенжин тағайындалыпты. Сол 1925 жылдың 19 маусымында Қызылорда қаласының құры­лысына басшылық жасау үшін Халық комис­сарлар кеңесі жанынан Құрылыс комиеті құрылады. Комитет төрағасы болып Абылай Серғазиев тағайындалып, оның техникалық жағынан орынбасары қызметіне инженер Мұхамеджан Тынышбаев бекітілген. Техни­калық комитет төрағасы А.Серғазиевтің 1925 жылдың 10 тамызындағы қызметтік хатында М.Тынышбаевтың осы жылдың 20 шілдесінен бас­тап Қызылорда қаласын салу туралы Құры­лыс комитеті төрағасының техникалық мәсе­лелер жөніндегі орынбасары және Құрылыс коми­тетінің бас инженері болып тағайындалғаны, оған 350 сом жалақы белгіленгені баяндалады.

– Мұрағат құжаттарын зерделеу барысында Тынышбаевтың Сыр өңіріндегі өмір жолы мен тұрғылықты мекенжайын да таптық. Құжатта баяндалған бұрынғы Шумиловская көшесі, қазіргі Қазантаев көшесімен тұспа-тұс келеді. Бұрын ол орында ескі әскери комиссариат ғимараты орналасқаны мәлім. Алайда бүгінде аталған жерде көне Қызылордадан сақталған бірде-бір ғимарат жоқ. Тұңғыш инженердің үйі де бұзылып кеткен. Әрине, тарихи орынды сақтап қала алмағанымыз өкінішті. Тек қайраткердің тұрғылықты жерін ғана құжат жүзінде дәлелдеуге мүмкіндік алып отырмыз. Тым құрыса, осы жерде Мұхамеджан Тынышбаевтың үйі болғанын бір тақтаға жазып қойсақ та болар еді, – дейді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.

Көлікте келе жатып, музей қызметкері ұялы телефоннан бұрынғы видеоны көрсетті. Бұл видео 1925 жылы түсіріліпті. Темір жол вокзалы тұр. Бірақ бір ғимарат көзге таныс болып, видеоны қайта-қайта жүргізіп отырған Асекең дереу «көлікті тоқтат» деді. Тарихқа қызығушылық мамандықтан емес, табиғатынан екенін сонда ұқтық.

– Мына ғимаратты көрдіңдер ме? – деді бізге ұялы телефонын ұсынып.

Фототілші Нұрболат Нұржаубай екеуміз айналаға көз тастаған сәтте Асхат Сайлау саусағын шошайтып:

– Әне тұрған ғимарат осы, – деді.

Дереу көліктен түсіп, ғимараттың ауласына кіргенде бес-алты қызметкер жүр екен. Мән-жайды айтқанымызда олар да қызығушылығын білдіріп, үлкендері сөз алды. Бірақ нақты ғимараттың қай жылы салынғанын білдіретін белгі жоқ екен. Мұнда да тақтайша қойылмаған. Бар болғаны алақандай жазу болса, тарихтың тереңіне сүңгіп, нақты ақпаратқа қол жеткізер едік. Иә, бұл – «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ «Қызылорда магистралдық желі бөлімшесі» филиалы Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясы Қызылорда электрмен жабдықтау ауданының ғимараты.

– Бұл ғимарат 1925 жылы түсірілген видеода бар. Демек, мұның тарихы әріде жатыр. Қаланың ең алғашқы ғимараттарының бірі. Сәл өзгеріске ұшырағаны болмаса, жақсы сақталған. Орынбор-Ташкент темір жолы – біздің даламызға кел­ген ең алғашқы өркениет. Бұл ғимарат та соны­мен қатарлас. Өзі аз ғана қалған тарихи ғи­мараттарымыздың бірі. Алдағы уақытта қай ғимарат қай жылы салынғанын жазып, сақтап қоюымыз керек. Келешек үшін. Ұрпақ елдің тарихын біле жүруі керек, – дейді Асхат Сайлау.

Ұлылар тұрған үйлер

Ұлт тарихында маңызы зор көп ғимарат бұзылып кетті. Қолда бардың қадіріне жетіп, бағасына жете алмай, талай құндылықтан айырылып қалдық. Сүйегі мықты, сәулеті керемет осындай нысандарды туристер іздеп келетіндей деңгейге жеткізу – өз қолымызда. Бастысы, ниет керек.

Дәулет ҚЫРДАН,

Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: