Ұрпақ тәрбиесіне жіті мән берген қазақтың әрбір салт-дәстүрінің берер өнегесі мол. Жас буынды сөзбен емес, іспен тәрбиелеген дана халықтың тұрмысы мен салт-дәстүрі – тәрбие мектебі. Мұқтажға қайырым жасау, әлсізге көмек беру, табиғатты аялау, бар ізгілікті ұрпақ бойына сіңірген ұлттық салт-дәстүрді қаншалықты сақтап жүрміз? Біз нені жоғалттық? Орайы келгенде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Тарих және археология БББ аға оқытушысы Жайна Сыдықовамен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Қазақтың салт-дәстүрлері, мәдениеті туралы айтсақ. Ең алдымен, Наурыз мерекесінен бастайықшы. Жыл өткен сайын Наурыз мерекесін тойлау түрлене берері сөзсіз. Дегенмен Ұлыстың ұлы күнінің негізгі мәні сақталып жүр ме?
– Наурыз мерекесін Ұлыстың ұлы күні деп өте ауқымды атап өтіп жүрміз. Наурыз мерекесінің 5 мың жылдан астам тарихы бар. Бұл мереке күн мен түннің теңелген күні. Біз Наурыз мерекесін неге бір ай бойы тойлаймыз деген сұраққа тоқталайық. Көшпенді қазақтың барлық тұрмыс-тіршілігі аспан денелеріне байланысты болған. Біз мұны ай күнтізбесі дейміз. Яғни айдың жерді айналуына байланысты. Кейін күн күнтізбесі шықты. Қазір георгиан күнтізбесі бойынша жүрміз. Ай күнтізбесі бойынша есептеп, георгиан күнтізбесімен салыстырғанда 14 күн жоғалып кетеді екен. Сондықтан 1 наурыз, қазірше 14 наурызды «Көрісу күні» деп атайтынымыздың себебі осы. Яғни ескі жылды аяқтап, жаңа жылға қадам бастық деген үлкен үмітпен бұл мерекені бір емес, бірнеше күн, тіпті бір ай атап өтететін болған. «Амал» мерекесінің мағынасы айдың жерді толық айналып, бір жылдың аяқталғанын білдіреді. Бұрын Наурыз қалай тойланушы еді дегенге келетін болсақ, бұрын рухани мәні жоғары болды десек қателеспейміз. Наурызды жақсылықтың жаршысы, жаңа күннің бастауы ретінде қарсы алып, бар жақсысын киіп, айналасын тазалап, ескіден арылып, рухани тазару мерекесі ретінде қабылдаған. Қазір Наурыз мерекесінде ғана ұлттық киім киіп, киіз үй тігіп, ұлттық ойындар ойнап, мереке символикалық дәрежеде болса, бұрын бұл мейрамды рухани құндылық ретінде қабылдаған.
– Мәшһүр Жүсіп бабамыз: «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама» деген екен. Сондай-ақ наурызнаманың қадір-құны ас-тойдан жоғары екенін де атап айтқан. Кейінгі жылдары елде Наурызнама онкүндігін атап өту жақсы дәстүрге айналды. Наурыз мерекесінің қадірін әлде де кейінгі ұрпаққа ұғындыру үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Кейінгі жылдары «Наурызнаманы» бағдарламамен 14 күн бойы тойлап жүрміз. Бұл өте жақсы. Ұлттық құндылықтарды насихаттаған Наурызнаманың жас буынға берері көп. Әлі де Наурыз мерекесінің қасиетін сіңіре берсек, бұл мейрамның рухани құндылығы өте жоғары екенін сезінеміз. Бір айта кетерлігі, ұлттық киім, ұлттық құндылық насихаты Наурыз мерекесімен аяқталып қалмас үшін көп насихат қажет. Мектеп формаларында ұлттық нақыш болса, оқушылар бантикпен бірге шашбау тақса, бұл, әрине, жас буын үшін әсері болар еді. Наурыз айында әрбір адам тал отырғызып, оның көктеп-көгеруіне үлес қосса, соны жасамаса болмайтындай насихат болса деймін.
– «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, кейбір салт-дәстүрлер ұмыт қалса, кейбірі уақыт көшіне ілесіп, жаңғыруда. Ел ішінде ұмыт болған салт-дәстүрлер туралы айтыңызшы…
– Қазақтың ұмыт қалған салт-дәстүрлері бар. Бұған отаршылдық, кеңестік кезеңнің, одан қалды жаһанданудың да ықпалы бар. Қазақтың салт-дәстүрі халықтың тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылығына байланысты болған. Қазіргі таңда кейбір салт-дәстүрдің өзектілігі жойылған. Ұмыт қалған дәстүрлердің қатарында «Ұйқыашар», «Селт еткізер», «Бел көтерер», «Ат тұлдау» деген сияқты дәстүрлер бар. Қыз бен жігіттің арасындағы қарым-қатынасты өте нәзік етіп көрсетіп, оғаш қылық көрстпейтін дәстүрлер болған. Мәселен, «Ұйқыашар» деген дәстүр – қыздардың жігіттерге тағам дайындап, ықыласын білдіруі. Мәні – ұйқыдан ояту, символдық түрде жаңа өмірге ояту деген сөз. Ал «Селт еткізердің» мәні – сұлулық пен тазалық, жігіттердің қыздарға сыйлық беру арқылы қыздың көңілін аудару. Қыз бен жігіттің арасындағы нәзік сезімді тәрбие шеңберінде білдіру. Сондай-ақ «Таңды қарсы алу» деген дәстүр болған. Яғни ескіше 1 наурызда, қазіргіше 14 наурыз күні шыққан күн жаңа жылдың алғашқы күні. Сол күні ерте тұрып, күнді қарсы алып, тілек тілеген. Сыр өңірінен шыққан фольклортанушы, белгілі ғалым Берік Жүсіп өзінің мақаласында тышқанның жыл басы болуының себебін үлкендерден естіген әңгімесінен ой түйіп, былайша тарқатады: «Қыс бойы інінде тығылып жатқан жәндіктердің ішінде жыл келгенде бірінші болып жер бетіне шығатын суыр тышқандар екен. Сол күні суыр тышқандар іннің аузында тұрып таңды қарсы алады екен де, бір-бірін құшақтайды екен». Ғалым мұны өңірдегі ақсақалдардың әңгімесінен жазып алған. Жаңа жыл келгенде жәндіктер арасында бірінші болып інінен тышқандар шықса, өсімдіктерден бірінші болып жер бетіне қылтиып шығатын бәйшешек екен. Сондықтан жыл басы тышқан болса, жаңа жылдың келгенін білдіретін өсімдік – бәйшешек, құстардан – наурызек. Салт-дәстүрлердің ішінде жыл өткен сайын мәні өзгергендері де бар. Мәселен, «Бәсіре», «Ашамайға мінгізу» дәстүрі. Бәсіре – бала дүниеге келгенде оған мал атау. Қазір бала дүниеге келген соң нағашысының үйіне барғанда мал атап жатады. «Ашамайға мінгізу» – баланы атқа мінгізу. Қазір сүндет тойда баланы тайға мінгізуді символикалық түрде жасап жүрміз. Мұны сүндет тойдың бір бөлігі ретінде қабылдап жүрміз. Ал шын мәнінде ашамайға мінгізуді көшпенді халық ер баланың тәрбиесі үшін маңызды саналған. Баланың ер жеткенін білдіріп, жауапкершілік артып, атқа отырғызған. Қазір бұл дәстүрдің мән-мағынасы өзгерді. Ұмытылып бара жатқан дәстүрдің бірі – «Ерулік беру», «Асар» дәстүрі. Бұрын ауылға жаңадан отбасы көшіп келсе, ерулік берген, яғни үйге шақырып, тамақ беріп, танысқан. Бұл дәстүр ауылда ішінара бар, қалада тіпті ұмыт болды. Сондай-ақ «Асар» дәстүрі де ұмыт болып барады. Ағайын-туыс болып үй салған кезде немесе басқа да көппен бітетін тірлікке жұмыла көмектесу дәстүрі де қалып барады. Қазір бәрі ақылы.
– Уақытпен бірге жаңарды демекші, қазақтың «Құрсақ той» дәстүрі ұмыт қалғаны белгілі. Қазір жастар жағы «гендер-пати» ұйымдастырып, оны «Құрсақ той» деп жүргені де бар. Осы орайда, «Құрсақ тойдың» мәнін айта кеткен жөн болар…
– Қазақ қоғамында әйелдің жүкті екені белгілі болған кезде енесі, абысын-ажын, көрші-қолаң дастархан жасап, бар тәтті дәмдісін әкелген. Мұның мәні – жүкті әйелге қамқор болу. Оның қорқып кетпеуіне, ауыр жұмыс істемеуіне ел болып атсалысқан. Құрсақ тойдың бір мағынасы – жаңа түскен келіннің аяғы ауыр болған кезде аналардың ортасына қосу, олардан кеңес алуға мүмкіндік жасау. Ал қазір «Гендер пати» тойланып жүр. Бұл аты айтып тұрғандай, құрсақтағы сәбидің жынысын анықтау. Негізі қазақ үшін баланың жынысы маңызды болмаған. «Гендер пати» батыстан келген үрдіс. Бұның «Құрсақ тойға» еш қатысы жоқ.
– Наурызбен бірге Қыдыр ата қоса айтылатыны белгілі. Қыдыр ата аңыз ба, ақиқат па?
– Халық ұғымындағы Қыдыр ата – мифологиялық тұлға. Көшпенді қоғамда аспанның, жердің, кең даланың өз иесі бар деген түсініктен туған. Көшпенді халықтың санасына Қыдыр ата береке әкелуші, жол көрсетуші, жәрдем беруші ретінде санаға сіңген. Ата деп атауының өзінде дана қария ретінде қабылданған. Наурыз келгенде үй-үйді Қыдыр ата аралайды деген түсінікпен үйін тазартып, дастарханға барын қойып, жақсы тілек тілеген.
– Ұлттық киім туралы айтсақ. Ұлттық киім киюдің де өз тәртібі бар. Мәселен, қос етек бүрмелі көйлек кімге арнап тігілген? Оның қандай мәні бар? Жалпы ұлттық киімнің, оюдың мәніне тоқталсаңыз…
– Қазақтың ұлттық киімінің өзінде үлкен мән бар. Мәселен, қос етек, бүрмелі көйлекті жас келін киген. Оның көйлегінен-ақ басы бос емес екенін, келіншек екенін білген.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Гүлбибі Мұрат
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!