Сенбі, 10 қаңтар, 10:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№2 (2214)
10.01.2026
PDF мұрағаты

Ұрпаққа ұғындырған даналықты

10.01.2026

60 0

Қаладағы А.Байтұрсынов атын­дағы №211 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айман Абасилова «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының облыстық кезеңінде топ жарды.  Со­нымен қатар ұлағатты ұстаз 2025 жылдың қорытынды шарасында қала әкімінің «Жыл ұстазы» номи­нациясымен марапатталды. 

Айман Жақанқызы Алматы мем­лекеттік педагогикалық универси­тетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі біліктілігі бойынша бітір­ген. 33 жыл уақыт ішінде ұстаз­дық қызметті атқарып, шәкірт тәр­биелеуде еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда бұл мектепте 8888 оқу­шы білім алуда. Барлық мұғалім білім жетілдіру курстарынан өтіп, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беруде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тіл мәр­тебесін» көтеру бағытында айтыл­ған жұмыстарын үздіксіз жалғастыру, қазақ тілін үйрену сапасын арт­тыру, оқу сауаттылығын дамыту мақсатында Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының 17 желтоқсан 2024 жылғы 116-нқ/1 бұйрығымен мектеп «Тіл бі­лімі мектебі» тірек мектебі болып бекітілген. Қазіргі таңда мектепте жоба аясында ауқымды жұмыстар қолға алынып, жүзеге асуда. Жоба аясында мектепте 6 ғылыми-зерттеу зертханасы және Қазтест орталығы жұмыс істейді. «Тіл білімі» мектебін жобасын жүзеге асыру бойынша мектеп мұғалімі Айман Абасилова мектеп баспасының 8-сыныбына арналған «Қазақ тілі оқулығы мен оқу-әдістемелік кешендерінің» ав­торлар құрамына енеді.

– Мұғалім болу – өзімнің таң­дауым. Бала тәрбиелеу, оларға білім берудің қаншалықты маңызды екенін терең түсіндім. Мұғалім болу ар­қылы ұрпақ тәрбиесіне өз үлесімді қоссам деген мақсат болды. Бұл жолда өзімнің қолтаңбамды қалдыру мақсатында еңбек етіп келемін. Ұстаздық қызметімде тілдік білім мазмұнын жаңғырту, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арт­тыру, кіріктірілген оқытуды дамыту бағытында нәтижелі жұмыстар жа­салды. Әсіресе, сабақта заманауи педагогикалық әдістерді тиімді қол­дана отырып, оқушының зерт­теушілік дағдыларын дамытуға ерек­ше көңіл бөлемін. Ғылыми-шы­ғармашылық қызметінде пәнаралық байланысты күшейту, тілдік дағды­ларды қалыптастыру, білім алу­шы­лардың зерттеу мәдениетін артты­ру мәселелеріне арналған әдістеме­лік материалдар мен баяндамалар әзір­леп, жариялап келемін. Республика­лық және облыстық ғылыми-тәжі­­­рибелік конференцияларға қа­­­­­ты­­сып, педагогикалық тәжіри­бем­ді әріптестер арасында тарат­тым. Білім беру ұйымдарында ұйымдас­тырылған семинарлар мен тәжірибе алмасу алаңдарында өз әдіс­темелік ізденістерімді ұсынып, педагогтерді кәсіби қолдауға үлес қостым. Қазақ тілі пәні мұға­лім­дерінің кәсіби дамуына бағыт­тал­ған оқу-әдістемелік шараларға қатысып, өз тәжірибемді тұрақты түрде жетілдіріп келемін. Еңбек нәтижелерім оқушылардың же­тіс­­тіктерінен айқын көрінеді. Бұл марапат – мен үшін үлкен жауап­­кершілік. Ең алдымен, шәкірт­терімнің жетістігі мен қол­дауының нәтижесі. Ұстаз үшін бұдан асқан марапат жоқ, – дейді Айман Жақанқызы.

Ізденіспен, терең біліммен еңбек еткеннің нәтижесінде ұлағатты ұстаз көптеген жетістікке қол жет­кізді. Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Дегенмен, ғылыми-шы­ғармашылық және кәсіби же­тіс­тіктері бойынша педагог-зерт­теуші мәртебесін алды. Ғылыми-әдістемелік жұмыстары жарық көрді. Оқушылары үздік нәтиже көрсете білді. Мұның өзі мұғалімнің үздіксіз жұмыс істеуінің  нәтижесі. Сонымен қатар 2018 жылы  қалалық білім бөлі­мінің Құрмет грамотасымен марапаттал­са, одан бөлек жыл сайын облыс­тық білім басқармасының  Алғыс хаты және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

– Өткен жыл аяғында мектебіміз үшін керемет жаңалық болды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, білім мен сөз өнерінің шынайы жанашыры Айман Жаханқызы «Үздік педагог – 2025» республикалық бай­қауының облыстық кезеңінде топ жарып, облыс әкімінің 1179600 теңге көлеміндегі сыйақысына ие болды. Сонымен қатар қала мектептері ара­сында үздік деп танылып, қала әкі­мінің «Жыл ұстазы» номи­на­циясымен марапатталды. Бұл – жай ғана жеңіс емес, бұл – ұстаздық жол­дағы табандылықтың, жаңашыл ой­дың және шығармашылық қуаттың сал­танаты. Бір күннің емес, жылдар бойғы тынымсыз еңбектің, үздіксіз ізденістің және терең білімнің әділ бағасы. Айман Жаханқызы – тек пән мұғалімі емес, ол – ұлттық рухты сөз өнері арқылы шәкірт жүрегіне сіңіре білетін рухани жетекші. Әр сабағы ойға жетелейтін, талдауға үйрететін, оқушының ішкі әлеуетін ашатын шығармашылық алаң. Ұстаз­дың жан-жақтылығы оның әдіс­темелік шеберлігінен, креативті жобаларынан, оқушы жетістіктерінен айқын көрінеді. Әдебиетті өмір айнасы, тілді ұлт жаны ретінде таныта отырып, ол шәкірттеріне тек білім ғана емес, құндылық пен бағыт беруде. Жыл қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан көрі­ніп, мектеп мерейін асқақтатқан Айман Жаханқызының жетістігі – бүкіл ұжым үшін үлкен мақтаныш, жас мамандар үшін үлгі, оқушылар үшін шабыт көзі, – дейді мектеп директоры Айжан Шорабекқызы.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: