Сейсенбі, 28 қаңтар, 07:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№6,2119
25.01.2025
PDF мұрағаты

Ұстаз бақыты

18.01.2025

108 0

Балауса күннен жаны сезімтал, жүрегі мейірімге толы  өрімдей қыздың арманы асқақ еді.  Ананың аялы алақаны мен ерекше қолдауы  қанаттандырып, өмірдегі өз жолын адаспай табуына бағдаршам болғаны рас.  Сол бір ақ жаулықты анасының ақ дидары әлі көз алдында тұр. Мүмкін  мейірімді жүректің батасының құдіреті болар, жолы ашылып, асқақ Алатаудың баурайындағы Алматының  Абай атындағы   мемлекеттік  университетіне оқуға түсті. Белсенділігімен ерекшеленіп, университет қабырғасында  өтетін іс-шараға, жарыстарға  қатысып, өзін танытып, ұстаздардың ыстық ықыласына бөленді.  Сайыстарда жүрекжарды  балауса жырларын оқып, ортасына сыйлы болды.  Біздің кейіпкеріміз Гүлбану Тебегенова  бүгінде        Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектебінде қазақ тілі және әдебиетінің жоғары санатты мұғалімі.

Ширек ғасырлық еңбек жолында  Гүлбану Түленқызы тынымсыз еңбек ете жүріп, сайыста, олимпиадада, ғылыми жобада,  облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыста даярлаған шәкірттері  жоғары шыңды бағындырып, жеңімпаз атанып жүргені Сыр өңіріндегі білім саласының абыройын көтеруге қосқан үлесі деп білеміз.

– Ұлағатты ұстаз, Білім беру ісінің үздік қызметкері Гүлбану Тебегенова біздің мектептің ғана емес, аймақтағы білім саласының майталманы.   Оның жеңіс пен жетістікке толы еңбек жолы талай ұстазға үлгі.  Қандай іске де шығармашылық әлеуетпен, үлкен шабытпен кірісіп, нәтижесін көрсетіп жүр. Әр жылдары облыс әкімі, қала әкімінің Алғыс хаттарын иемденсе, облыстық білім басқармасының, қалалық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен, дипломымен марапатталды.

2018 жылы Қызылорда облысының Білім басқармасының,  Өрлеу біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Құрмет грамотасымен марапатталып, 2018 жылдың қорытындысымен  «Үздік педагог» атанып,   150000 әкім грантын жеңіп алды, – дейді мектеп директоры Айгүл Алтынбекова.

Білікті ұстаз әр жылдары жоғары марапатқа ие болды. Мәселен  2019 жылы мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, ұлтаралық қатынас құралына айналуына сіңірген еңбегі үшін Президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен, 2019 жылы  Білім және Ғылым Министрінің Құрмет грамотасымен, «Ұлы дала» республикалық шығармашылық конкурсы «Публицистика» номинациясының Ш орын жеңімпазы атанып, қаржылай сый-сияпат  иеленді. 2019 жылы «Білім беру ісіне қосқаны үшін-2019» республикалық байқауының дипломымен және төсбелгісімен, «Білім беру саласындағы 100 жаңа есім» арнайы төсбелгісін алды.

«Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» республикалық байқауына қатысып, байқау қорытындысы бойынша, «Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, куәлік  және Құрмет грамотасымен марапатталды.  Өткен жыл білікті ұстаз үшін табысты болды. Жыл үздіктерін марапаттау жиынында әріптесіміз «Үздік педагог»  республикалық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанып,  1 миллион теңге көлемінде сыйақы алған.  Бұл үздік ұстаз жетістігінің бір парасы ғана.  

Ізденімпаз ұстаздың түрлі жинаққа мақаласы енгізілген. Газет-журналға өз пәніне қатысты ғылыми-зертеу еңбектері мен өлеңін жариялап,  шығармашылықпен айналысады.

– Менде бос уақыт бола бермейді. Жергілікті ақындардың жинағын құрастырамын, мақала жазамын. Ақын болмасам да, кейде шабытым келсе өлең жазамын. Лирикалық өлең жанымды жадыратады.  Мамандығыма байланысты мұғалімдерге көмекші құрал дайындаймын. Журналдарға ашық сабағымды тұрақты жариялап тұрамын. Мені ұстаздық жолға тәрбиелеп, қанаттандырған ағам ғылымның шыңын бағындырған үлкен жүректі танымал ғалым Темірхан Тебегеновтің еңбегі зор. Қандай биікке көтерілсем де, сол аяулы жанның ықпалы зор болды. Менің идеалым десем қателеспеймін. Шындығында тынымсыз еңбек ету адамды шынықтырады.  Ақыл-ойың, зердең жаңарады, білімге құштарлығың оянады. Бір өкінішім, тұлға боп қалыптасып, танылған қуанышымды анам көре алмай, өмірден ерте өтіп кетті.  Әкемнің біздің адал адам болғанымызды, өз мамандығымыздың шебері болғанымызды көріп кеткеніне шүкіршілік етемін.  2010 жылы алғаш «Жыр ұшқыны» шағын өлеңдер жинағым жарық көрді. 2018 жылы «Кеудем менің-күйсандық» атты Зордан Салықбайұлының өлеңдер, әңгімелер, очерктер жинағын, 2022 жылы «Туған жер-алтын ұям» атты Махмұтбай Әміреұлының өлеңдерін құрастырдым. Сыр бойы қаламгерлерінің «Жас қалам» жинағына «Қорқамын» атты өлеңім, «Ата тек шежіресі» кітабына «Ананы аңсау» эссем енсе, «Аталы сөздер» кітабын жинақтадым, – дейді озат ұстаз.

Бүгінде Гүлбану Тебегенованың 5-11 сыныптарға арналған  диктанттар, «Жаттығулар мен тесттер» жинағы,  5-9 сыныптарға арналған «Тіл білімінің салаларына арналған жаттығулар жұмысы» кітабын мектеп мұғалімдері методикалық көмекші құрал ретінде пайдалануда.  2023 жылы 10-11 сыныптарға арналған «Оқу сауаттылығы бойынша мәтінмен жұмыс жасау жолдары»   авторлық бағдарламасы «Мәңгілік ел ұстаздары» атты білім саласының қызметкерлері антологиясына  енді.

Әрбір сайыста  додаға қосқан шәкірті жүлдесіз оралмайтын, талапшыл, үнемі ізденіс үстінде жүретін жаңашыл, ұстаздық қызметін педагогикалық шеберлікпен ұштастыра білген Гүлбану Түленқызы бүгінде  «Білім беру ісінің құрметті қызметкері». Өткен жылы «Үздік педагог-2024» сайысында қалалық кезеңнен облыстыққа, облыстық кезеңнен  жеңімпаз болып, республикалық деңгейге дейін бағын сынауы осындай жетістіктерінің көрсеткіші. Өз арманы мен биік мақсатын  ұлт болашағы ұрпақ тәрбиелеумен ұштастырып келе жатқан  ұстаздың қаншама шәкірттері  түрлі салада жемісті еңбек етуде.

Гүлбану Түленқызы өнегелі шаңырақтың отанасы,  5 перзент  тәрбиелеп отырған  алтын құрсақты ана. Ұстаз шәкірттерімен мақтанып, тұғыры биіктей береді. Ал Гүлбанудың мерейін үстем етіп, жүрегін шаттыққа бөлейтін шәкірттері мыңдап саналады.  Ендеше, ұстаз  бақытының сыры да осында жатыр.

                                                                 Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: