Сейсенбі, 25 ақпан, 12:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15,2128
25.02.2025
PDF мұрағаты

Ұстаз мерейтойына арналды

25.02.2025

67 0

Үлкенін ұлықтаған ел қашанда ұтылмайтыны анық. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған Жолдыбай Нұрымжанұлының 90 жас мерейтойына арналған аяқдоп сайысы – осы сөзіміздің айқын дәлелі. №212 мектеп-гимназиясында өткен дүбірлі додаға қала мектептерінен жиналған үздік аяқдопшы ұстаздар қатысты.

Жиында сөз алған Қызылорда облысы білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлнар Есқалиева мен «Сыр Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Марат Жайылханұлы, қалалық ардагер ұстаздар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мылтықбай Байымбетов тоқсанға толған ардагер ұстазды құттықтады. Ал Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Гуманитарлық-педагогикалық» институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сағат Тайманов Қорқыт ата атындағы университеттің «Үздік түлек» төсбелгісін табыстады.

Жолдыбай Нұрымжанұлы – ардагер-ұстаз. Бала жанының бағбанына айналған ол тарих пәнінен дәріс берді. Еңбек жолын 1957 жылы Шиелі ауданына қарасты «Тартоғай» кеңшарында жұмысшы болып бастаған ол кейіннен кіші есепші, радист болып еңбек етті. Ал 1966-1967 жылдары №153 Тартоғай орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарды. 1967-1973 жылдары Қызылорда қаласында №4 кешкі орта мектебінде шәкірт тәрбиелесе, облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасында тәлімгер болған. 1973-1976 жылдары №212 орта мектепте қызмет етті. Ұлағатты ұстаз 1976-1986 жылдары №253 орта мектепте директордың орынбасары болды. Ал 1986 жылдан зейнетке шығамын дегенше №212 мектеп-гимназияда шәкірттерді сапалы білім нәрімен сусындатқан.

– «Әрбір істің қайыры бар» деген қазақ. Өздеріңіз секілді мен де 40 жылға жуық шәкірттермен жұмыс істедім. Олардың алды ғалым және түрлі басқару орындарында жұмыс істеп жатыр. Қай уақытта болса да еңбек еткен адамның елеусіз қалмайтынын түсіндім, – дейді ардагер-ұстаз Жолдыбай Нұрымжанов футзалдың қорытынды кешінде.

Тартысты өткен футзал жарысында Сақтапберген Әлжанов атындағы №144 орта мектеп мұғалімдері І орынды қанжығасына байлады. Ал Жолдыбай Нұрымжанұлы еңбек еткен №212 мектеп-гимназиясы ІІ орынды еншіледі. С.Толымбеков атындағы №3 IT мектеп үздік үштікті түйіндеп, ІІІ орынға табан тіреді.

Кіші футзалдан үздік өнер көрсеткен жекелей ойыншылар да құрмет төріне шығып, марапатқа ие болды. Мәселен, №179 орта мектептің мұғалімі Қуаныш Оспанов «Үздік шабуылшы» атағын иеленсе, №173 орта мектептің мұғалімі Ұлан Нұрманов «Үздік қақпашы» атағына қол жеткізді. «Үздік қорғаушы» номинациясын «Бәйтерек.КZ» мектебінің мұғалімі Дастан Нұрланұлы марапатталды. Сонымен қатар, №212 мектеп-гимназиясының мұғалімі Әбдіқадір Шыңғыс «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды. «Үздік төреші» номинациясын Қожбан Дәулетхан, Жиенбай Самғат және Нұржан Серікболұлы марапатталды.

Кіші футзалға қатысқан одан бөлек, он командаға 10 мың теңгеден сыйақы табысталды.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: