Сенбі, 16 тамыз, 03:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№61,2174
16.08.2025
PDF мұрағаты

Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия

16.08.2025

46 0

Кеше елордада ұстаздардың республикалық тамыз конференциясы өтті. Оған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Биылғы жиын тақырыбы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» деп аталды. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру мәселесіне арналған басқосуда Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген мұғалім еңбегі өлшеусіз екенін айтып, ұстаздарға ризашылығын білдірді.

 – Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар.

Бүгін мен еліміздегі ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін! Шын мәнінде, мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Ыбырай Алтынсарин «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген. Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны бәрінен биік болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Адал азамат» мектеп қабырғасында қалыптасады». Бұл – ел Президентінің сөзі. Мемлекет басшысы ұлт болашағын тәрбиелеуде ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктелетінін атап айтты.

– Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін нақты реформаларды қолға алдық. Бұл – ауқымды әрі күрделі жұмыс. Бүгінге дейін біраз шаруа атқарылды. Елдегі саяси жүйе толық жаңғырды. Ұлттық экономиканың жаңа бағдары айқындалды. Қоғамымыз дамып, азаматтардың сана-сезімі өзгеруде.

Мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты басты орынға шықты. Билікте де «отбасылық жүйе» жоқ. Азаматтарды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен олардың білімі мен кәсіби білігі ескеріледі.

Қазір елімізде рухы азат, ойы еркін ұрпақ өсіп келеді. Заңды сыйлау, тәртіпке бағыну қоғамның мызғымас қағидасына айнала бастады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан жаңа сипатты ел болу жолына бет бұрды.

Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия

Бірақ өзгерістерді жасау – бір бөлек болса, оны біржола орнықтыру – бір басқа мәселе. Ол үшін, ең алдымен, қоғам санасы түбегейлі жаңғыруы қажет. Осы ретте сіздерге, яғни ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Себебі нағыз «Адал азамат» мектеп қабырғасында қалыптасады».

Ел Президенті жиында атап айтқандай, соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы екі есеге өскен. «Мен білім беру саласына айрықша мән беремін» деген Мемлекет басшысы Президент ретінде алғашқы шешімдердің бірі ұстаздарға қатысты болғанын да атап өтті.

– 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр.

«Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Былтыр 2 ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі.

Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс, – деді ел Президенті.

Уақыт талабына сай мұғалімдердің жаңа толқынын даярлау маңызды екені де жиында атап айтылды. Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінсе, педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейген. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болатыны да студенттер үшін жағымды жаңалық екені сөзсіз. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде соңғы жылдары мұғалім мамандығын таңдайтын жастардың қатары артқан. Былтыр 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагог мамандығына оқуға түссе, биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдаған. Бұл – барлық «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызға жуығы. Жиында ел Президенті оқушылардың жақында әлемдегі ең беделді жеті олимпиададан 27 медаль, халықаралық олимпиадалардан 1000-ға жуық медаль иеленгенін, бұл ұл-қыздарымыздың сапалы білімі мен терең ізденісі және ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі екенін де атап айтып, білім саласындағы жетістік аз емес екенін жеткізді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайтынын, алда атқарылар шаруа көп екенін де еске салды.

– Білім сапасын жақсарта түсу қажет. Қазір ғылым мен білім, технология өте жылдам өзгеріп жатыр. Кеше алған білімің ертең өзекті болмай қалуы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің білікті болуы – өте маңызды мәселе. Жоғары оқу орнында алған біліммен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті. Озық ойлы шәкірт тәрбиелеу үшін ұстаздар ұдайы ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы керек. Балалардың оқуға зейінін ашатын әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген абзал. Дамыған мемлекеттерде білім беру саласы ұлттық экономиканың тірегі, қозғаушы күші екені белгілі. Сондай елдердің тәжірибесін зерттеген жөн. Бірақ басқалардың бала оқыту үлгісін құр көшіріп әкеле салуға да болмайды. Озық тәжірибені үйреніп, оны еліміздің болмысына бейімдеу керек. Жалпы, білім беру стандарттарына, оқыту әдістемесіне, оқулыққа енгізілетін кез келген өзгерісті өте мұқият саралау қажет. Себебі білім саласында ешқандай қателікке жол беруге болмайды. Бір ғана қателіктің салдары өте ауыр болуы мүмкін, – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Қала мен ауыл мектептерінде білім беруде алшақтық болмауы керегі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Президент қала мен ауыл мектебіндегі білім беру деңгейін теңестіруді маңызды міндет ретінде атады.

– Соңғы төрт жылда 4 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңғыртылды. Оның басым көпшілігі – ауыл мектептері. Ауылдағы білім ошақтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңадан кітапханалар, асханалар мен спорт залдары салынып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек. «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты да – осы, – деді ел Президенті.

Жиында білім мен тәрбиені бөліп-жаруға болмайтыны да назардан тыс қалмады. Бұл орайда Мемлекет басшысы «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жететінін, білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болатынын атап айтты.

– Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Мектеп – білім мен тәлім-тәрбиенің киелі ордасы. Ұлы Абай «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген. Өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Біз жастардың адал әрі еңбекқор болып өсуіне ерекше мән беруіміз қажет. Ұл-қыздарымыз жақсы мен жаманның, ақ пен қараның арасын ажырата білуі керек. Биылдан бастап елімізде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Бұл бағдарламаны барлық мектеп, соның ішінде жекеменшік мектептер де қолданады. Сондай-ақ мен осы жобаны педагог мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына да енгізуді ұсынамын. Ұлттық білім саласындағы тәрбие жұмысында біртұтас жүйе болуы керек. Жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру қажет. Әрбір жас отаншыл, жасампаз, жаңашыл, білімпаз, еңбекқор, ұқыпты, үнемшіл болып өсуі керек. Сондай азаматтар ғана мәдениетті, қауіпсіз әрі «Заң мен тәртіп» үстемдік құратын қоғамның іргесін қаламақ.

Халқымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаған. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана, мұғалім және мемлекеттік органдар бірге жұмыс істеуге тиіс. Себебі жауапкершілік бәріне ортақ. Хакім Абай да «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан. «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ал бұл үштіктің өзегінде – еңбекқорлық идеясы болуға тиіс. Жас ұрпаққа еңбексіз ешқандай игілік болмайтынын үнемі түсіндіріп айту керек. Қоғамда масылдыққа жол бермеу қажет. Себебі бұл жол тек тығырыққа тірейді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы – осы бағыттағы нақты шараның бірі. Мен бұған дейін де айттым. Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады. Қолы таза адам жемқорлыққа бармайды, адал болады. Асыл қасиеттерді бойына сіңірген нағыз адал азаматтар Әділетті Қазақстанның тірегі болатыны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселден сақтау назардан тыс қалмауы тиіс екені де атап айтылды.  Көп уақытын интернет пен әлеуметтік желіде өткізетін жас ұрпақтың жалған идеялар мен мінез-құлықты бұзатын теріс тәрбиенің ықпалына оңай түсетіні белгілі. Бұл орайда мұғалім балалардың сыни ойлау қабілетін ұштау қажет.  Сондай-ақ бала қауіпсіздігі де басты назарда. Президент мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуға тиіс екенін атап айтты.

– Зорлық-зомбылыққа, әлімжетікте, яғни бул­лингке, қатігездік пен озбырлыққа мүлде жол берілмеуі керек.Соңғы екі жылда өскелең ұрпақтың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, кәмелет жасына толмағандарға қатысты жасалған кез келген зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза қатайды, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің құзіреті кеңейді.

Сондай-ақ тағы бір өзекті мәселе. Балалардың өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының, яғни суицидтің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Еліміздегі барлық мектепте «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орнатылды. Жаңа оқу жылынан бастап мектептер мен колледждерде әлімжеттікке, буллингке қарсы «ДосболLIKE» атты бағдарлама іске қосылады. Негізгі мақсат – балалар мен жеткіншектер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл бағыттағы маңызды жұмыс тоқтамайды, жасөспірімдердің құқығы мен мүддесін қорғау мәселесі әрдайым мемлекет назарында болады. «Не ексең, соны орасың» деген. Қазір біз бір қоғам болып жас ұрпақтың бойына қандай құндылықтарды сіңірсек, ертең ондаған жылдан кейін ұлтымыздың сапасы да сондай болмақ. Әділетті, Озық, Таза, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанның іргесі мектепте қаланады, – деді ел Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жиында  білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізуді тапсырды.

– Әлем  жаңа   технологиялық   дәуірге  қадам  басты. Оның басты нышанын инновацияның қар­қынды дамуы мен жасанды интеллектінің өмірімізге дендеп енуінен байқауға болады. Сондықтан бү­гінде «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдары егіз. Біздің міндетіміз – жаһандық үрдістерге бейімделу. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтарлықтай арттыруға үлес қосады. Бүгінде еліміздегі мектептердің 95 пайыздан астамы жылдам интернетпен қамтылған. Аталған көрсеткішті 100 пайызға жеткізу керек. Жерсерік жүйелерінің мүмкіндіктерін осы мақсатқа пайдалануға болады. Мұны жай ғана инфра­құрылымға теңдей қол жеткізу мәселесі емес, әлеуметтік әділдіктің маңызды идеологиялық қағи­даты ретінде қарастырған жөн. Сонымен қатар озық инновациялық тәсілдер ерекше қажеттілігі бар балалардың толыққанды білім алуына жол ашып, инклюзивті орта қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Елімізде мектепке немесе колледжге қабылдау, сондай-ақ басқа мектепке ауысу бойынша барлық негізгі қызметтер цифрлық жүйеге көшірілген. Электронды Үкіметтің мобильді қосымшасында білім саласына қатысты барлық ақпарат жиналған Bilim қызметі жұмыс істеп тұр, – деді Президент.

Бұл орайда мұғалімге артылар жауапкершілік жүгі де жеңіл болмасы анық. Себебі мұғалім  өз пәнін жетік біліп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керектігі де баса айтылды. Президент Үкімет пен әкімдер бұл жұмысқа баса мән беруі керектігін айтты.

Атап айтқанда, білім беру мекемелерін тиісті интерактивті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету керек. Оқытуға арналған цифрлық платформалар мен электронды оқулықтар барлық оқушыға қолжетімді болуға тиіс. Бұл ретте оқыту материалдары түгел мұқият сарапталуы керек. Президент «Балаларға жастайынан жасанды интеллект технологиясын оқытқан жөн. Бұл – бола­шақта жастарымыздың бәсекеге қабілетті озық маман болуына қажетті бірден-бір дағды. Бұл педа­гогтерге де қатысты. Мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, педагогикалық тәжірибеде жаңа технологияларды да қолдана білуі керек», – деді. Жалпы, білім беру саласын мүлдем жаңа сапалы деңгейге шығару үшін цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалану керек екенін айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жиында сөй­леген сөзінде «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды.

– Мұғалімнің құқығын қорғау мәселесі әрдайым басты назарда болуға тиіс. Мен сөз басында ұстаздардың өз міндетінен тыс жұмыстардан босатылғанын айттым. Бірақ кейде жергілікті билік өкілдері заң талаптарын өрескел бұзып жатады. Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы керек. Сондай-ақ балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдай үшін де мұғалімді жазалау орынсыз деп санаймын. Мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес. Алматы облысында түлектер арасында болған қайғылы жағдай үшін директор мен мұғалімдер жауапқа тартылып, жұмыстан шығарылды. Министрлік олардың мүддесін қорғап қалды. Дұрыс. Біз мұндай келеңсіздікке жол бермеуіміз керек. «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет деп санаймын. Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін мейлінше арттыру.

Тағы бір мәселе. Маңғыстауда балалар сапасыз тамақтан уланып қалғанын білесіздер. Осы сұмдық жағдайдан кейін мектептегі тамақтың сапасын қадағалау жұмысын Денсаулық сақтау министрлігі толығымен өз міндетіне алды. Бұл өте дұрыс шешім болды. Жалпы, білім саласы – мемлекет үшін стратегиялық мәні бар сала. Сондықтан құ­зырлы мемлекеттік органдар білім саласындағы мәсе­ле­лерден сырт қалмауы керек. Түптеп келгенде, балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе, – деді.

Ұстаздар бас қосқан жиында ел Президенті ұстаздың қоғамдағы орны мен еңбегін бағалап, тұтас ұлтты тәрбиелеп жатқан қажырлы еңбекті әрдайым жоғары бағалайтынын жеткізді.  

– Әлем тарихында білім-ғылымды басты орынға қойып, дамудың даңғыл жолына түскен, орасан зор табысқа жеткен елдер аз емес. Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс. Алдағы жылдары осы міндетті орындауға бар күш-жігерімізді салып жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Мемлекет басшысы ретінде мен үшін мызғымас басымдық.

Мен Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалаймын, сіздер жас буынға беріп жатқан білімнің күшіне сенемін. Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады.

Қазақстанның жарқын болашағы Сіздердің табан­ды еңбек­теріңізге тікелей байланысты. Себебі сіздер тұтас ұлтты оқытып, тәрбиелеп жатсыздар. Осы жауапкершілікті терең сезініп, қастерлі мін­детті абыроймен атқара бересіздер деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын түйінінде ел Президенті бір топ ұстаздарды мемлекеттік наградамен марапаттау туралы жарлыққа қол қойғанын және 5 мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағы берілетінін жеткізді.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: