Қала әкімі Нұржан Ахатов ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Мәдина Әліпбаеваны қабылдап, 80 жас мерейтойымен құттықтады. Ізгі тілегін білдірген шаhар басшысы мерейтой иесіне Қызылорда қаласы әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды.
– Ардагер ұстаз Мәдина Нұрасылқызының өнегелі өмір жолы мен табанды еңбегі баршаға үлгі. Сіз бала жүрегіне жол тауып, оны білім мен ізгілікке баулудың жауапты да, қадірлі жолын таңдадыңыз. Тәрбиешілік қызметтен бастап, мектеп басшысы лауазымына дейінгі барлық міндетті үлкен жауапкершілікпен атқардыңыз. Сізден тәлім алып, талай шәкірт түлеп ұшты, бүгінде олар әр саланың майталмандары. Мерейтойыңыз құтты болсын! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Шәкірттеріңіз әрдайым мерейіңізді үстем ете берсін, – деді қала әкімі.
Ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолы ұрпаққа үлгі. Мәдина Әліпбаева 1945 жылы 29 шілдеде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол 1962 жылы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінде білім алып, одан әрі 1968 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының тарих факультетінде оқуын жалғастырады. Еңбек жолын №6 балабақшада тәрбиеші болып бастаған Мәдина Нұрасылқызы 1969-1972 жылдары №212 қазақ орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі қызметін атқарады. Кейінгі жылдары қалалық партия комитетінің хатшысы, №140 мектепте оқу ісінің меңгерушісі, ал 1984 жылдан бастап 2000 жылға дейін Ғ.Мұратбаев атындағы №171 мектептің директоры болып қызмет атқарды. Ұлағатты ұстаз тек білім беру саласында ғана емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуда, рухани тәрбие беруде де алдыңғы қатардан көрінді. Мектеп қабырғасында «Шаңырақ» клубын құрып, жас ұрпақтың бойына салт-дәстүрді сіңіруге бар күш-жігерін арнады.
Мәдина Әліпбаева зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық істерден шет қалмай, бүгінде облыстық білім беру қызметкерлері ардагерлер кеңесінің белді мүшесі ретінде білім саласының дамуына үлес қосып келеді.
Ардагер ұстаздың мерейтойына орай өткен жиында бірқатар қадірлі қонақтар, замандастары мен шәкірттері Мәдина Әліпбаеваға ақжарма тілектерін арнады. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шакизат Төребаев, ардагер ұстаз Гүлзия Оспанова және ардагер Сайлаубай Әбішев ұстаздың өмір жолынан сыр шертер естелік айтты.
Ұстаздан тәлім алған шәкірті, «Отбасы банк» АҚ Қызылорда облыстық филиалының басшысы Әділжан Сәулебаев шәкірті ретінде алғысын білдіріп, гүл шоқтарын табыстады.
Жиын соңында мерейтой иесі Мәдина Әліпбаева қала басшылығына, әріптестеріне, шәкірттеріне алғыс білдіріп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан жандарға ізгі ниетін білдірді.
– Қызмет жолымда көптеген ұстазбен еңбек еттім, ұлағатты шәкірт тәрбиеледім. Бүгінгі күн – мен үшін үлкен мәртебе. Қала әкімдігіне, әріптестеріме, шәкірттеріме шексіз алғысымды білдіремін. Ең бастысы, ел аман болсын! – деді ардагер ұстаз.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!