Сейсенбі, 27 қаңтар, 01:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№7 (2219)
27.01.2026
PDF мұрағаты

Ұстазға құрмет, ғылымға тағзым

27.01.2026

44 0

Сыр өңірі – ұлт руханиятының бесігі болған құтты мекен. Топырағына Қорқыт қобызының үні сіңген бұл өлкеде әлем фольклорының мұрасына айналған талай жауһарлар өткен. Ұлттық әдебиеттану ғылымында өзіндік орны бар ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлының «Ғазиз жүрек», «Ұстаз ұлағаты», «Ізденіс іздері» және «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» атты еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бірінші оқу ғимаратында өткен жиынға зиялы қауым өкілдері, оқытушы-профессорлар, ғалымның достары мен бауырлары, студенттер қатысты.

Бағдат Кәрібозұлы 300-ден астам ғылыми-публицистикалық мақала, 10 монография, бірнеше әдеби-публицистикалық кітаптардың ав­торы. Оның жетекшілігімен жарық көрген қазақ әдебиеті мен руханиятына үлес қосқан 200 томдық «Сырдария кітапханасын» да айта кету керек.

Профессор Бағдат Кәрібозұлының «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы»  атты үш томнан тұратын кітабы баға жетпес туынды.  Жинақтың бірінші томында Жанқожа батыр туралы тарихи жырдан тұрса, екінші томы Сыр өңірінде тараған аңыз әңгімелерді баян­дай­ды. Үшінші томында қисса, дастандар жинақталған. Үш томдық фольклор антоло­гиясына ежелгі дәуірден бастап бүгінге жет­кен осындай халық шығармашылығы жинақ­талған. 2024 жылы баспадан шыққан «Ғазиз жүрек» атты кітап адамгершілік пен парасаттылықты өмір философиясына айнал­дырған жүрек сөзіне пара-пар. Бағдат Кәрібозұлы денсаулығына байланысты соңғы бір-екі жылда қиын күндерді басынан өткізді. Бірақ қолынан қаламы түспеген ғалымның 2025 жылы «Ұстаз ұлағаты» кітабы баспадан шықты. Тәлім мен тәрбиенің, ұстаздық өнеге­нің шежіресіне айналған бұл кітап ұстазы Зейнолла Қабдоловқа деген құрметі, перзенттік парызы.

– «Ұстаз ұлағаты» атты кітапта ұстазының бойындағы бітім болмысын айта отырып, Зейнолла Қабдоловты тануға да үлесін қосты. Антикалық деректерге сүйенсек, Александр Македонский әкесін өмір сыйлағаны үшін, ал ұстазы Аристотельді өмірді қалай сүруді үйреткені үшін ерекше құрметтеген. «Әкем маған тәлім берсе, ұстазым өмірлік жадымды берді», – деген еді. Кезінде Зейнолла Қабдолов  Мұхтар Әуезовтың ғалымдық, суреткерлік, ұстаздық болмысын өз көзімен көрген шәкірт ретінде «Менің Әуезовым» деген кітапта жазса, Бағдат Кәрібозов М. Әуезов туралы ойын айта келіп, менің ұстазым З. Қабдолов деп портреттік эссе жанрында ой қозғаған, – деді профессор Ұлжан Нахатқызы. 

Ғылым да, әдебиет те жанкештілікті қажет етеді. Үш кітап та автордың қиындықпен күре­се отырып, жанын ауыртқан науқасты жеңе отырып жазған туындылары. 2026 жылы баспадан шыққан «Ізденіс іздері» кітабы ав­тордың жанр теориясы, поэзиядағы ұлттық мінез туралы ғылыми тұжырымдары жазылған.

– «Ізденіс іздерінің» мазмұндық құрылы­мы бірнеше тақырыпты құрап, логикалық бай­ланысып, әдебиеттің ұлттық сипаты деген мәсе­леге тоғысып отырады. Бұл кітап әдебиетті тек көркем мәтін ретінде емес, талдап, ұлттық болмыс тұрғысында оқи­мын деген оқыр­манға бағыт береді. Жас зерт­теушілер үшін ғылымға бағыттайтын жол, – деді филология ғылымдарының кандидаты Гүлзира Сапарқызы.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің басшылығы, профессор-оқыту­шылар құрамы білім ордасына еңбегі сің­ген ғалым ұстаздарын ұлықтау, есімін осы қасиетті қабырғада мәңгі қалдыру мақса­тында дәрісхана, зертханалар ашуды жолға қойып келеді. Осы сабақтастықты жалғап, қазақ әдебиеттану ғылы­мына өз үлесін қосқан, ға­лымдық пен адам­дықты тең ұстаған көрнекті ғалым Бағдат Кәрібозұлының ғылыми бағы­ты мен тікелей қолдауының нәтижесінде жасақталған «Әдебиет теориясы» дәрісханасы ашылды.  Сыр өңіріндегі білім мен ғылым­ның қарашаңырағы тағылымы мол тағы бір дәрісханамен толықты.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: