Бейсенбі, 26 желтоқсан, 14:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ұстазы білікті, шәкірті білімді

12.11.2024

394 0

Жас ұрпақтың заман талабына сай білім мен ғылымды қатар игеру үшін мектептерде барлық жағдай жасалуда. Әр мектептің бағытын айқындау, соған сәйкес сынып кабинеттерін жабдықтау, қажетті құра-жабдықтармен қамтамасыз ету білім аламын деген балаға жасалған үлкен қолдау деуге болады.

С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейі – білім беруде жаратылыстану бағытына басымдық берген білім ордасы. Мұнда қазіргі таңда 900-ден аса бала тәлім алады. Іргесі 1964 жылы қаланған мектепке биыл 60 жыл толды. Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ордасы атаулы күнді кең көлемде атап өтті.

Білім ордасы ашылғанда алғаш басшылық еткен Қасымбек Ибраев сол кезден-ақ ұрпақтың сапалы білім алуына басымдық берді. Білікті басшы, тәжірибелі мұғалімдердің еңбегінің нәтижесінде аталған мектеп республи­ка бойынша белгілі білім ошағына айналған.

– Сол кезеңдегі барлық  педаго­гика­лық ұжым мектеп өміріне жаңашыл, тың  идеялар мен баста­маларды енгізді. Іскер басшы  өзге мектептермен тығыз байланыс ор­ната отырып мектеп мұға­лімдерінің іс-тәжірибесін, еңбегін рес­публика, одақ көлемінде таныта білді. Осын­дай еңбектің нәтижесінде 1968 жылы Қазақ КСР оқу-ағарту ми­нистр­лігінің шешімімен, №4 орта мектеп ұжымының төрт жылдық жұ­мы­сының нәтижесі Мәскеу қала­сын­дағы бүкілодақтық халық шаруа­шы­­лығы көрмесіне жіберіліп, І дә­­­­ре­желі «Алтын медаль» иеленеді. С.Сейфуллин атын­дағы №4 орта мектебі 2000 жылға дейін орыс-қазақ аралас мектебі болса, 2000-2001 оқу жылынан бастап қазақ мектебі болып бекітілді. Білім көкжиегіндегі 60 жыл ішінде оқу ордасы талай дарын­ды жастарды тәрбиелеп, қоғамда айшықты орны бар тұлғаларды тү­летті, – дейді мектеп директоры Алмат Рахметов.

Бүгінде С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейінде тәлім алатын 900-ден астам оқушыға 100-ден аса мұғалім сабақ берсе, оның 44-і – педагог-зерттеуші, 21-і – педагог-сарапшы, 29-ы – педагог-модератор, 19-ы мұғалім.

Осынша жыл ішінде қоғамға белгілі талай тұлғаларды түлеткен мектеп беделі қашанда жоғары. Мектеп ұжымы мемлекет және қоғам қайраткері Г.Әбдіқалықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, ғалым Қ.Бисенов, танымал әнші М.Сәдуақасова, белгілі күйші Е.Мұстафаев, өңірге танымал тұл­ғалар Б.Сәрменбаев, Қ.Сақтағанов сынды шәкірттерімен мақтанады.

2019 жылдан бастап С.Сейфуллин атындағы орта мектеп – «Ақпараттық технология мектеп-лицейі» болды. Ғылым мен технологияның дамыған заманында соған сай жабдықталған білім ордасының ұстазы білікті, оқу­шысы білімді болуы керек-ақ. Бұл ретте мектеп ұстаздары үнемі ізденуден жалыққан емес. Оның үстіне ІТ бағытындағы мектеп бол­ған­дықтан бүгінгі күннің талабына сай үлкен жауапкершілік артылған. Оқушылардың сапалы білім алуына мұнда бар мүмкіндік қарастырылған. 2020 жылы мектеп ұжымы Жапон елшілігінің «Шөп тамыры» бағдар­ламасы бойынша 30 миллион теңге грант иеленіп, аталған қаржы­ға мектеп ғимаратының есік-терезе­лері толық ауыстырылған. Соны­мен қатар биыл мектептің 60 жыл­дық мерейтойына орай облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қол­дауы­мен құны 958 миллион теңге болатын қосымша 300 орындық оқу корпусы мен 100 орындық асхана салынып, пайдалануға берілген. Бұған дейін акт залы, спорт залы, кітапхана мен қосалқы кабинеттері бар қосымша білім ғимараты салынған еді. Ал жақында мектеп түлегі, «Асар» ЖШС директоры Қанағат Сақтағановтың демеушілігімен мектептің 60 жыл­дық мерейтойына тарту ретінде 10 миллион теңге қаржыға мектеп ғимаратының шатырын жаңаланған. Десе де алпыс жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген білім ғимараты ескірген. Бұл ретте мектеп басшысы Алмат Бақытбекұлы келер жылы білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспар­ланғанын айтады.

– Мектеп түлегі, техника ғы­лымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов­тің қолдауымен мектепте математика кабинеті толық жабдықталып, оқу­шылар игілігіне берілді. Сондай-ақ   «Интегрострой» ЖШС-нің директоры Бақдәулет Ысқақовтың демеушілігімен мектептің ескі ғимараты сыртына күрделі жөндеу жүргізіліп, мектеп ауласы абаттандырылды. Мектеп тү­лектерінің қаржылай қолдауымен мектептің материалдық-техникалық ба­засы жаңғыртылып, мектепте қо­ғамдық негіздегі мұражай ашылды. Онда мек­тептің кешегі мен бүгінгі сәттерінен сыр шертетін құжаттар мен суреттер жинақталған.

Мектепте «Кәсіпкерлік және биз­нес негіздері» деген қосымша сабақ жүргізіледі. Алдағы уақытта мектеп түлегі, кәсіпкер Ибрагим Әбубәкіров­тің қызы Аида Ибрагимқызы оқу­шыларды кәсіпкерлікке баулуда қажетті құрал-жабдықтармен қам­тыл­ған арнайы каби­нетті, білім ор­дасының алғашқы директоры бол­ған Қ.Ибраевтың ұр­пақтары тарих кабинетін жабдықтап, оқушыларға сый жасамақ. Мектеп қабырғасынан бүгінгі күнге дейін 5000-ға жуық шәкірт білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан. Бұл – ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі, – дейді мектеп басшысы.

Мектеп ұжымы бала тәрбиесінде тек білім беруді емес, оқушылардың рухани дамуына да жағдай жасаған. Бұл ретте 40 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана жұмысын айта кеткен жөн. Жиырма жылдан бері мектеп кітапханашысы болған Сәуле Оспанованың балаларды кітап оқуға ынталандыруда еңбегі зор. Айтуынша, балаларды мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күн­нен бастап кітапханамен таныс­тырып, кітап оқу­дың маңызын түсіндіреді екен. 

– Кітапханамызда 40671 кітап қоры бар. оның 9767-сі көркем әдебиеттер. Оқушылардың кітапқа қызығушылығы көңіл қуантады. Сабақтан тыс уақытта кітапханаға келетін тұрақты оқырмандар бар. Балалардың сұра­нысы жас ерекшелігіне сай болады. Бастауыш сыныптағылар ертегілерді көп оқиды. Басым көпшілігі энцик­лопедияға қызығады. Шетел әде­биетінен «Гарри Потердің» кітабын қызыға оқиды. Сонымен бірге ақын­дар шығармашылығына сұраныс бар. Ал жоғары сынып оқушылары көбіне «Абай жолы», М.Әуезовтің әңгімелерін сұрайды. Оқушыларды кітап оқуға тартуда түрлі көрмелер, іс-шаралар ұйымдастырылады. Жалпы балалардың кітапты онлайн оқуына да, қолға алып оқуына да мүмкіндік бар. Алайда кітапты қолға ұстап оқығанның қаншалықты маңызды, пайдалы екенін ұғындыруға тырысамын, –  дейді кітапханашы.

Мектептегі білім беру ІТ бағы­тына басымдық бергендіктен мұнда «ДағдыLan» цифрлық дағдыларды дамыту жобасы қолға алынған. Жоба бойынша оқу-тәрбие процесін басқаруды автоматтандыру, нейро­технология, биофизика және жасанды интеллект, киберskills бағыттары қамтылған. Оқушылар осы бағытта білім алып, тәжірибе жасап ғылыми жобаларда үздіктер қатарынан көріну­де. Оның ішінде А.Серікбай, Л.Мұхтар, Д.Жұмаділ, І.Мейрамбекұлы, А.Манат­бек, А.Әбдінәби, И.Олжабай аталған бағытта жобаларын қорғап, мектеп абыройын асырып келеді.

Білім мен тәрбиені ұштастырып, оқу ісінде үздіктер қатарынан көрінген мектеп ұжымы сапалы білім, саналы ұрпақ қағидатын берік ұстанған. Сол жолда әлі талай түлектерді қияға қанат қақтырып, елім дейтін азаматтарды тәрбиелейтініне сенім мол.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: