Сенбі, 24 қаңтар, 11:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№6 (2218)
24.01.2026
PDF мұрағаты

Ұсыныстарым қоғамның қолдауына ие болды

24.01.2026

62 0

Мұрат ӘБЕНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ұсыныстарым қоғамның қолдауына ие болды

Өзім Ұлттық құрыл­тайдың эконо­микалық реформа секциясына қаты­сып, бірқатар маңызды мәселені ор­та­ға салдым. Соның бірі – банк сала­сының қызметін реттеу. Мерзімі өткен несиелері бар азаматтардың банк шот­тарын бұғаттау тәжірибесін қайта қарауды ұсындым. Өйткені бұл адам­ның жұмыс істеуіне, әртүрлі төлем жасауына кедергі келтіреді. Бір сөз­бен айтқанда, адам құқығын шектеумен бірдей. Мұны толығымен тоқтату немесе жартылай ғана бұғаттап, қаражаттың қалған бөлігін адам өзі пайдалана ала­тындай мүмкіндік жасалуы керек. Халықтың талап-тілегінен туған ұсынысыма сәй­кес банк қызметіне қатысты шешім қабылданды. Қатаң шаралар жүзеге асырылатын, онлайн несие берілмейтін болды. Несие алғысы келген адам банкке өзі барып, тіркелуі керек.

Білім және медицина саласы бойынша да кейбір түйткілдің түйіні осы жиында тарқатылғандай. Мен бұған дейін құр қаңқасы ғана бар, бірақ құрал-жабдығы жоқ жеке мектептердегі білім сапасы туралы айтқан едім. Мұндай оқу орындары адамды жұмысқа қабылдар­да көбіне еңбек шартын жасамайды. Уақыт­ша алады, онда да айлық жала­қысын дұрыс төле­мей­ді, зейнетақы жарнасын аудармайды. Президент құрылтайда кейінгі кезде өзіне жеке­меншік мектептерді қаржыландыру тетігіне қатысты азаматтардан келіп түсетін сауалдар жиілеп кеткенін айтты. Білім беру саласында мемлекеттік қаржыландырудың қолданыстағы тәр­тібі бұрмаланып отырғанын атап өтіп, оны шұғыл түрде түзету қажеттігін мәлімдеді. Осыған байланысты Үкімет­ке білім беру саласын мемлекеттік қаржыландыру механизмін жедел ре­формалауды міндеттеді.

Жиі сынға ілігетін медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығы ту­ралы мәселе де көтерілді. Мемлекет басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорындағы ке­шенді тексеріс нәтижесінде көптеген заңбұзушылық деректері анықталғанын айтты. Үкіметтің аталған сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарауына беру жөніндегі шешімін құптады.

Халықтың әлеуметтік ахуалын арттыру бағытында берген ұсыныста­рым қоғам тарапынан зор қолдауға ие болғанын айтқым келеді.

Ұсыныстарым қоғамның қолдауына ие болды

Өте маңызды шешімдер қабылданды

Райкүл БАЙНАЗАРОВА, облыс­тық әйелдер кеңесі қоғамдық бір­лестігінің төрайымы:

Биылғы жылдың ең басты жаңа­лығы – Алаштың анасы атанған Сыр өңірінде Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының өтуі. Құрылтай отырысында мемлекет, қоғам алдында тұрған маңызды мәселелер сараланып, саяси салмағы бар шешімдер қабыл­данды. Мемлекет басшысы Қызылорда облысында кейінгі үш жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді.

«Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңа­лық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көп бейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады.

Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәти­жесі» – деді Президент. Тағы бір жаңалық, осыған дейін Астана, Алматы қалаларында президенттік кітапхана құрылысы басталған болса, енді осындай заманауи кітапхана біздің облыста салынбақ.

Мемлекет басшысы Құрылтайда сөйлеген сөзінде еліміз ауқымды саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам бас­қалы тұрғанын, алдағы парламенттік реформа көптеген өзгерістердің өзегі болатынын атап айтты. Осы орайда Құрылтайда ел ертеңі үшін қабылдан­ған реформаларды құптаймыз және қолдаймыз!

Ұсыныстарым қоғамның қолдауына ие болды

Жасампаздық пен жауапкершілік құндылықтары

Елена ПАК, «Ассамблея жаста­ры» республикалық қоғамдық бірлес­тігі облыстық филиалының төрағасы:

Мен үшін биылғы жыл жан жадыратарлық жаңалықтарға толы, жүрекке қуаныш ұялатқан тарихи сәттен басталды. Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан «Шапағат» медалін алдым.

Бұл марапат жеке жетістігім емес, ең алдымен, мені үнемі қолдап келе жат­қан жақындарымның, әріптестерімнің және ел бірлігі жолында талай жылдар бірге еңбек етіп жүрген жандардың ортақ еңбегіне берілген баға деп білемін. Жоғары марапат маған ел игілігі жолында аянбай қызмет етуге, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға, аза­маттардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған еңбегімді жаңа жауапкершілікпен жалғастыруыма зор серпін береді. Осы ретте «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі жылдар бойы жастар ара­сында ынтымақты нығайтуға, қоғам­дағы өзара түсіністік пен келісімді сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондай-ақ жастар отаншылдық пен ынтымақтастық, жасампаздық пен жауапкершілік сияқты басты құнды­лықтарды дәріптеу жолында айрықша рөл атқаруда.

«Ассамблея жастары» еліміздегі бірқатар маңызды жобалардың баста­машысына айналды. Қазір респуб­ли­калық ұйым 10 мыңға тарта жасты біріктіріп отыр.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауларында, «Түркістан» газетіне берген сұхбатында, кешегі Ұлттық құрылтайда жастарға зор сенім артатынын айтып келеді. Біз­дің қаламызда өткен алқалы жиын тарихымызға жазылатын маңызды оқи­ға болды. Онда Қызылорданың даму қарқынына Президентіміз де, келген қонақтар да жоғары баға берді. Біз ту­ған жеріміздің әр жетістігін мақтан тұтамыз.

Ұсыныстарым қоғамның қолдауына ие болды

Тарихи бетбұрыс айқындалған жиын

Самұрат ИМАНДОСОВ, Қы­зылорда облысының құрметті азаматы:

Қызылордада Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төраға­лығымен өткен V Ұлттық құрылтайда келелі мәселелер, байып­ты бастамалар сөз болды. Алдымен «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірінің дамуын жоғары баға­лаған Президент облыс әкімінің атқарған жұмысына оң баға берді. Бұл біздің аймаққа деген үлкен ықылас, шын құрмет десек, артық айтпаспыз.

Иә, Сырда өткен құрылтайда ел тағдырына тікелей қатыс­ты ой айтылып, тарихи бетбұрыстар айқындалды. Президент сөз еткен­дей, бұл басқосу Қазақстандағы ауқымды реформалардың негізгі қозғаушы күші болғандай. Енді ел сенімін нығайтатын көптеген жақсы ұсыныстардың нақты қолға алынатыны анық. Әрі мемлекет басқарудағы халық үнін есту, ұлт санасын жаңғыртуға деген нық қадамдар тоқтамайды. Парламент қызметін түбегейлі қайта құру идеясы, оның құзіретін кеңейту, Халық кеңесі институты, вице-президенттік құрылым мен цифрландыру туралы Мемлекет басшысының пайымдары құптарлық.

Қуантатыны – Арал мен ондағы экологиялық ахуалдың Президент назарында тұрғаны. Қазіргі су дең­гейін ұстап тұрған Көкарал бөгетін қайта биіктету, Халықаралық су ұйымын құру мәселесі, су саяса­тында көрші мемлекеттермен диплома­тия­лық мәмілеге келу жайлы осы келелі жиында кеңінен айтылды.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Сыр елінің еңбекқорлығын, ұйымшылдығын жоғары бағалады. Туған жерге деген сүйіспеншілік, жанашырлық пен тазалық жағынан өзгелерге үлгі екенін ерекше айтып өтті.

Мемлекет басшысы атап өткен­дей, Қызылордада құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Заманауи кітапхана, драма театр құрылысы осы жылы басталмақшы. Ең бастысы – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автобанының Қызылорда-Ақтөбе бөлігі кеңеймек. Қазіргі екі жолақтан төрт жолаққа ауысады. Сондай-ақ өңірге қатысы бар «Бейнеу-Сексеуіл» жолының құрылысы да басталады. Бұған қосымша «Қызылорда-Жез­қазған» жолының қалған бөлігі осы жылы аяқталады. Жалпы жалғыз бізде ғана емес, республика бойынша да бұрын болмаған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асады.

Құрылтай соңында бір топ азамат мемлекеттік наградамен мара­патталған еді. Елдің экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық дамуына елеулі үлес қосқандар қатарында өзім де болғаныма қуандым. Мемлекет басшысы І дәрежелі «Барыс» орденін тақты. Бұл менің ғана емес, Сыр елінің еңбек адамдарының абыройы деп білемін.

Ұсыныстарым қоғамның қолдауына ие болды

Ел дамуының жаңа кезеңі айқындалды

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ, облыс­­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Ықылым заманнан елдік мә­селелер таразыға түскен сындарлы сәтте келелі кеңес өткізілетіні тарихтан белгілі. Тарихи сабақтас­тықтың заңды жалғасы ретінде Тәуелсіз қазақ елінде 2022 жылдан бері Ұлттық құрылтай жиыны өтіп келеді.

Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысы Сыр өңірінде өтті. Бұл жолғы жиынның мәніне үңілсек, осыдан бір ғасыр бұрын ұлт бола­шағы үшін шешім қабылданып, «қазақ» атауы қайтарылған V съезден соң, араға бір ғасыр уақыт салып, бесінші құрылтай отырысының тағы да Қызылордада өтуі бекер емес.

Жиында ел дамуының жаңа кезеңі айқындалды. Бесінші құрылтай отырысы қоғам өмірінің барлық саласындағы мәселелерді қамтыды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, ұлт тәрбиесінен бастап, ел болашағына дейінгі аралық, білім мен ғылым, экономикалық мәселелер назардан тыс қалған жоқ.

Құрылтай жиынында көтерілген ең өзекті тақырыптың бірі – пар­ламенттік реформа. Жиында ел Президенті атап өткендей, биыл ел болашағына тікелей ықпал ететін маңызды кезең болмақ. Бір палаталы Парламент құру, жаңа парламентке «Құрылтай» атауын беру ұсынысы – тарихи сабақтастық екені даусыз.

Сондай-ақ жиын өткен Сыр топырағының қасиеті мен қадірін тілге тиек етіп, «Сырдың елі – жырдың елі» екенін атап айтып, Мемлекет басшысының: «Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қам­қорлықпен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін» деген пікірі бірлігі бекем елдің нәтижелі еңбегіне берілген баға дер едім.

Ұлт бірлігін бекемдеген Ұлт­тық құрылтай отырысынан кейін ел дамуы үшін оң өзгерістер болатынына күмән жоқ.

Ел игілігі жолында жаңа бастамалар жүзеге аса бермек

Ұсыныстарым қоғамның қолдауына ие болды

Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ, Қызылорда қалалық мәслихат төрағасы:

Қызылорда қаласында өткен Ұлт­тық құрыл­тайдың  V отырысында елі­міздің болашағын айқындайтын ең маңызды мәселелер қаралды.

Әділетті, қуатты, қауіпсіз әрі таза Қазақстанның тұғырын одан әрі нығайту, заман талабына сай бейімделу мақсатында іске асатын парламенттік реформа аясында Ата Заңымыздағы өзгерістер ауқым­ды болмақ. Бұл реформа жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар болатыны айтылды. Әрине, бұл өзгерістер бүкілхалықтық рефе­рендумда қолдау тапқанда орын алады. Мемлекеттік билік рефор­малары бір палаталы парламент-құрылтайға көшу, халық кеңесін құру, вице-президент лауазымын енгізу  биліктің әлеуетін арттырып, мемлекетіміздің дамуына серпін беретін болады.

Құрылтай жиынында еліміздің әлеуметтік – экономикалық, саяси, мәдени дамуына қатысты бағыт-бағдар айқындалып, құзырлы орган­дарға нақты тапсырмалар берілді.

Ұлттық құрылтайдың V қоры­­тынды отырысына құрылтай мүше­ле­рімен бірге, бір топ Сыр өңірі­нің азаматы қатысып, мемле­кеттік наградалар алды. Бұл бүгінде қа­рыштап дамып, өзге өңірлерге үлгі болып жатқан Қызылорда облысына деген Мемлекет басшысының құрметі деп білеміз.

Кейінгі кездері Қызылорда об­лысы заман талабына сай өсіп, өр­кендеп жатқанын айтқан Мемлекет басшысы «Мен Сыр елі жұрт­шылығы бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншыл­дықты көремін» деп ерекше тоқталды.

Қызылордада 300 орынға ар­налған көпбейінді аурухана құры­лысы басталды, көп ұзамай Пре­зидент  тапсырмасына орай 500 орындық емхана, 200 орындық пер­зентхана салынатын болады. Жос­парланған автомобиль жолдары, түрлі нысандар іске қосылғанда облыс әлеуеті әлдеқайда артып өңіріміз өркендей түседі. Ел игілігі жолындағы жаңашыл бастамаларға ұйытқы болып, алға жетелеп, халық алғысына бөленіп жүрген облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлына да ризашылығымызды білдіреміз.

Ал мен үшін ең әсерлі сәт Ұлттық құрылтайда Президент қолынан «Парасат» орденімен марапатталуым болды. Бұл марапат менің қоғам алдындағы жауапкершілігімді есе­лей түседі. Мемлекет басшысына үлкен құрметіміз бен шынайы ықыласымызды білдіреміз.  Тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, баянды болсын.

Ұсыныстарым қоғамның қолдауына ие болды

Бұл марапат – жерлестерімнің де мерейі

Сәби Аңсат, қоғам қайраткері: 

Қызылорда қаласының ел астана­сы болғанына 100 жыл толуына бай­ланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бесінші әрі тарихи құрылтайды Сыр өңірінде өткізуді ұйғарды. Бұл өңір тұрғындары үшін қолдау әрі зор мәртебе екені рас.

Кейде көпшілік арасында осы құрыл­тайлар не шешіп жатыр деген ой болатыны жасырын емес. Өзім жиынға бастан-аяқ қатысып, Мемлекет басшысының бағдарламалық баяндама­сын тыңдап, осыған дейін атқарылған жұмыстарға қанық болдық. Өзге де мәселелердің шешімін жариялаған кез­де мұның елге қажет, экономикалық, әлеуметтік және рухани дамудың кепілі деуге тұрарлық маңызды шара екеніне көзіміз жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлының баяндамасы сондай ұғы­нықты болды, көңілімізден шықты. Құрылтай Қазақстан экономикасының дамуына, әлемдік аренада өз орнын табуына ықпал еткені рас.

Ұлттық құрылтайда ел Президен­ті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеу­меттік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса 40 медицина нысаны ашылды. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табан­ды жұмысының нәтижесі», – деп атап көрсетті. Расында, аймаққа әкім боп келгелі Нұрлыбек Машбекұлының ат­қарып жатқан істерін көзіміз көріп, сол нысандардың салтанатты ашылуларына қатысып жүрміз. Бұл құрылтай тарихи оқиға болып қалады.

Дәл осы тағдыршешті жиында Президент қолынан мемлекеттік мара­пат – «Парасат» орденін алдым. Мұны мен еңбегімді қолдап жүрген барлық жер­лесімнің мерейі деп есептеймін.

Ұсыныстарым қоғамның қолдауына ие болды

Сыр өңірі – еңбек пен бірліктің жарқын үлгісі

Мұрат ТЛЕУМБЕТОВ, Қызыл­орда облыстық мәслихатының төрағасы:

Тарихи тамыры тереңде жатқан Құрылтай дәстүрінің бүгінгі жаңғы­руы – ел бірлігінің, қоғамдық келісім мен ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сыр елінде өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел дамуының стратегиялық бағыттарына кеңінен тоқталып, саяси реформалар, әділетті қоғам құру, экономиканы әртараптандыру, ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесі, заң мен тәртіп үстемдігі сынды аса маңызды мәсе­лелерге ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Сыр бойы – нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан 100-ге жуық Еңбек Ері шыққан. Әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевты халқымыз ерен еңбектің символына балайды» деп атап өтті. Президент сөзінен Сыр жұртшылығының еңбекқорлығы мен азаматтық жауапкершілігіне деген ерекше сенім аңғарылды. Бұл – жай ғана баға емес, ел дамуына адал қызмет етіп жүрген жандарға көрсетілген зор құрмет. Қызылорда облысының заман талабына сай қарқынды дамуына, аймағымыздағы автокөлік жолының са­пасы, әуе және теміржол жүйелерінің жаңғыртылуы, Кіші Аралды қалпына келтіру, Көкарал бөгетін биіктету шаралары, облыс орталығымен қатар, әр ауылдың көз тартатын тазалығы, облыс орталығындағы жаңа тарихи-өлке­тану музейіне ерекше тоқталды. Ауқым­ды инфрақұрылымдық жоба «Батыс Қы­тай – Батыс Еуропа» автодәлізі мен «Бей­неу – Сексеуіл» жолының құрылысы­ның басталатынын жеткізді. Бұл – өңір хал­қы үшін үлкен қуаныш.

Осындай тағылымды әрі тарихи басқосуда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан «Парасат» орденін алу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.

Сыр жұртшылығының, халық қа­лаулыларының атынан және өз атымнан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына шынайы алғысымды білдіремін. Көрсетілген жоғары сенім мен құрметті ақтау – мен үшін бас­ты парыз. Біздің басты міндетіміз – өңіріміздің дамуына нақты үлес қосу және Мемлекет басшысының бастама­ларының табысты жүзеге асуына бірлесе атсалысу. Еліміздің іргесі берік, бірлігі мығым болсын! Құрылтайда қабылданған шешімдер ел игілігіне қызмет етсін!

Ұсыныстарым қоғамның қолдауына ие болды

Әлеуметтік салаға қамқорлығы мол

Абдулла ШҮЛЕНБАЕВ, денсау­лық сақтау саласының ардагері

Сыр өңірінде V Ұлттық құрылтай өтті. Сала ардагері ретінде қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, ел дамуының басым бағыттары айқын­далатын ауқымды шараға құлақ түрдік. Президент қатысуымен өткен бұл жиында көтерілген ұсыныстар мен бастамалар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты ны­ғайтуға, ұлттық бірлікті сақтауға және қоғамдық келісімді дамытуға ықпал етеді. Құрылтай жұмысы халықтың пікірін ескеруге, әлеуметтік, мәдени және рухани құндылықтарды жаңғыртуға бағытталғанымен құнды. Мұндай форматтағы кездесулер елдің тұрақты дамуына және стратегиялық мақсаттардың іске асуына негіз болады.

Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:  – Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құ­рылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады. Бір сөзбен айт­қанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмы­сының нәтижес, – деп аймақта жасалған жұмыстарға жоғары баға берді.

Расында да Сыр өңірі қай саланы алсақ та, көш ілгері келеді. Әсіресе облыс халқының денсаулығын жақсарту мақсатында жасалған әрбір игі іске көңіліміз қуанып, мерейіміз тасып отырамыз. Халқымызда «Ауылына қарап, азаматын таны» деген қанатты сөз бар. Облысымыздың қазіргі дамуы – ай­мақ басшысының тас-түйін, тынымсыз тіршілігінің жемісі. Азаматтарға аттан түсірмес абырой берсін! Сыр елі қарыштап дами берсін!

Кіші Арал суын көбейтуге мүмкіндік бар

Айтбай КӨШЕРБАЕВ,  қоғам қайраткері:

Ұлттық құрылтай ел дамуы үшін маңызды қоғамдық диалог алаңы болғанын көрсетті. Сыр өңірінде құрылтай өткізу – тарихи әділеттіліктің белгісі әрі ұлттық мемлекеттілікке бастау болған аймаққа көрсетілген құрмет. Жиында көтерілген тіл, мәде­ниет, өңірлерді дамыту, әлеуметтік әділеттілік мәселелері қоғамның нақты сұранысынан туындап отыр.

Бұл құрылтайдың басты құндылы­ғы – халық үні ескеріліп, ұсыныстар нақ­ты шешімдерге ұласуы тиіс деген ортақ жауапкершіліктің айқын сезілуі.

Сыр өңірінде өткен құрылтайдың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын көруге болады. Мемлекет басшысы­ның өзі ризашылығын білдірді. Елдің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалудың мәні үлкен. Бұл ретте Президент депутаттар санына қатысты мәселе қызу пікірталас туғызғанын да ашық айтты, бұл мәселенің де аражігін ашып берді. Шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құрудың маңызы зор. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда ба­рынша қолдау көрсетуге тиіс.

Сонымен қатар Президент Қызыл­ордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емесін де жеткізді. Расында Арал – бір елдің ғана емес, тұтас Орталық Азияның ортақ мәселесі. Сондықтан трансшекаралық өзендерді тиімді басқару, су үнемдеу технология­­сын енгізу, халықаралық ынтымақтастық­ты күшейту – басты міндеттердің бірі. Экологиялық сана қалыптастыру мен ғылыми зерттеулерді қолдаудың маңызы зор. Бұл ретте Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынғанын, жоба осы жылдың соңында басталатынын өзі айтты. Енді Кіші Арал суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады. Арал тағдыры – табиғатқа нем­құрайлы қараудың ащы сабағы. Оны сақтау – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Табиғатпен үйлесімді даму жолын таңдаған жағдайда ғана Аралдың болашағына үмітпен қарауға болады. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, ел тағдырына қатысты ең күрделі мәселе­лерді қазақ халқы үнемі құрылтайда, би­лер кеңесінде отырып шешкен. Ел бірлігі, жер тұтастығы, жұрттың амандығы бәрі­не ортақ ақылдасу алаңында талқылан­ған, шешім шығарылған, ортақ заң қабылданған. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай сол ата дәстүрдің заманға сай жаңғыруы деп білемін.

Қызылорда таңғалдырумен келеді

Жанарбек ӘШІМЖАН, ҚР Пар­ламенті Мәжілісінің депутаты    

Тәуелсіз  Қазақстанның тарихында­ғы тағдыршешті құрылтай Қызылорда жерінде өтті. Бір ғасыр бұрынғы бесінші съезд туралы тарихтан оқып білдік. Ақмешіттің төріндегі жиында Алаштың ұлы тұлғалары елдің іргесін бекіткен, тәуелсіздікке ұмтылған арман-аңсарын, идеяларын қанаттандырған құжаттарды қабылдады.

Қызылордада өткен алқалы жиын құрылтай мүшесі, Мәжіліс депутаты  ғана емес, қазақтың отаншыл, мемлекетшіл азаматы ретінде мені ерекше тебірентті. Бұл жолғы құрылтай Қызылордаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтардың ғана емес, ел-халықтың үмітіне қанат бітірді.

Секциялық отырыстар өтті,  соның арасынан бос уақыт тауып, Қызылордада соңғы уақытта салынған әлеуметтік нысандарды, жұртшылық игілігіне айналған инфрақұрылымдық жобаларды көріп шықтық. Бұл қалаға бірінші келуім емес, бірақ кейінгі жылдардағы Қызылорданың түлегені ерекше қуан­тады.  Жол құрылысы, газдандыру, ауызсу, ыстық су, әлеуметтік мәселелер шешімін тапқан, халықтың әл-ауқаты жақсарған. Бұл – облыс тізгінін қо­лына ұстаған Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың еңбегі. Мұны Мемлекет басшысының өзі атап өтті. 

Әрине, Президенттен асырып баға бере алмаспыз, дегенмен өзіміз көзбен көрген игіліктерді жақсы қабылдадым және оны басқа өңірлерге де үлгі етіп айтып жүремін. Қызылорда облысының аудан орталықтарының барлығы шойын жолдың және үлкен жолдың бойында  орналасқан. Халықтың сол жерде тірші­лігін жасауына жол, газ жүргізілген, мәде­ниет, спорт, медицина нысандары салынған, әлеуметтік саланың мәселелері жолға қойылған. Қалаға келіп түскен азаматтарды соңғы үлгідегі заманауи әуежай қарсы алады. Бұл – еліміздегі ең үлкен терминалдардың бірі, аймақ басшы­сының жүзеге асырған инвестиция­лық жобасы. Оның игілігін халық көріп отыр.

Әуежайға табанымыз тигеннен өңірдің тыныс-тіршілігін, Ұлттық құрыл­тайға дайындықты сезіндік. Ұйым­дастыруға бүкіл басқармалар, депар­таменттердің, «Аманат» партиясының азаматтары жұмылған. Жолға шығардың алдында атақты жырау Алмас Алматов ағамыздың үйінде қонақта болдық. Жыраудың шәкірттерінің ғажайып жыр­ларын тыңдадық, ағамыздың жеті жастағы немересі құманы мен ора­малын ыңғайлап, қолымызға су құйды.  Қысқасын айтқанда, облыстың басшысынан бастап, жеті жастағы балаға дейін қызмет жасады. Бұл дегеніңіз елдің бірлігін, тұтастығын, көші дұрыстығын білдіреді.

Қызылорда Қазақ елін өнер, мә­дениет бағытында ғана емес, осындай ерекшеліктері арқылы таңғалдырумен келеді. Бұған дейінгі төрт құрылтайдың салмағы өз алдына бөлек, әрқайсына өзіндік баға берілді. Түйінді Мемлекет басшысы Қызылорда құрылтайында жасады.

Сыр жұртшылығы жергілікті ат­қарушы билігі, мәслихат депутаттары, елдің ақсақалдары, әсіресе, кәсіпкерлері жиылып, облыс басшысының жанынан табылды, қонақтарға өте жоғары дең­гейде қызмет көрсетті. Мұны Қазақ елінің қай түпкіріне барсақ та, үлгі етіп айтып жүреміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: