Бүгінде қала күн өткен сайын өркендеп келеді. Демалыс орындары да көбейді. Алайда көңілге қаяу түсіретін көріністерде бар. Соның бірі – тым жақсы дүниені қирату, сындыру, бүлдіру. Кеше автобусқа міндім. Орындыққа ойып тұрып атын жазған. Құрбыммен кешке қарай серуендеуге шықтық. Кешкі қала көрінісі әдемі. Самалдай жап-жарық. Скамейкаға көзім түсті. Жүрек суретін салып, қыздың есімін жазыпты. Әне бір жерде екі жас әңгіме айтып отыр. Сәлден соң әрі қарай кетті. Орнында тәтті сусын ыдысы, балмұздақ қаптамасы қалды. Дәл жанында қоқыс жәшігі бос тұр. Бір сөзбен айтқанда қаланың көркін бұзатындар әлі де аз емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вандализмге туралы:
– Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын – бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет , – деген болатын.
Расында, ортақ мүлікке ұқыппен қараған жөн. Бүгінде өңіріміз қарқынды даму үстінде. Кескін-келбеті келіскен келісті ғимараттар мен сәулеті жарасқан зәулім кешендер бой көтеруде. Демалыс орындары мен қызмет көрсету сапасы да күн санап артып келеді.
Алайда вандализм – бүлдіру мен қирату әрекеті бұл көріністерге көлеңке түсіруде. Мұндай өрескел қылыққа барғандарды вандалдар деп атайды. Бүгінде вандализм дерті кеңінен белең алуда. Ойын алаңдары, саябақтар, аялдамалар, тіпті қоғамдық көліктердегі орындықтарға дейін шимайланып, бүлінгенін көргенде еріксіз қынжыламыз. Кейде сындырып кетуден де тайынбайды. Тарихи ескерткіштерді қиратып кету – елімізде жиі кездесетін өкінішті жайттардың бірі. Ал вандалдарға тұсау бар ма?
Вандализммен күрестің ең тиімді жолы – тәрбие. Бұл мәселеге тек мектеп немесе құқық қорғау органдары ғана емес, ең алдымен әр отбасы жауапты болуы тиіс. Әр ата-ана баласына ортақ мүлікке, тарихи ескерткіштерге жанашырлықпен қарауды үйретуі керек. Тәрбие тек сөзбен емес, іс-әрекет арқылы беріледі. Егер ата-ана өзі көшеге қоқыс тастамай, қоғамдық орындарды таза ұстаса, баласы да соған ұмтылады. Ал тәртіпті тек сырттан талап ету нәтиже бермейді.
– Вандализм – тек физикалық зақым емес, бұл – ішкі күйзеліс пен наразылықтың сыртқа шығу үдерісі. Көбіне вандализмге бейім адамдар отбасындағы жылулыққа зәру болып келеді. Сөзі еленбей, ортасында буллингке ұшыраған жандар арасында жиі кездеседі. Мұндай әрекеттердің артында «қоғамда өз орным жоқ» деген сезім, ешкімге керек еместігін сезіну жатады. Вандализмнен арылу жолына келсек, ең алдымен мұндай адамды жазғырып, кінәлаудың қажеті жоқ. Бұл – агрессия деңгейін арттырады. Ең алдымен, не себепті бұл істі жасағанын анықтап алу қажет , – психолог дейді Асыл Болатқызы.

Бүгінгі жастар – ертеңгі ел иесі. Ал вандализмнің құрбаны болу – жастарға жат қылық. Сол себепті оларды мәдени құндылықтарды қадірлеуге баулу аса маңызды. Қоғамдық жұмысқа, еріктілер қозғалысына қатыстыру, тарихи орындарды танып-білуге ынталандыру – вандализмге қарсы нақты бір қадам.
– Бос уақытты дұрыс пайдалану қажет. Жастарды қызықты үйірмелерге, спорттық секцияларға, шығармашылық орталықтарға тарту – олардың теріс әрекетке бармауына жол ашады, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Анес Айханым.
Расында бос уақыттың көп болуы адам психологиясына да кері әсер ететінін естен шығармайық. Көше мәдениеті емес, өз мәдениетімізбен танылуға ұмтылайық.
Айдана Бахтияр
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!