Кеше Үкімет басшысы Олжас Бектенов вегетациялық кезеңді өткізу мәселесі бойынша кеңес өткізді. Онда еліміз бойынша, сондай-ақ су тұтынудың 97%-ын құрайтын оңтүстік өңірлердің ахуалы, ауыл шаруашылығында егіс құрылымын қазіргі жағдайға бейімдеу және ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша ауыл шаруашылығында қабылданып жатқан шаралар қаралды. Кеңесте Шу, Талас және Сырдария өзендеріндегі жағдай, су бөлудегі ашықтықты қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды. Су үнемдеуді ынталандыру мақсатында елімізде егіндік суға арналған субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді: су үнемдеу технологияларын пайдаланатын шаруалар үшін субсидия мөлшері жоғары болады. Сонымен қатар суды заңсыз пайдаланумен күресу және су ұрлау фактілерінің алдын алу шаралары қабылдануда.
Премьер-министр шаруалардың қажеттіліктерін су ресурстарымен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығының сұраныстарын қанағаттандыру көбірек назар аударуды талап ететінін атап өтті.
– Тиімділікке, үнемділікке және ведомствоаралық келісімділікке баса назар аудара отырып, су тәуекелдерін алдын ала басқаруға көшу қажет. Облыс әкімдері сумен жабдықтау ұйымдарының егіндік сумен шаруаларды қамтамасыз ету, суару технологияларын сақтау, суару реттілігі және коллекторлық-дренаждық суды қайта пайдалану жөніндегі іс-қимылдарын үйлестіруді қамтамасыз етуі тиіс. Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту қажет. Мүдделі мемлекеттік органдар мен фермерлер бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен вегетациялық кезеңде су тәуекелдерін басқару жөніндегі өңірлік штабтар құруды тапсырамын. Суды заңсыз пайдалануды бақылауды күшейту және заң бұзушылықтарды анықтау жұмыстарын жандандыру маңызды, – деді Үкімет басшысы.
Кеңес барысында су ресурстары және ирригация министрлігіне көршілес елдермен трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастықты нығайту, су беру лимиттерін бақылауды күшейту және жедел әрекет ету, құрылыстарға жөндеу жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ спутник деректерін пайдалана отырып және интерактивті карталарда су тапшы аймақтарды көрсету арқылы суды пайдаланудың цифрлық мониторингін енгізуді қамтамасыз ету қажет.
Су мәселесін талқылаған кеңеске облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режимде қатысып, аймақтағы жағдайды баяндады.
– Биыл Қызылорда облысында 189400 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Үкімет бекіткен Жол картасына сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда күріш алқаптары 4700 гектарға қысқартылды. Оның орнына суды аз қажет ететін малазықтық және майлы дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылды.
Егісті сумен қамтамасыз етуге 3 млрд 900 млн текше метр су лимиті бекітілген. Облыста егін егу жұмыстары аяқталып, күріш 80900 гектарға себіліп, суға толық бастырылды. Суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында тиісті министрліктермен бірлесіп, бірқатар шара атқарылуда, – деді аймақ басшысы Н.Нәлібаев.
Бүгінде лазерлік тегістелген күріш алқаптарының көлемі 60 мың гектарға, ал су үнемдеу технологияларын пайдалану екі есеге дейін артып, 8100 гектарға жеткізілді.
Барлық ауданда құрылған арнайы жұмыс топтары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, суды тиімді пайдалану қатаң бақылауға алынды. Магистралды және шаруашылықаралық каналдар арқылы суды кезектестіріп беру кестесі бекітілген, су осы кестеге сәйкес жіберілуде. Облыс бойынша 357 насос қондырғысы дайындалып, оның 180-і іске қосылған.
Өткен жылы Үкіметтің қолдауының арқасында егіс алқаптарында су тапшылығы болған жоқ. Отырыста облыс әкімі «Шардара» су қоймасынан кемінде 1 млрд 500 млн текше метр су жіберуге ықпал жасауды сұрады.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!