Сейсенбі, 27 қаңтар, 01:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№7 (2219)
27.01.2026
PDF мұрағаты

Виктор Мозес «Қайсарға» келді

27.01.2026

37 0

Сыр елінің спорт тарихында есте қаларлық тағы бір тарихи сәт. Әлем футболында аты танылған, талай доданың көрігін қыздырған Нигериялық футболшы Виктор Мозестің Қызылордаға келуі жанкүйерлер үшін күтпеген жаңалық болды. Қазақстан Премьер-лигасында, оның ішінде «Қайсар» футбол клубында әлемдік деңгейдегі ойыншының өнер көрсетуі отандық футбол үшін үлкен жетістік екені сөзсіз.

Ауа райына қарамастан футбол аренасына 3 мыңға жуық көрермен жиналып, әлем таныған футболшыны зор ықыласпен қарсы алды. Бірі қолтаңба алуға асықса, енді бірі Виктор Мозес тепкен допты естелікке иеленуге таласты.

Виктор Мозес – жай ғана легионер емес, әлемдік футбол мектебінен өткен, тәжірибелі ойыншы. Ол Англия Премьер-лигасында 200-ден астам матч өткізіп, әйгілі «Челси» клубымен ел чемпионы атанған. Сондай-ақ Еуропа лигасының екі дүркін жеңімпазы атанып, халықаралық ареналарда өзін дәлелдеген футболист. Сонымен қатар Нигерия ұлттық құрамасында ойнап,  Африка Кубогын жеңіп алған. Осындай тәжірибелі жартылай қорғаушы «Қайсар» футбол клубымен бір жылға келісімшартқа қол қойып, Сыр елінің намысын қорғауға бел буды. Ол жаңа командасына деген алғашқы әсерін де жасырмады.

– «Қайсар» командасына келгеніме қуаныштымын. Клуб басшылығының алға қойған мақсаты мен жоспары көңілімнен шықты. Қалада заманауи, әдемі стадион бар. Алдағы уақытта балалар академиясының салынуы жақсы бастама. Осы маусымда алаңдағы ойыныммен жанкүйерлердің сенімін ақтап, «Қайсарды» жоғары жетістіктерге жетелеу үшін бар күш-жігерімді саламын, – дейді Виктор Мозес, «Қайсар» ФК ойыншысы.

Айта кету керек, клуб басшылығы жаңа ойыншыға 11-нөмірлі жейдені табыстады.

«Қайсар» футбол клубының өкілдері мұндай әлемдік деңгейдегі ойыншы­ларды тартудағы негізгі мақсатты атап өтті.

– Біздің басты мақсатымыз – тек жүлде үшін күресу емес. Ең маңыздысы – «Қайсар» академиясын тұрғызып, балалар футболын дамыту. Виктор секілді тәжірибелі, әлемдік деңгейдегі футболшыларды командаға тарту арқылы жас ойыншыларға жол көрсету, оларды әлемдік футболға баулу, – дейді Айбек Қабылша, «Қайсар» ФК директорының кеңесшісі.

Әлемдік футбол жұлдызының Сыр еліне келуі – тек бір клубтың емес, тұтас өңір футболының дамуына серпін беретін тарихи қадам. Бұл бастама жас спортшылардың арманын оятып, футболдың жаңа белестерге бет алғанын байқатады. Қайсардың қайсар ұлдары әлем деңгейінде көрінетін кез алыс емес.

Айдана БАХТИЯР

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: