Жылқы жылы көлік жүргізшілері үшін жағымды жаңалықпен басталды. Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап автоцон жұмысы қыза түсті. Ал бұл мекемедегі ұзын сонар кезекті көрсеңіз құдды тегін дүние таратып жатқандай ма дерсіз. Елдің түн ұйқысын төрт бөлген бұл қандай кезек? Сөйтсек темір тұлпарына VIP нөмір таққысы келіп, күні бойы автоцон есігін күзеткендер екен.
Ішкі істер органдарының мәліметінше, жүргізушілер халыққа қызмет көрсету орталығына барып, әріптер мен сандар комбинациясын құрап, өздері таңдауына мүмкіндік алды. Енді көлік иелері мемлекеттік нөмірді өздері құрастыра алады. Мысалы: 123AZA01, 321ERA02, 069ARA03 және тағы басқа. Бұл қызметтің құны 10 айлық есептік көрсеткішпен белгіленген, яғни 43250 теңгені құрайды. Жаңа ережеге сәйкес таңдаған әдемі нөміріңіз бос әрі заң талабына сәйкес келуі керек.
Ерекше нөмірді мәртебе санайтын азаматтарды бұл жаңалық қатты қуантқан сыңайлы. Себебі жаңа ереже күшіне енгеннен бастап VIP нөмір алуға бір тәулік ішінде 11 мың өтінім тіркелген екен. Жасанды интеллект және цифрландыру вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, ерекше комбинациялары бар нөмірлерге тапсырыс берген азаматтар есебінен өтінім саны көбейген.
VIP-нөмірлерге арналған тариф әлдеқайда қымбат: олардың бағасы комбинацияның танымалдығы мен бірегейлігіне байланысты 15 АЕК-тен 285 АЕК-ке дейін, яғни 64875 теңгеден 1232625 теңгеге дейін жетеді.
Бағасы қалтаға тиімді VIP-нөмірлер – әріптері бірдей немесе 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090 және 707 сандық комбинациялары бар нөмірлер. Олардың бағасы қазір 57 АЕК, яғни 246 525 теңге. Дәл осы сандық комбинациялар, бірақ әріптік белгілері бірдей болса, 114 АЕК немесе 493050 теңге тұрады.
Сондай-ақ 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900 және 999 сандары бар нөмірлердің бағасы 137 АЕК, яғни 592 525 теңге. Осындай комбинациялар, бірақ әріптері бірдей болған жағдайда, 194 АЕК немесе 839050 теңге болады. Ал 001-009 және 777 сандық белгілері бар нөмірлер одан да қымбат, 228 АЕК, яғни 986100 теңге.
Ең қымбат нөмірлер бұрынғыдай 001-009 және 777 сандары бар, әрі әріптік белгілері бірдей VIP-нөмірлер болып қала береді. 2026 жылы олардың құны 285 АЕК-ке дейін өсіп, 1232625 теңге болды.
Елмен бірге ерекше комбинациялы нөмірге тапсырыс берген қала тұрғыны Асылжан да ерекше нөмір алуға мүмкіндік туғанына көлік жүргізушілерінің қуанғанын айтады. «Өміріміз vip болмаса да, нөміріміз vip болсын», – деп әзілдеп айтса да, бұл да көлікке әсемдік беретін құрал сынды.
– Бұрын әдемі сандардан құралған нөмірді алу арзан емес еді. Қарапайым біз үшін қымбат болатын. Қазір баға да көңілге қонымды, рәсімдеу жолы да жеңілдеп жатыр, – дейді қала тұрғыны.
Айта кетейік, алдағы уақытта автокөлік нөміріне тапсырыс беру толықтай онлайн форматқа өту жоспарлануда. Тиісті министрлік бұл бастама мемлекеттік қызметтерді тиімді етуге және көлеңкелі нарықты қысқартуға ықпал етеді деп отыр. Алдағы уақытта автонөмірлерді таңдау және сатып алу жеңілдейді. Бұл ХҚКО-ға бармай-ақ қашықтан нөмір таңдауға мүмкіндік береді.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
