Жексенбі, 01 маусым, 23:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№40,2153
31.05.2025
PDF мұрағаты

Улша Сапиқызы, «Достармед Line» клиникасының балалар дәрігері: Ең алдымен дұрыс тамақтану керек

31.05.2025

199 0

Әрбір баланың денсаулығы – ел болашағының басты кепілі. Бүгінде балалар мен жасөспірімдер арасында қант диабеті, созылмалы аурулар, асқазан-ішек аурулары, гастрит сияқты сырқаттар жас талғамай, балалықты ұрлап жатқандай әсер қалдырады. Бұған қоса, ұйқының бұзылуы, гаджетке тәуелділік, ұйқысыздық – баланың жүйке жүйесіне, дамуына кері әсерін тигізеді.

Балалықпен жасалған әрекеттерге кейде ата-ананың да қауқары жетпейді. Бұл қауіптің алдын алуға бола ма? Осы сұрақтар төңірегінде балалар дәрігері Улша Сапиқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Балалар үшін дұрыс әрі жеткілікті ұйқының маңызы қандай?

– Баланың өсуі, толыққан­ды дамуы, ағ­заның қалыпты жетілуі мен мидың тынығуы үшін ұйқы маңызды рөл атқарады. Әр жас кезеңіне сәйкес, ұйқы ұзақтығы да әртүрлі болады. Мысалы, 8-11 жас аралығындағы бала­ларға кемінде 11 сағаттық ұйқы қажет болса, 14 жастан бастап 8-9 сағат жеткілікті. Егер бала жеткілікті ұйықта­маса, зейіні тө­мендеп, есте сақтау қабілеті әлсірейді, тез шаршайды. Сондықтан ата-аналар баласының ұйқы тәр­тібіне ерекше мән бергені жөн.

– Балалардың тамақта­нуын­да қандай қателіктер жиі кездеседі?

– Бүгінгі балалар газдал­ған сусындар мен фаст-фуд өнімдерін көп тұтынады. Бұл тағамдардың құрамында трансмайлар, шамадан тыс тұз және жасанды дәм кү­шейт­кіштер болады. Мұндай тағамдарды жиі тұтыну се­міздікке, қан қысымының жо­ға­ры­лауына, жүрек-қан тамырлары ауруларына се­беп болады. Газдалған су­сын­дар тіске де өте зиян. Қант мөлшерінің тым көп­тігі – тіс жегісінің пайда болуына әкеледі. Ата-аналар баласының көңіліне қараймын деп, оның денсаулығына зиян келтіріп алмауды да естен шығармағаны жөн.

– Вакцина қауіпті емес пе? Қоғамдағы күмән мен пікірлерге не дейсіз?

– Вакцинаның бірнеше түрі болады және ол әр балаға міндетті түрде салынады деген түсінік дұрыс емес. Вакцина баланың жасына, денсаулық жағдайына қа­рай жұқпалы ауру­лардың алдын алу үшін егіледі. Кей ата-аналарда күмән болуы мүмкін, бірақ елімізде бала­­ларға салынатын вак­циналар Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан тек­серістен өткен, қауіпсіздігі дәлелденген. Мы­салы, қы­зылша, көкжөтел, ту­­бер­кулез, полиомиелит си­яқ­­ты жұқпалы аурулардан қор­­ғанудың ең тиімді жолы – вак­цина. Бұл – иммунитетті кү­шейтетін, ауруға қарсы тұ­ратын бірден-бір құрал екенін ұмытпаған жөн.

– Бала тәрбиелеп отыр­ған жас отба­сыларға қандай кеңес бересіз?

– Ең алдымен, бала­ның денсаулығы мен психоло­гия­лық дамуына мән беру керек. Аурудың белгілері байқалса, интернеттен ем іздемей, білікті дәрігерге жүгіну керек. Сондай-ақ баланың көңілін табамын деп кез кел­ген қа­лауын орындау оның бо­лашағына кері әсер етуі мүм­кін. Ата-ана балаға бағыт беруші екенін әрдайым есте ұстаған жөн.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 Әңгімелескен

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: