Қала күні қарсаңында жұртшылықты елең еткізген жағымды жаңалықтың бірі – «Қызылорда-нан» өндірістік кешенінің ашылуы. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары мен қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жиналған қауымды жаңа кәсіпорынның ашылуымен құттықтап, өңір экономикасына тың серпін беретін жобаның маңыздылығын атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуі тиіс», – деген болатын.
Осы бағытта өңірде қолайлы инвестициялық орта қалыптасып, ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Соңғы үш жылда аймақ экономикасына 1 триллион 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Биылдың өзінде 631 миллиард 400 миллион теңге көлемінде қаржы тарту көзделсе, оның 8 айдағы орындалуы 408 миллиард теңгені құрап, Қызылорда облысы республика бойынша бірінші орынға шықты. Бұл – орындалып жатқан үздіксіз еңбектің жемісі. Жыл соңына дейін жаңа жобаларды іске қосу арқылы жоспар көлемі 716 миллиард теңгеге дейін артады деп күтілуде.
Сонымен қатар облыс әкімі тікелей шетелдік инвестиция тарту бағытындағы нәтижелерге тоқталды. Биыл 280 миллион АҚШ долларын тарту жоспарланып, оның 62 пайызы орындалған.
– Бүгін біз өңір экономикасын әртараптандыруға үлес қосатын жаңа өндіріс – «Қызылорда-Нан» серіктестігінің нан өнімдері кешенінің ашылуында бас қосып отырмыз. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Жобаға атсалысқан инвесторларға, құрылысшыларға және серіктес ұйымдарға ризашылығымды білдіремін. Кәсіпорынның жұмысы табысты, өндірісі берекелі болсын, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Салтанатты рәсім барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев құттықтау лебізін білдірді, іс-шара барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан меценат Нейля Жүсіпова Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Айта кетейік, Қызылордада алғашқы нан зауыты 1957 жылы іске қосылып, 1995 жылға дейін қала тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз еткен еді. Араға отыз жыл салып, сол дәстүр қайта жаңғырып отыр.
Жалпы құны 5,6 миллиард теңгені құрайтын жаңа кешен – тек өндірістік емес, әлеуметтік маңызы зор нысан. Мұнда бүгінде 120 адам еңбек етуде, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 170 адамға дейін ұлғаяды. Мемлекеттік қолдау аясында кәсіпорынға 5 гектар жер телімі бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге 1,2 миллиард теңге жеңілдетілген несие беріліп, оның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды. Жобаның бірінші кезеңінде 3,1 миллиард теңгеге заманауи, толық автоматтандырылған төрт өндірістік цех іске қосылған. Ал келесі жылы екінші кезең аясында 2,5 миллиард теңгеге ұн комбинатын салу жоспарланып отыр.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!