Қызылордадағы негізгі мәселенің бірі – ыстық судың жоғы. Тұрғындар су ысыту үшін арнаулы қондырғы қолданады. Бүгінгі күнге дейін Республикадағы ыстық сусыз жалғыз облыс атанып келдік. Десе де, бұл мәселе тікелей Мемлекет басшысының назарына іліккелі жұмыс қарқын алды. Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту жұмысының бірінші кезеңіне Үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлінген болатын.
Өңірде жаңа қала атанған Сырдарияның сол жағалауының тұрғындары ыстық суға бірінші болып қол жеткізді. Бүгінде қарқын алған іс «Астана» шағын ауданында жалғасуда. Осы күні шағын аудандағы 550 пәтер ыстық суға қосылды.
– Әрине, қызығамыз. Қазір алғашқылардың қатарында бірнеше танысым ыстық суды тұтына бастады. Бұл бастамаға барлығымыз қуанамыз. Біріншіден, қазіргі таңда электр энергиясы өшіп қалса, ыстық сусыз қаламыз. Өйткені қондырғы тоқпен істейді. Оның үстіне, электр тоғы үшін төлейтін төлем қымбаттау болатын. Ендігі жағдай мүлдем басқа болатын тәрізді, – дейді қала тұрғыны Ажар Нұрлыбекқызы.
Айта кетейік, тұрғындарды ыстық сумен қамту екі кезең арқылы жүргізіледі. Тиісінше биыл 187 үй, ал 2025 жылы 237 тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылады.
Мамандардың айтуынша, әрбір көпқабатты тұрғын үйге «Wilo» компаниясының айналым сорғылары мен «Danfoss» компаниясының өшіру және реттеу арматурасы, жылу алмастырғыштары қондырылып жатыр. Сондай-ақ GTP су тазартқыш фильтрі және басқа да еуропалық өндірушілердің жабдықтары орнатылып жатыр.
Ыстық су желілерін жүргізу тұрғындар үшін өте тиімді болмақ. Себебі электрлі құрылғы ұзаққа жарамды емес. Сонымен қатар электр энергиясы мен қаржы үнемділігін реттейді. Осы жоба бойынша жыл соңына дейін Қызылорда қаласының «Шұғыла», «Сырдария», «Сол жағалау» аумақтары мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, Бейбарыс сұлтан көшелеріндегі жоспардағы көпқабатты тұрғын үйлер ыстық су жүйесіне қосылады.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!