Сәрсенбі, 16 сәуiр, 22:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№27, 2140
15.04.2025
PDF мұрағаты

Ыстық су: биыл 236  тұрғын үйге  қосылады

15.04.2025

128 0

Өңірде қай салада болсын, серпіліс бар. Облыс орталығы күн өткен сайын келбеттене түсуде. Соңғы жылдары Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне оң баға берілуде. Мұнда халықтың тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасау ниетінде барлық сала бойынша ілкімді істер атқарылуда. Мәселен, республика бойынша ыстық сумен қамтылмаған облыс орталықтарының бірі – Қызылорда қаласы еді. Мемлекет басшысының қолдауымен бұл мәселе де оң шешімін тапты. Өткен жылдың басты жаңалығы  – қала тұрғындарына  ыстық су пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 10 қазанда өңірге жасаған жұмыс сапары барысында облыс орталығын 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырған болатын. Нәтижесінде, жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын тиісті жобаны екі кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланған. Бірінші кезең бойынша 2024 жылы 185 тұрғын үйді су жүйесімен қамту жұмыстары басталып, тұрғындар ыстық судың игілігін көрді. Осылайша қаланың кей тұрғындары су жылытқыш құрылғылармен қоштасты. Көпқабатты үйлердегі электр немесе газбен жылыту құрылғылары төтенше жағдайларға да әкелуі мүмкін еді. Сондықтан бұл кезегін күткен өзекті мәселе еді.  

«Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы­ның мәліметіне сүйенсек, сол жақ жағалаудағы 5 көп­қабатты үй мен «Астана-1» шағын ауданындағы 13 көпқабатты үйге, С.Бейбарыс көшесінің бойындағы 9 үйге және Тасбөгет кентіндегі 5 үйге ыстық су бе­рілген. Сондай-ақ «Одежда», «Автовокзал» мен «Универсам» аумағында 34 үйге, «Шұғыла» шағын ауданындағы 27 үйге және  №5 оқу ғимараты маңындағы 6 үйге және Сырдария шағын ауданындағы 13 үйге де ыстық су толық іске қосылған.

Ыстық су: биыл 236  тұрғын үйге  қосылады

Биыл 236 тұрғын үйді ыстық су жүйесіне қосу жос­парланған. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында Қызылорда облысының бюджетіне ыстық сумен жабдықтау желілерін салу үшін Үкімет резервінен нысаналы трансферттер түрінде шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Осылайша, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Қызылорда қаласының 423 көп қабатты тұрғын үйі орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосылады.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: