Жексенбі, 24 қараша, 07:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Заң мақсаты: Аналар жыламасын, балалар қиналмасын

23.04.2024

625 0

Бұдан былай отбасындағы ұрып-соғу оқиғасына, әйелдер мен балаларды қинауға, зорлық көрсету жағдайына жол жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін екі заңға қол қойды. Енді отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары қылмыстық кодекспен қаралады. Құжатқа сәйкес денсаулыққа қасақана ауыр не орташа зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды.
Заңға енгізетін нормалар мен бірқатар түзетулер әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатады. Отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтады. Бұдан бөлек, отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды.
Заңның мақсаты – әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату. Заңның тағы бір маңызды бағыты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес енді еліміздегі аймақтардың әрбір ауданында отбасын қолдау орталықтары ашылады. Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте кезден анықтау бойынша мобильді топтар құрылады.

Заңның қабылдануына
не себеп?

«Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп санайтын қоғамда отбасындағы жайттардың көбі жалпақ жұртқа жайылмай, жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Алайда кейінгі жылдары отбасы, ошақ қасындағы жаға ұстатарлық оқиғалардың соңы әйелдердің аяусыз соққыға жығылып, ажал құшуына әкеліп отыр. Сондықтан қоғам мүшелері де зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсылық білдіріп, қолданыстағы ескірген заң нормаларын қайта қарауды талап етіп келді. Тіпті кейінгі бірер жылдың өзінде елдегі әрбір резонанстық оқиғадан азаматтық үн қосып, қылмыстық жауапкершілікті қатайтуды талап ететін петицияларды қолдайтындардың артқанын көруге болады. Демек бұл індеттің тамырын терең жіберуіне отбасындағы тәрбиеден бөлек, лайықты жазаның болмауы да себеп болып, ана мен баланың басын қатерге тігіп отырғанын көрсетсе керек.
ІІМ құрылымында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімшелер құрылып, Президент тапсырмасымен 2021 жылы олардың штат саны 256-ға дейін ұлғайтылды. Мұндай лауазымдар қазір әрбір қалалық және аудандық полиция органында бар. Сондай-ақ әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстарын тергеуде әйел тергеушілердің мамандануы енгізілді. Президент Үкіметке тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық заңнаманы қатаңдату бойынша заң жобасын дайындауды тапсырған. Оның өзіндік себебі де көп еді.
Өйткені Бас прокуратураның мәліметінше, елімізде жыл сайын отбасылық абьюзерлердің қолынан кемінде 80 әйел қаза тапса, күнделікті полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 300-ге жуық арыз келіп түседі екен. Мәселен, былтыр 69 әйел мен 7 бала қайтыс болған. Күн сайын 342 адам отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын көрінеді.

Ел не дейді?

Жаңа заң аясында қоғам қайраткерлері, Сенат депутаттары, осы салаға жауапты мамандарының пікірін білгенді жөн көрдік. Бірі бізге тікелей жауап берсе, енді бірі әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы ойларын ортаға салды.
ҚР мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің айтуынша, отбасын қолдау орталығының санын көбейту керек.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әуел бастан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау ісіне баса мән береді. Осы жылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске қатысты кешенді шаралар жүйесі кезең-кезеңімен қалыптасты. Қабылданған заң отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды құқықтық тұрғыдан реттеу ісін қорытындылайды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құру және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Бүгінде елімізде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Ендігі мақсат – 2026 жылға дейін орталықтардың санын 231-ге жеткізу. Бұл орталықтар тек ірі қалаларда емес, шалғайдағы аудандарда да ашылады. Дағдарыс орталықтардан айырмашылығы – бұл мекемелердің жұмысы отбасында келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған, – дейді мемлекеттік кеңесші.

Заңда қандай түзетулер бар?

Бұл жөнінде ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева мәлімдеді.
– Бұл заңның маңызы өте зор. Себебі, біріншіден, зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін біраз түзетулер болады. Атап айтқанда, отбасыларға, балаларға көмек көрсететін инфрақұрылым құру бойынша 111 мемлекеттік сенім телефонына қатысты түзетулер бар. Жергілікті жердегі бала құқықтары жөніндегі уәкілдерге де түзету енгізілді. Біз тек қана осылай зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастырамыз.
Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені, яғни, буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Бұдан былай білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті, – дейді Д.Зәкиева.
Көптен күткен құжат

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің айтуынша, қатаң жаза – әлсізді қорғаудың тиімді әдісі болмақ.
– Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» қағидаты барлық мәселелер құқықтық салада шешілуі керек дегенді аңғартады. Бұл қағидаттың екі қыры бар. Біріншісі – «заң бар жерде тәртіп бар». Екіншісі – «заң бұзылмаған жерде тәртіп бар». Демек қылмыстың алдын алу аса маңызды. Өйткені қатаң жаза – қылмыстың алдын алудың және қоғамды қауіпті қылмыскерлерден қорғаудың тиімді әдісі.
Қоғам көптен күткен құжаттардың қолданысқа берілуі, ең алдымен, қылмыстың алдын алуға және азаматтардың құқықтарының әділдігі мен қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін көздейді. Заңның негізгі мақсаты – жазалаушы емес, алдын алу сипатына ие. Сондай-ақ енгізілген түзетулер балалардың құқықтық санасын қалыптастыруға арналған. Жалпы алғанда мұндай жауапкершіліктің пайда болуы балаларға да, ата-аналарға да, қоғамға бұл мәселеге байыпты қарауға мүмкіндік береді. Елде жаппай тәртіп орнау үшін заң жұмыс істеуі керек.
Айта кету керек, негізгі заң 15 заңнамалық актіге, оның ішінде жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Сонымен қатар ілеспе заң әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізуді қарастырады. Кәмелетке толмағандарды қорлау және 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіру және басқа да түзетулер үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленіп отыр. Құжаттағы жаңашылдық сол, тұрмыстық зорлық-зомбылық криминализацияланып, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған. Алайда, абзалы, жаңа құжат адамның қадір-қасиетін тануға, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жалпыға бірдей құрметтеуге және сақтауға арналса, тәрбиенің тал бесігін тербетіп, ұрпақ алдындағы міндетті ұмытпау – жазадан да ауыр жауапкершілік екенін есте шығармау болса керек, – дейді Н.Жүсіп.
Сенат депутаты Руслан Рүстемов те өз пікірін білдірді.
– Бүгінгі қоғамда әйел мен балаға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату заманның талабы мен сұранысына сәйкес туындап отырғанын ұмытпауымыз қажет. Өйткені қоғамдағы қордаланған мәселе осындай заңды қабылдауға әкелді.
Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып, осы бағыттағы заңнамаларды жетілдіру қажеттігі айқындалды. Сарапшылар, қоғам белсенділерінің пікірі ескерілген заңның басты міндеті балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алу және жолын кесу деген ортақ мүддеде тоғысты.
Мемлекет басшысының ұстанымы айқын – заңның үстемдігін белгілеу және заң нормалары сақталатын әділетті қоғам құру. Президент ұсынған заң және тәртіп қағидаты барлық мәселе құқықтық салада шешілуі керек дегенді білдіреді. Құжаттың мақсаты – Мемлекет басшысының әйел мен балаға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жауапкершілікті қатаңдату, отбасы институтын нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Оның ішінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.
Заң шығарушы орган қоғамның сұранысына сәйкес жаза түрлерін анықтады. Қатаң жаза – қылмыстың алдын алудың және қоғамды қауіпті қылмыскерлерден қорғаудың тиімді әдісі. Құжатта қылмыстың алдын алуға және азаматтардың құқықтарының әділдігі мен қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені көзделген. Сонымен қатар енгізілген түзетулер балалардың құқықтық санасын қалыптастыруға арналған. Кәмелетке толмағандарды қорқыту және кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандар арасында буллинг жиі кездеседі. Осыған байланысты білім беру ұйымында ұзақ уақыт бойы буллингке қарсы тұрудың заңды тетіктері болған жоқ. Олар тек профилактикалық сөйлесумен, мектепте есепке алумен шектелуге мәжбүр болды. Ендігі жерде аталған заң өз деңгейінде орындалады деп сенеміз. Себебі заң орындалуымен маңызды, – дейді Р.Рүстемов.

Заңды қолдаймыз,
ана мен баланы қорғаймыз

Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетовтің пікірі.
– Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойды.
Қос заңда әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізіліп отыр. Мәселен, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған.
Отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілсе, 16 жасқа толмағандарға зорлау сипатында тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Оған қоса кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті және 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды. Біз заңды қолдаймыз және оның нәтижелі болуына жұдырықтай жұмыла жұмыс істейміз, – дейді орталық директоры.

Талай Жәмиләға
үМІТ сыйлады

Егер оқырмандарымыздың есінде болса, біз осыған дейін «Педофилге қандай жаза лайық?» атты мақала әзірлеп, сол кезде осы Жәмила есімді кейіпкеріміз туралы аздап тоқталған едік. Енді Мемлекет басшысы заңға қол қойған соң Жәмиләмен тағы да тілдескенді жөн көрдік.Тегін толық айтудан бас тартқан кейіпкеріміз – Қызылорда облысының тұрғыны. Жасы қырыққа жақындаған Жәмилә бес баланың анасы. Жастайынан өгей әкенің құқайын көрген ол тұрмысқа ерте шығады. Үйдегі қорлықтан құтылдым дегенімен, жолдасы ішіп келіп, Жәмиләға өгей әкесін есіне түсіріп, қол жұмсайтын болған. Өмірінің біраз бөлігін қорлықпен, жылаумен өткізген кейіпкеріміздің сол кездегі сөзі «заң күшіне енсе екен» деген болатын.
– Шынымды айтсам, Мемлекет басшысы заңға қол қойды дегенді естіп, қатты қуандым. Жігерлене түстім. Себебі қоғамда мен сияқты қиналып, жылап жүрген аналар баршылық. Бірақ көбі сырын айта бермейді. Өзім зорға шыдап келдім. Ақыр соңында үйден кеттім. Егер мен бір шешімге келмесем, балалардың болашағына қиын болатын еді. Заңды да оқып шықтым. Біраз түзетулер енгізіліпті. Ендігі жерде аналар мен балалар өз үйінен немесе сырттан қиындық көрмейді деген сенімім мол,– дейді Жәмилә.

Тілші түйіні

«Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы таяды» деген ата-бабаларымыз әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқара білген. Сондықтан отбасы берекесін кетірмей, татулықта ұстау – есті азаматтар ескеріп жүретін жайт. Әлсізді қорғайтын заң қабылданды. Енді күш көрсететіндер ойланатын шығар.

5 ғғ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: