Қазақстанның саяси ландшафтында «Заң мен тәртіп» концепциясы жай ғана құқықтық ұстаным емес, бұл – Әділетті Қазақстанның жаңа идеологиялық архитектурасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс екенін атап өтті. Бұл ұстаным – жай ғана құқықтық норма емес, бұл Әділетті Қазақстанның іргетасын қалайтын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді иммунитет қалыптастыратын негізгі күш.
Жолдаудың негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі №200 қаулысымен қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді. Тұжырымдамада идеологияны дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері көрсетілген. Соның бірі – заң үстемдігі және заңның жалпыға бірдей қағидаты. Аталған қағидатта заңда бөле-жару жоқ, ол бәріне бірдей және оның талабын әрбір азамат пен ұйым міндетті түрде орындауға тиіс екендігі жазылған.
Заң мен тәртіп идеологиясының өміршеңдігі әрбір азаматтың ішкі мәдениетіне тікелей байланысты. Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан реформалар, цифрландыру арқылы адам факторын азайту – осының бәрі жемқорлықтың тамырына балта шабуға бағытталған. Алайда қоғамның қолдауынсыз бұл реформалардың тиімділігі болмайды.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясаты бүгінде тек жазалау тетіктерімен ғана шектелмейді. Оның өзегінде қоғамдық сананы трансформациялау және «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру жатыр. Президент ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты дәл осы парасаттылық пен жауапкершілікті ту етеді. Егер қоғамда ұсақ құқық бұзушылықтарға көз жұмып қарау әдеті жойылса, ірі жемқорлық қылмыстарға да орын қалмайтыны анық. Себебі тәртіп пен заңдылық – бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғым.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі басты парадигма қоғамдық төзімсіздікке негізделген. Біз «ұсақ заң бұзушылық» деген ұғымнан арылуымыз керек, себебі кез келген тәртіпсіздік – үлкен жемқорлық қылмыстардың бастауы. Тәртіпке бағыну – бұл мемлекет алдындағы ғана емес, болашақ буын алдындағы парыз.
Жемқорлықтың алдын алудағы басты тетік – жауапкершіліктің бұлтартпастығы мен цифрлық бақылаудың ұштасуы. Заңның күші тек жазалаумен өлшенбейді. Ол кез келген азаматтың құқығы мен бостандығын қорғайтын сенімді қалқан болуы тиіс. Заң мен тәртіп салтанат құрған жерде ғана мемлекеттік институттарға деген халықтың сенімі артады. Мемлекеттік аппараттың ашықтығы, шешім қабылдау кезіндегі бюрократиялық кедергілерді жою және әрбір қаржының жұмсалуын бақылау – заң үстемдігін орнатудың алғышарттары.
Президент Жолдауындағы басты міндеттердің бірі – заң үстемдігінің экономикалық өсімге тигізетін тікелей әсері. Жемқорлықтан тазарған жүйе ғана нағыз бәсекелестікке жол ашады. Тәртіп бар жерде инвестор сенімі артады, капиталдың елден жылыстауы тоқтайды.
Бұл тұрғыда «Заң мен тәртіп» идеологиясы – Әділетті Қазақстанның экономикалық архитектурасының негізі. Заң мен тәртіп орнаған қоғамда ғана экономикалық өсім мен әлеуметтік әділдік қатар дамиды. Адалдық пен заңдылық үстемдік құрған жерде жемқорлыққа орын болмайды.
Ш.Кизбаев,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті,
сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!