Жексенбі, 22 желтоқсан, 09:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Заң қабылданды: Сәнге айналған вейпке тыйым бар

30.04.2024

651 0

Соңғы жылдары жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты жиі сын айтылып жүр. Оның ішінде мектеп оқушыларының вейп шегуі өзекті мәселеге айналды. Ұлы да, қызы да емін-еркін қолданды. Бұл жайлы ата-аналар да, мұғалімдер де дабыл қақты. Сондай-ақ электронды темекінің денсаулыққа аса зиян, өмірге қауіпті екені барлық мінберден, соның ішінде Сенат және Парламент депутаттары да үнемі айтып келеді.

Қоғам болып көтерген мәселеге ел Президенті нүкте қойды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Заң медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау жүйесін енгізуге және олардың жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ жастар арасында құрамында никотині бар заттардың таралуының алдын алу және оған қарсы күресу үшін жүйелі шаралар қабылдауға бағытталған. Заңда шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу қарастырылған.

Президент ескертті

Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейп және түрлі электронды темекілерді ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел деп атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, жас ұрпаққа салмақты қауіп төнді, өйткені аса зиян вейптерден нағыз есірткілерді тұтынуға дейін бір-ақ қадам қалады.

– Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай, оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зияны туралы түрлі агрессивті жарнамалар көбейіп кетті. Іс жүзінде жастарымызға зор қауіп төнуде. Себебі бұл шын мәнінде, зиянды нәрсе. Вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам. Осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет, – деген Президент бұған өзі ерекше мән беретінін ескерткен еді. Нәтижесінде биыл заңға қол қойылды.

Жас ұрпақтың денсаулығына алаңдағандар

Мемлекет басшысы қабылдаған заңға көп адам ұсыныстарын айтып, ат­салысты. Соның ішінде Парламент мәжілісінің депутаты Ринат Зайытовтың айтуынша, халыққа салық түсімінен бұрын жас ұрпақтың денсаулығы маңызды.

– Ең алдымен ертеңгі ел жастарының денсаулығын ойлауымыз керек. Салық түсімін ойлап, жасөспірімдердің денсаулығына зиян заттарды саудалай беруге болмайды. Өскелең ұрпақтың ағзасына кесірін тигізетін улы заттарды таратуға құқығымыз жоқ. Баянды болашақ үшін таңдау жасайық. Электронды темекі мен вейптен бас тарту – ертеңгі күнге жауапкершілікпен қарау деген сөз, – дейді Р.Зайытов.

Ал Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан электронды шылымды, вейптерді жастарға сатуға, жасөспірімдер арасында таратуға қатысты қатаң заңнамалық шектеудің болмауы ұрпақ тағдырына балта шауып жатқанын атап өткен еді.

– Елімізде 7 мыңнан астам педагог-психолог, сонымен қатар 4 мыңнан астам әлеуметтік педагог және тәрбие саласындағы 11 мыңнан астам педагог оқушылар арасындағы зиянды әдеттермен күресіп келеді. Сондықтан көтеріп отырған мәселенің қаншалықты маңызды екені айтпаса да белгілі. Тіпті мінез-құлқы өзгерген, жат әдетке бой алдырған балалармен жұмыс істеу бойынша әдістеме де әзірленді. Қосымша білімді дамытуға да көп күш салып жатырмыз. Алайда зиянды заттарды оқушыларға саудалауға заң жүзінде шектеу қойылмаса, бұл жұмыстан нәтиже шықпайды, – деген еді Е.Оспан. Осы секілді қоғам қайраткерлері жиналып, өз ұсыныстарын ортаға салып, мәселені көтергендер көп болды. Айтылған ұсыныстар Президент тарапынан ескерусіз қалмады.

Дені сау ұрпақ – еліміздің өркендеуінің кепілі

Бұл – Сенат депутаты Руслан Рүстемовтің пікірі.

– Заңдағы негізгі мақсаттың бірі – электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айна­лымына толық тыйым салуды енгізу. Бұл олардың, әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында тұтынуды шектейді және болдырмауға мүмкіндік береді.

Өздеріңіз білетіндей, дені сау жастар – бұл дені сау ұрпақ және мемлекеттің одан әрі өркендеуінің кепілі. Алайда қазіргі уақытта вейп сияқты қауіпті құбылыспен күресу үшін шұғыл және жүйелі шаралар қабылдау қажет. Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – вейптерді үнемі қолданатын жасөспірімдер саны жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ вейп нарығы 2020 жылдан бастап 300 есе өскен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылғы «Қазақстанның балалары мен жасөспірімдерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қалыптастыратын факторлар» зерттеуінің нәтижелері 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 9,8%-ы вейптерді үнемі тұтынатынын, 2018 жылмен салыстырғанда 3 есе өскенін көрсетеді. Сондықтан бұған назар аудармасқа болмайды. Өйткені мұның астарында жасөспірімдер мен жастардың болашағы жатыр, – дейді Р.Рүстемов.

Мамандар не дейді?

Вейп – бауыр мен бүйрекке, жүйке жүйесіне зиян тигізеді. Сонымен қатар оның құрамындағы никотин қатерлі ісік ауруына әкеліп соқтырады. Жастар арасында вейп шегетіндердің саны күн сайын артып келеді. Әсіресе оқушылар мини-кальяндарға қатты қызығады. Өйткені вейп темекі секілді емес, одан хош иіс шығады. Никотин де қосуға болады. Бірақ сол хош иістің өзі өте қауіпті. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз ұсынысын жариялаған. Вейпте отыздан астам қауіпті зат бар. Бұл құрылғы ингалятор секілді. Ішіндегі сұйықтық қайнағанда бу шығады. Сұйықтықтың құрамында бірнеше зат бар. Сол заттың әрқайсысы денсаулыққа кері әсерін береді. Вейперлер «электронды темекінің зияны жоқ» деп ойлайды. Себебі оны шеккенде шайыр бөлінбейді. Дегенмен Беркли университетіне қарасты Лоурен атындағы ұлттық зертхана мамандары вейптен уытты заттардың бөлінетінін анықтаған. Хош иісті сұйықтықты көп жағдайда қолдан жасайды. Содан бағасы да арзан. Ал аккумулятор қызып тұрғанда канцерогенді заттардың мөлшері көбейеді. Аккумулятор жарылып кетуі де мүмкін.

Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес уытты химикаттардың бірі – диацетил. Ол хош иістендіргіштердің 75 пайызында болады. Оны тамақ өнеркәсібі де пайдаланып жатады. Бірақ деммен ішке көп тарта берсе, өкпеде қабыну басталады. Құрамында никотині бар буды көп жұта берсе, адамның жүрегі айниды, басы айналады. Ас қорыту жүйесі бұзылып, іші өтеді. Сонымен қатар бір вейпті бірнеше адам қолданған жағдайда гепатит, туберкулез сияқты аурулар таралуы мүмкін. Жүкті әйелдерге, аллергиямен ауыратындарға және кәмелет жасқа толмаған балаларға вейп шегуге болмайды.

Мұны резидент-пульмонолог Жарқын Нұрышев те айтып отыр.

– Электронды шылым ең алдымен ауыз қуысына әсер етеді. Соның кесірінен патогенді флора, түрлі саңырауқұлақтар өсіп шығады. Бұдан соң бу адам ағзасындағы тыныс алу жолдарын зақымдайды. Шырышты қабаттар қабынып, жедел респираторлы аурулар пайда болады. Әрине, ауру белгі­лері бірден байқала қоймайды. Белгілі мерзім өткеннен кейін көктем, күз мау­сымдарында шылымға әуес адамдарда бронхит асқынады. Оған шылым­ның құрамындағы түрлі химиялық заттың әсерінен бронх демікпесі, аллергия сын­ды түрлі ауру қосылады. Себебі никотин мөлшері аз болғанымен, оның орнын хошиістендіргіштер, майлар толтырып тұрғанын ескеру қажет, – дейді ол.

Жастар еліктегіш келеді

Балалар ересек адам ретінде көрінгісі келеді. Оларға неғұрлым «шекпе, жолама» деген сайын, соғұрлым қызығушылығы арта түседі. Алайда бұған қарап, шылым шеккен барлық бала ғұмыр бойы соның соңында кетеді деуге тағы болмайды. Ес кірген кезде еліктеу де сап тыйылады. Десе де «баланы жастан» деп, жаман әдеттің алдын алған дұрыс.

Жасөспірімдер психологы Арайлым Айтбай электронды шылым қазіргі заманның сәні екенін айтады.

– Жастар еліктеуге бейім келеді. Өзін «дәлелдеуге», «ерекшелеуге» асығатын жасөспірім осындай ең жеңіл жолды таңдап, іштей бір жетістікке жетеді. Сән, тренд деген бар. Ол – түрлі жарнамалар арқылы бейсаналы түрде жүріп жататын процестер. Оның артында үлкен бизнес жатыр. Өкінішке қарай, жастар мұны түсінбейді. Тіпті вейптің қаншалықты зиян екенін білсе де, мән бермегендей сыңай танытады, – дейді психолог маман. Оның айтуынша, ата-ана баласымен жай ғана әңгімелесу арқылы шылымның барлық зиянды жақтарын түсіндіруі қажет. Өзін үлгі етіп, баламен сенімділік қарым-қатынас орнатқаны жөн.

Баласының болашағына алаңдаған ата-ана

Психолог айтқандай, ата-ана мен бала арасында ашық әңгіме болуы тиіс. Мұны қала тұрғыны, көпбалалы ана Толқын Нұрланова да жоққа шығармады.

– Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта жастар арасында вейп шегу сәнге айналғандай болды. Ұстаздар мен ата-аналар қанша қадағаласа да тұсау сала алмадық. Себебі мұны тұтынып үйреніп қалған жас ағза әрдайым керек етіп тұрады. Ал дүкендерде мұндай дүниелердің сатылуына тыйым болмады. «Емін-еркін сауда жүрді» десек артық айтқандық емес. Арасында балаларымызбен осы зиянды зат туралы ашық сөйлесетін болдық. Тіпті сөмке, қалталарын тексеретін болдым. Өйткені бала болашағына алаңдаймыз.

Осыған орай Мемлекет басшысы электронды темекі, вейп, хош иістендір­гіш өнімдерді сатуға, жарнамалауға тыйым салып, заңға қол қойды. Бұл заң жастар денсаулығы үшін қабылданған ең маңызды шешім болды. Себебі 18-ге толмаған балалар арасында «сәнге» айналған бұл дүние аурушаңдық, жүйке жүйесінің нашарлауы, оқуға деген ынтаны төмендеуі тәрізді жағдайдарға әкеледі. Онсыз да смартфонға үңілген бала вейп шегіп, жас ағзасын улайды. Ата-ана ретінде бұл заңды толық қолдаймын, – дейді кейіпкеріміз.

Вейпке тыйым салуға

қарсылар да табылды

Қоғам болып зиянды затпен күресіп жатқанда оған қарсы адамдар да бар боп шықты. Кімдер? Әрине, олар – вейп, электронды шылым, хош иістендіргіштер сатып, кәсіп қылғандар.

Өкініштісі, өнімнің осы түрін онлайн саудалаушылар көп. Дүкенде ашық сатылып жатқан соң онлайн сауданың өрісі тіпті кеңейді. Қызылды-жасылды жарнамасы көзді арбайды. Мәселен, «Instagram» әлеуметтік желісінде вейп сатумен айналысатындардың көптеп кездесетініне көзіміз жетті. Онлайн сауда Қазақстанның кез келген қаласына жеткізе алады. Осындай саудасы қызып тұрған сауда орнының бірі – «Вейпшоп». Алматыда орналасқан сауда нүктесінде электронды шылымның, вейптің түр-түрі бар. Құны 6000-10000 теңге аралығында.

Аты-жөнін толық айтудан бас тартқан сатушысымен де ұялы байланыс арқылы сөйлескенді жөн көрдік.

– Президенттің заңға қол қойғанын білеміз. Бірақ біз қарсымыз. Себебі заң күшіне енсе, елімізде вейп саудасымен айналысатын кәсіп иелерінің жұмысы тоқтайды. Біраз адам жұмыссыз қалады деген сөз. Сондықтан заңда бізге де зияны келмейтіндей етіп қарастырылса деген ұсынысым бар, – дейді дүкен сатушысы. Оның сөзінше, жастар денсаулығынан гөрі вейп саудасы, одан түскен табысы маңызды болып тұр.

Осы дүкеннің «Instagram» әлеуметтік парақшасын қарап шықтық. Тіпті заңға қарсылықтарын айтып, арнайы бейне түсіріпті. Ал бейне астына қаншама адам пікірлерін қалдырыпты. Онда заңға қарсы екендіктерін, жалпы вейпті сатуға тыйым салынбауы қажеттігін жазған.

Тілші түйіні

Вейпті тұтынған жастар оның зиянын да жақсы біледі. Біле тұра ағат қадам жасайды. Әрине, елімізде ішімдіктен бас тартқан тұтас ауылдар туралы естіп жүрміз. Ауылдың аясында қалып қоймай, осы үрдісті ұлт, мемлекет болып қостап әкететін кез де келді, заңға да қол қойылды. Алкогольсіз ауыл секілді вейпсіз ел қатарына қосыламыз ба, жоқ па, оны заң күшіне енгеннен кейінгі уақыт көрсетеді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: