Жақында ел астанасында ҚР Судьяларының ІХ съезі өтті. Әр төрт жыл сайын өтетін жиынның сот жүйесін дамытудағы маңызы зор. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиынға барлық өңірдің судьялары, орталық және мемлекеттік орган өкілдерімен бірге шетелдік сарапшылар қатысып, еліміздегі сот жүйесін жетілдіру, жоғары соттың жұмысын жеңілдету, стратегиялық шешімдер қабылдау сынды өзекті мәселелер қозғалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті қоғамның негізгі іргетасы заң мен тәртіптен қаланатынын үнемі айтып келеді. Заң алдында барлығы бірдей тең құқылы. Елімізде мұндай көзқарасты сот органдары қалыптастырады. Бүгінде көпшіліктің сотқа деген сенімі артқан. Бұған елімізде сот отырыстарының ашық көрсетілуі септігін тигізуде.
Съезд барысында сот жүйесінің бүгінге дейін жетістіктері де сөз болды. Оның ішінде сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайып, алқа билер тәжірибесі енгізілді. Судьяларға қысым көрсетілмеуі үшін қажетті шаралар қабылданды. Жеке адамдар мен кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауда сот жүйесінде әкімшілік әділет қызметі пайда болды. Цифрландыру жұмыстары да оң нәтижесін беруде. Осы сынды өзге де ауқымды шаралар судьялардың оң имиджін қалыптастырып, әділ соттың бет-бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Сот ісін жетілдірудегі атқарылатын жұмыстар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта сот төрелігіне қол жеткізуде соттардың шешіміне кассациялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігі берілмек. Бұл туралы ҚР Судьяларының ІХ съезінде Мемлекет басшысы атап айтты. Енді келер жылдан бастап қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құрылып, өз жұмысын бастамақ. Кассациялық соттардың құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталады. Ел Президенті Қ.Тоқаев мұның азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайтынын ерекше атап өтті. Осылайша елімізде әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін жүзеге асыруға мүмкіндік туады.
Сонымен бірге сот жүйесін цифрландыру жұмыстары да жалғасын табады. Сот отырысының ашық өтуін қамтамасыз етуде цифрлық технологияларды пайдаланудың тиімділігі зор. Озық технология мен жасанды интеллектіні пайдалану да сот ісін жеңілдетуге ықпал етеді. Съезде көтерілген тағы бір мәселе сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге баса мән беру жайы болды. Бұл ретте судьялардың жаңа Әдеп кодексі қабылданбақ. Мемлекет басшысы Жоғары сот кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуға тиіс дегенді баса айтты. Қоғам үшін судья адалдық пен әділдіктің жаршысы болуы тиіс. Судьялардың этикалық норманы сақтауы, сот ісін қараудағы тәртібі, сот барысындағы жауапкершілігі қазылардың қарауында болады. Бүгінде сот органдарының басты мақсаты – Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидасына сай сотқа сенетін, заңды сыйлайтын қоғам құру болмақ.
Сәбит Рүстемов,
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!