Бүгін – әділет органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн – заң үстемдігі мен ел бірлігін сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген сала мамандарының еңбегін дәріптейтін айтулы мереке. Әділет – мемлекеттің тұтастығы мен қоғам тыныштығының кепілі. Бұл жай ғана дата емес, халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру жолындағы қажырлы еңбектің символы. Қоғамдағы әрбір азаматтың құқығы қорғалмай, мемлекеттің дамуы да баянды болмайтыны анық. Осы орайда бізге әділет саласында еңбек етіп жүрген заңгер Еркін Қапаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Еркін мырза, ең алдымен кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз. Осы орайда әділет органындағы жұмыстың қоғам үшін маңызына тоқталсаңыз…
– Рахмет! Шын мәнінде, әділет саласы – ел дамуының тірегі. Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Яғни тәртіп бар жерде әділдік, әділдік бар жерде қоғамның тұрақтылығы сақталады. Әділет органдарының басты мақсаты – халықтың құқықтық көмекке деген қажеттілігін қамтамасыз ету, әділеттілікті орнату, азаматтардың құқығы мен мемлекеттің мүддесін қорғау. Бір сөзбен айтқанда, халықтың бейбіт өмірін қамтамасыз ету. Біз кейде уақытқа қарамай, күн-түн демей жұмыс істейміз. Бұл қызметтің қиындығын екінің бірі біле бермейді, бірақ біз үшін ең үлкен марапат – әділ шешімнің табылуы мен азаматтардың ризашылығы, уайымсыз ұйқысы.
– Қазіргі қоғамда азаматтардың құқықтық сауаттылығы қай деңгейде? Өз құқығын қорғай ала ма?
– Иә, соңғы жылдары халықтың құқықтық сауаттылығы едәуір артты. Бұрын адамдар құжатқа, келісімге салғырт қараса, қазір әрбір азамат өз мүддесін қорғауды үйреніп келеді. Әсіресе жастар талап қоя біледі, заңға жүгінеді. Бұл – азаматтық қоғамның дамып келе жатқанының айғағы. Әркім өзінің шекарасын сақтай отырып, өзгенің құқығын да құрметтеуді үйренуде. Бұл көріністен біз заңға деген құрметті көре аламыз.
– Сыбайлас жемқорлықпен күресте әділет органдарының рөлі қандай?
– Сыбайлас жемқорлықты жеңу – әділет саласының басты міндеттерінің бірі. Бұл тұрғыда заң аясында нақты тетіктер бар. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 366-бабы пара алуды, ал 367-бабы пара беруді қылмыс ретінде қарастырады. Яғни тек пара алған адам ғана емес, пара ұсынған тарап та жауапқа тартылады. Бұл қоғамда жиі ескерілмей қалатын жайт. Кез келген азамат өзінің құқықтық сауаттылығын арттырып, заңды білуге және қорғауға әрекет етсе, мұндай жағдайлардың алдын алуға болады. Егер азамат сыбайлас жемқорлыққа тап болса, әділет органдарына жүгінуі тиіс. Мұндай істер аяқсыз қалмайды. Өкінішке қарай, көп жағдайда халық «жабулы қазан жабулы күйінде қалсын» деп үнсіз қалады. Ал шын мәнінде, бізге керегі – ашықтық пен әділдікке ұмтылу. Егер сіз жемқорлықтың құрбаны болсаңыз, құзырлы органдарға жүгінгенініз абзал. Дер кезінде пәрмен беріңіз, мәселе ушықпай тұрып.
– Соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықпен күрес азайып келеді деп жиі айтамыз. Дегенмен мектепке еден жуушы болып жұмысқа тұру үшін де миллиондап ақша береді дегенді естіп жатамыз. Сонда заңның қауқары жетпегендік пе?
– Мұндай сыңсу әңгімелер әлі де бар. Бірақ мәселе заңның әлсіздігінде емес, адамдардың құқықтық санасының төмендігінде. Көпшілік жұмысқа орналасарда міндетті түрде «бірдеңе беру керек» деген ескі түсініктен арыла алмай жүреді. Ал шын мәнінде, жұмыс беруші ештеңе сұрамаған да болуы мүмкін. Бірақ азамат өз еркімен «сыйлық беруім тиіс» деген оймен әрекет етеді. Есте сақтайық, пара алушы да, пара беруші де заң алдында жауапты. Сондықтан қоғамда қалыптасқан «ақшамен шешіледі» деген түсінікті жою қажет. Қазір заң үстемдік құрған заман. Мемлекеттік қызметке, қарапайым жұмысқа тұру да тек заңмен шешіледі. Халықтың құқықтық сауаттылығы артып, әрбір азамат заңды сыйлап үйренгенде ғана біз сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шауып, әділетті қоғам құра аламыз.
– Әділет органдары халыққа ашық әрі қолжетімді болуы үшін қоғамда қандай жұмыстар атқаруда?
– Қазіргі таңда біз халықпен тікелей ашық қарым-қатынас орнатуға ерекше көңіл бөлеміз. Әрбір азамат кез келген уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтарына, әділет органдарына немесе өзге де құзырлы мекемелерге жүгініп, қажетті түсініктеме ала алады. Сонымен қатар қазір әлеуметтік желінің заманы. Заңнама, құқықтық ақпарат, түсіндірме жұмыстары онлайн түрде қолжетімді. Азаматтар үйінде отырып-ақ бізге сауал жолдап, нақты жауап ала алады. Бұл – қоғамның құқықтық мәдениетін арттырудағы маңызды қадам деп білемін. Сондықтанда халық пен әділет қызметкерлері арасындағы ашық диалог сенім мен әділдікті нығайтады деп сенемін.
– Цифрландыру заң саласына қалай әсер етеді? Онлайн қызметтердің пайдасы мен кемшілігі қандай?
– Цифрландыру – уақыт талабы. Бұрын азамат арызын жазу үшін мекемеге барып, кезекте тұрып әуре болатын. Қазір бұл кедергілер жойылды. Енді үйде отырып та, тіпті жолда келе жатып та өз өтінішін немесе шағымын тікелей әділет органдарына жолдауға болады. Онлайн қызметтердің пайдасы – уақыт үнемдеу мен қолжетімділік. Әрбір өтініш электронды жүйеде тіркеліп, қаралу барысы қадағаланады. Ең бастысы қай қызметке жүгінсеңіз де, заң талаптары аясында әділетті шешім қабылданады. Бұл процестерді Ұлттық қауіпсіздік органдары да бақылауда ұстайды. Әрине, цифрландырудың белгілі бір техникалық қиындықтары кездесуі мүмкін, бірақ бұл уақытша мәселе. Жүйе жетілдірілген сайын азаматтар үшін ыңғайлылығы арта береді.
– Қазір алаяқтарға алданып, сан соғып қалғандар жетерлік. Алаяқтарға заңмен тосқауыл бар ма?
– Әрине, алаяқтыққа тосқауыл бар. Тек дәлел болса болғаны. Мәселен, аударымдар қолма-қол емес, тікелей банктік жүйелер арқылы аударылса заң алдында қорғап шыға аласыз. Себебі тіркелген номер арқылы алаяқтықты тез анықтай аласыз. Сондай-ақ белгілі бір келісімшартқа қол қояр алдын соныңа дейін оқып, кеілісімшартпен танысып шығыныз. Келісімшартта не жазылған, не туралы екенін мұқият оқыныз. Қазір бәрі онлайн жүйе болғандықтан асығыстық танытады. Сонында зардап шегеді. Ал әділет органдарына жүгінген жағдайда, алаяқтар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, шығынды қайта өндіріп ала аласыз, тек дәлел болса жеткілікті.
– Сотқа дейінгі татуласу, медиацияның дамуы туралы айта өтсеңіз…
– Сотқа дейінгі татуласу бұл қуантатын жағдай. Сотқа арыз берген жағжайда бес тәуліктің ішінде арызыныз қабылданғаны жайында хабарлама келеді. Кез келген істе ең әуелі сот екі тарапты медиацияға шақырады. Егер келісім берген жағдайда арыз қайта алынады. Ал келісім бермеген жағдайда сот әрмен қарай жалғасады. Жалпы сотқа дейінгі татуласу ерлі-зайыптылардың тарапы үшін тиімді. Себебі асығыспен қабылданған шешім, тек эмоцияға тәуелді, нақты шешімге емес.
– Заңгердің кәсіби этикасы дегенді қалай түсінесіз?
– Заңгер – тек заңды қолданушы емес, халықтың сенімді қорғаушысы. Бұл салада адалдық, табандылық пен адамгершілік қасиеттері қатар жүруі керек. Сонымен қатар айыпталушы тарап болсын, жәбірленуші тарап болсын екі тарапқа да бірдей қарауы тиіс. Жүктелген міндетті сонына дейін орындап, әділеттілікті басты ту ету қажет. Менің ойымша заңгердің кәсіби этикасы жұмысына деген адалдық деп білемін. Олардың азаматтық жауапкершілігі мен ұстанымы жоғары болуы тиіс. Сонда ғана жетістікке апарады. Өзіңізге жүктелген міндетті абыроймен атқару үшін адалдықты серік ету – басты мақсатымыз.
– Әділет күні сіз үшін қандай мәнге ие?
– Бұл мереке – тек кәсіби дата емес, біздің қоғам алдындағы жауапкершілігімізді сезіндіретін күн. Әріптестерімнің ерен еңбегін бағалайтын, алдағы жұмыста жаңа серпін беретін мереке деп білемін. Әділдік жолында жүрген барша әріптестерімді мерекесімен құттықтаймын.
– Сұхбатынызға рахмет
Әңгімелескен Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!