Қазіргі таңда облыс көлемінде заңсыз салынған нысандар жиі кездесе бастады. Қала бойынша 158-ге жуық заңсыз нысан бой көтерген. Бұл нысандарда тиісті жер актісі жоқ, рұқсат құжаттары рәсімделмеген, қауіпсіздік сақталмаған. Бұл заңсыздыққа тосқауыл бар ма?
Аймақ басшысының тапсырмасымен арнайы құрылған жұмыс тобы осы мәселеге байланысты тексеру жүргізіп, «Арай» шағын ауданындағы Текей батыр және Ж. Әбдіреев көшелерінің бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандардың бірқатарында заң бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, құрылыс жүргізу кезінде белгіленген сызықтан асып, мемлекет меншігіндегі жер телімдерін заңсыз иелену деректері тіркелді.
Мәселен, Ж. Әбдіреев көшесі бойындағы №9, №11 және №17а үйлерде құрылыс нормаларының бұзылғаны белгілі болды. Сонымен қатар осы ауданның аумағы тағы бір мәрте қайта тексерілді. Нәтижесінде «Табын» құрылыс дүкенінің аумағында да заңсыздықтар орын алғаны анықталды. Атап айтқанда, құрылыс материалдары көше бойына қойылған. Бұл – тек жолды бөгеп қана қоймай, тұрғындар үшін де қауіп төндіретін жағдай. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Мұндай жағдайда адам өміріне қауіп төнуі әбден мүмкін.
Сонымен қатар осы шағын аудандағы азық-түлік дүкендерінің біріне де заңсыз құрылыс жүргізгені үшін қатаң ескерту берілді. Дүкен иесі жаяу жүргіншілер жолын жауып тастаған.
Бұдан бөлек, қала маңындағы дүңгіршектер мен шағын тамақтану орындары – шайхана, донер орталықтары да тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдемей, өз қызметін заңсыз жүргізіп отырғаны анықталды. Көп жағдайда санитарлық талаптар да сақталмаған. Мұндай орындардан тамақ сатып алу денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.
Бұл жағдай тек шағын нысандармен ғана шектелмейді. Астана даңғылы бойында орналасқан «Айзере» кафесі де заң талабын сақтамағандардың қатарында. Мұнда да рұқсатсыз құрылыс жүргізілген.
Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлерге ескертулер беріліп, тиісті шаралар қабылданды. Тексеру жұмысы әлі де жалғасуда.
Заңсыз әрекеттен нәтиже шықпайтыны анық. Сондықтан заңға бағыну – әр азаматтың міндеті. Бұл өзгелерге де үлгі болуға тиіс.
Айдана Бахтия
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!