Облыс орталығында рұқсат етілмеген сауда орындары мен заңсыз құрылысқа қатысты рейдтік іс-шаралар күшейтілді. Қала әкімдігінің бастамасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, апта сайын тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Мақсат – қала келбетін бұзатын, тұрғындар мен қонақтарға қолайсыздық тудыратын заңсыз әрекеттерге жол бермеу. Сауда орындарындағы ретсіз саудаға тосқауыл қою – басты назарда.
Тексеру барысында «Қорқыт ата» сауда үйінің аумағында рұқсатсыз сауда орындарының көбейгені анықталды. Кейбір саудагерлер жаяу жүргіншілер жолын жауып, адамдардың еркін қозғалуына кедергі келтіруде. Мұндай жағдай қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, қала мәдениетіне де нұқсан келтіреді. Рейдтік топ құрамына ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік бөлімдерінің мамандары мен учаскелік полиция инспекторлары қатысты. Олар Қорқыт ата, Пушкин және Әбілқайыр хан көшелеріндегі сауда нүктелерін аралап, заңға бағынбаған кәсіпкерлерге ескерту жасады.
Алдағы уақытта ескертуге құлақ аспаған жағдайда, заң бойынша айыппұл салынады. Мамандардың айтуынша, мұндай рейдтер апта сайын тұрақты түрде жүргізіледі.

Тексеру жұмысы «Жаңа базар» аумағында да жалғасын тапты. Онда да заңсыз саудамен айналысқан, жаяу жүргіншілер жолын бөгеген кәсіп иелері анықталды. Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сауда нысандарын рұқсат етілген орындарға көшіру керектігі ескертілді.
– Қала әкімдігі жанынан арнайы жұмысшы топ құрылды. Мақсатымыз – заңсыз жер иеленудің, мемлекеттік жерді мақсатсыз пайдаланудың және рұқсатсыз құрылыс жүргізудің жолын кесу. Әсіресе жаяу жүргіншілер жолы мен аялдама маңында заңсыз сауда жасайтындар көбейді. Бұл – тұрғындардың жиі шағымданатын мәселесі. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыс қатаң бақылауға алынды. Алдағы уақытта рейдтік жұмыс тек бір-екі нысанмен шектелмей, қаланың барлық аумағында жүргізіледі. Басты мақсат – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, – деді қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысы Абылайхан Әуезханов.
Мамандардың айтуынша, алдағы аптада рейдтік іс-шаралар қаладағы өзге де базарлар мен сауда нүктелерінде жалғасады. Тұрғындардан түсетін өтініштер мен шағымдар да ескерілмек. Әкімдік өкілдері заңсыз сауда орындары мен құрылысқа қарсы күрес тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.
Қалада жүргізіліп жатқан рейдтер тек тәртіп орнату ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін маңызды.

Айдана Бахтияр
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!