Сейсенбі, 23 желтоқсан, 01:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№98 (2210)
23.12.2025
PDF мұрағаты

Зейнетке жинағаныңыз қанша?

23.12.2025

33 0

Келер жылдан бастап зейнетақы жинағының ең төменгі шегі тағы да өседі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазіргі және болуы мүмкін инфляцияны есептеп 10 пайызға көтеруді ұсынған. Яғни қарапайым жұртқа қол жетпеген зейнетақы жинағының шекті мөлшерін алу одан сайын қиындай түсті.

Зейнетақы жүйесіндегі маңызды көрсеткіш жеткілікті шегі екені белгілі. Азаматтар зейнет жасқа жеткен кезде салымшының шотында қалуы тиіс инфляциядан қорғауға бағытталған қаржылық қауіпсіздік жастығы іспеттес. Бұл көрсеткіш экономикалық жағдайға бейімделіп жыл сайын қайта қаралып отырады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ең төменгі шекті соманы есептеу кезінде үкімет бекіткен әдістемені қолданғанын алға тартады. Бірнеше факторды қамтыған есепте ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі, инфляция, инвестициялық кіріс және алдағы үш жылға арналған бюджет параметрлері назарға алынған. Биыл бұл есептеулер Қазақстан Республикасының «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңында бекітілген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер негізінде жүргізілді. Заңға сәйкес 2026 жылы ең төменгі жалақы 85 000 теңге, ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге, ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге көлемінде белгіленді. Дәл осы көрсеткіштер жеткілікті шегінің он пайызға өсуіне ықпал еткен.

Енді 20 жастағы азаматтың жинағы 3 млн 750 мың теңгеден асқан жағдайда қалған бөлігін пайдалана алады. Алдыңғысында бұл сома 3 млн 260 мың теңге еді. Сондай-ақ 30 жаста 5 млн 120 мың теңгеден асатын ақша зейнетақы шотыңызда болса, қалған бөлігін пайдалана аласыз. Ал 60-62 жастағы азаматтар үшін ең төменгі сома – 10 млн 700 мың теңге.

– Жеткілікті шегін есептеген кезде инфлияциядан өзге бірқатар әлеуметтік көрсеткіштер негізге алынды. Ең төменгі жеткілікті шегі дегеніміз ай сайынғы зейнетақының ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес көлемде қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының шекті сомасы деді, – «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов.

Осы айдың басында денсаулық сақтау министрлігі бірыңғай зейнетақы төлемін пайдалану қағидаларына өзге­ріс енгізді. Жаңа бұйрыққа сәйкес зей­нетақы жинақтарын стоматологияға да, офтальмологияға да қолдануға рұқсат берілмейді. Себебі зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану кезінде күмәнді жағдайлар анықталған. Мысалы, бір офтальмологиялық клиникамен шарт жасаған әртүрлі адамдардан өтінімдер түскен, алайда құжаттарда клиниканың түрлі қалалардағы түрлі мекенжайы көрсетілген. Тексеру нәтижесінде бұл мекенжайларда мұндай клиникалардың жоқ екені белгілі болған. Дегенмен осыған дейін құжат тапсырған азаматтардың өтініштері қанағаттандырылады. Қазіргі уақытта банкте «офтальмология» бағыты бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңге болатын 15 808 өтінім жатыр.

Офтальмология мен стоматология бойынша өтінімдер шектелгенімен, әлі де маңызды және қымбат ем-шараларға алуға болады. Салымшылар шектік сома­дан артылған ақшаны орфандық ауру­ларды емдеу, реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары, радио­нуклидтік және радиойодтерапия, радио­хирургиялық емдеу сияқты күрделі ота­ларды жасау үшін пайдалану мүмкіндігі бар. Экономист Айбар Олжайдан шектік соманың жоғары болу себебі сұраған едік. Айтуынша, шектік соманың көп болу себебі зейнетақы қорында жатқан ақшаның тек зейнет кезінде пайдалануын қамтамасыз ету.

– Халық зейнет жасына жетпей, ақша­сын алып қоймай, кейін зейнет жасына жеткенде табысы көп болуы мақсатында зейнетақы жүйесінің жасалғанын біле­міз. Соңғы өзгерістерде адамдар өз зейнетақысын емделу немесе  баспана алу үшін ала бастауы бұл мақсаттың керісінше болуына әсер еткендей. Үкімет тарапынан жинақ соманы қолдануға ба­ғытталған тыйымдардың барлығы бұл бағдарламаның ақырындап жабылғанын көруге болады. Менің пікірімше, ең әділ жолы бұл жобаның қажеті жоқ. Сол кезде баға да өспес еді. Қазір шектік сомманы көтерудегі мақсат адамдардың зейнетақы жинағында жатқан ақшаға барынша тиіспеуін қадағалауда, – деді экономист Айбар Олжай.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: