Сенбі, 01 наурыз, 15:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16,2129
01.03.2025
PDF мұрағаты

Зерттеудің жаңа әдісі немесе ғылымға ден қойған жас буын

01.03.2025

10 0

Қаладағы №212 мектепгимназиясында «Жасанды интеллект арқылы өлкенің тарихын зерттеу және басқару» тақырыбында облыстық семинар өтті. Ісшараға облыстағы білім беру саласының өкілдері, мұғалімдер мен оқушылар қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – жасанды интеллектті қолдану арқылы аймақтың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, жүйелеу және жаңғырту.

Семинар қонақтарын ұлттық мәдениеттің көрінісі ретінде қазақ халық аспаптарының әуенімен қарсы алды. Мектептің фойесінде республикалық және облыстық ғылыми байқауларда жүлделі орындарға ие болған оқушылар өз жобаларын таныстырса, Қызылорда қаласының тарихына қатысты архивтік және көне фотосуреттер көрмесі қойылып, келген қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Бұл жұмыстардың барлығы тарихи зерттеулерге инновациялық көзқарас ұсынатын ерекше ғылыми еңбектер болды.  Семинар барысында білім беру саласында жасанды интеллекттің мүмкіндіктері, тарихи деректерді талдау әдістері және өлке тарихын зерттеудегі жаңа бағыттар жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар оқушылар зерттеу жұмыстарын таныстырып, ғылыми ізденістерінің нәтижелерін көрсетті. Семинар аясында мектеп оқушысы Нұрай Сарсенбай ғылыми жобасын таныстырды. Зерттеу жұмысы республикалық ғылыми байқауда жүлделі І орынға ие болған.  Нұрай өз зерттеуінде Сыр өңірінен соғысқа аттанған корей жауынгерлерінің есімдерін анықтап, олардың майдандағы ерліктері туралы тың деректер жинағанын айтты. 

– Ғылыми жоба тақырыбы – «Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Сыр өңірі кәрістері». Жетекшім – Зинеш Атеева. Бұл зерттеуді бастаудағы негізгі мақсатым – Ұлы Отан соғысына қатысқан корей ұлты өкілдерінің жеңіске қосқан үлесін анықтау. Мен осы мектеп түлегі Айзат Ерболдың ғылыми зерттеуін жалғастырып жатырмын. Ол өз жұмысында бірнеше корей ардагерлерінің өмір жолын зерттеген. Мен, бұл тақырыпты тереңірек зерттеп, тың мәліметтер жинауға ізденіп жүрмін, – дейді ол.

Ғылыми зерттеу барысында Нұрай майдангерлер туралы мұрағат құжаттарын қарастырып, олардың ұрпақтарымен кез­дескен.

– Қазір корей жауынгерлерінің соғыстан кейінгі тағдыры мен олардың қоғамға қосқан үлесін зерттеудемін. Сонымен қатар осы тарихи деректерді жасанды интеллект арқылы жүйелеп, ғылыми айналымға енгізуді жоспарлап отырмын. Бұл жұмыс мен үшін өте маңызды, себебі ол ұмыт қалған ерлердің ерлігін жаңғыртуға көмектеседі, – дейді Нұрай Сарсенбай.

Оның ғылыми жоба­сы республикалық деңгейде жоғары бағаланып, жүлделі орынға ие болды. Ол алдағы уақытта өз зерттеуін кеңейтіп, жаңа деректермен толықтыруды жоспарлап отыр. 

Облыстық семинар барысында жас зерттеушілер өздерінің ерекше жобала­рын таныстырып, аймақтың тарихын зерттеуге қосқан үлесі туралы айтты. Солардың бірі – 10 сынып оқушысы Гүлнұр Өмірбаева. Ол «Алтын Орданың төрі болған Сығанақ қалашығының жаңалығы: Сығанақ ханшайымы және алтын әшекейлер» тақырыбындағы ғылыми жобасын таныстырды.

– Ғылыми жобамның мақсаты – өлкетану тарихын зерттеу, оны әрі қарай дамыту және түрлі тарихи реконструк­цияларды халық арасында кеңінен насихаттау. Сығанақ қаласы – Қазақ хандығының қалыптасуында маңызды рөл атқарған көне шаһарлардың бірі. Бұл жер кезінде ірі сауда және мәдениет орталығы болған. Мен өз жобамда Сығанақ қалашығында табылған алтын әшекейлерді зерттеп, олардың тарихи маңыздылығын көрсетуге тырыстым, – дейді ол.

Гүлнұрдың айтуынша, зерттеу барысында археологиялық қазбалар нәти­же­сінде табылған әшекей бұйым­дарды сараптап, олардың жасалу техникасы мен көркемдік ерекше­ліктерін анықтаған. Ол өзінің жетекшісі Ляйла Баймұратованың көмегімен бұл тақырыпты тереңірек зерт­теуге мүмкіндік алғанын айтады.

– Жоба барысында түрлі тарихи материалдармен танысып, реконструк­циялау әдістерін қарастырдым. Бұл тек өткеннің жаңғыруы емес, сонымен қатар халқымыздың мәдени мұрасын жаңа қырынан танытуға арналған еңбек. Алдағы уақытта бұл бағыттағы зерттеулерді жал­ғастырып, тың деректермен толықтырғым келеді, – дейді 10 сынып оқушысы.

Гүлнұр Өмірбаеваның бұл ғылыми жобасы өлке тарихын тануға, археоло­гиялық мұраны дәріптеуге және тарихи реконструкцияларды танымал етуге бағытталған маңызды жұмыс ретінде бағаланды. Ол өз зерттеуін әрі қарай дамытып, Сығанақ қалашығы туралы ғылыми материалдарды көпшілікке кеңі­нен насихаттауды мақсат етіп отыр.

Тағы бір ерекше көзге түскен бастама­лардың бірі –  мектептегі робототехника мен VR технологияларын кеңінен пайдалануы.

– 2023-2024 оқу жылында «Роботек» мектебінің ұйымдастыруымен «Озық ұрпақ» жобасы өткізілді. Бұл жоба талантты оқушыларға робототехника саласында білімін жетілдіруге мүмкіндік берді. Жоба жеңімпаздар қатарынан көрініп, Қызылорда облысы бойынша 5 мектеп тегін оқуға мүмкіндік алдық. Нәтижесінде 50 оқушы робототехника курсына тегін қатысу мүмкіндігін иеленді. Сонымен қатар жоба аясындағы ақтық сайыста осы 5 мектептің арасынан жүлделі орынға ие болдық. Бұл жеңіс оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығының жоғары екенін және олардың осы салада үлкен әлеуетке ие екенін көрсетті, – дейді №212 мектеп-гимназия мұғалімі Айгүл Ұлымбетова.

Білікті ұстаз оқушылардың робото­техникаға деген ынтасы мен алға қойған мақсаттары туралы айтты. Бұл жоба балалардың техникалық дағдыларын шыңдап қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға да көмектесуде.

– Оқушылардың робототехникаға де­ген қызығушылығы өте жоғары. Олар жаңа технологияларды зерттеуге, механизм­дер құрастыруға, бағдарламалауға және робот жасауға ерекше ынтамен кіріседі. Әр жоба олар үшін жаңа идеялар мен шығармашылық ізденістің бастауы. 2024-2025 оқу жылында «Роботек Про» платформасына тегін жазылдық. Бұл оқу­шыларға робототехника саласындағы білімдерін тереңдетуге және жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын көрген сайын олардың болашағына сеніммен қараймыз. Бұл тек ойын немесе қызығушылық емес, болашақ мамандыққа бастар жол. Робототехника арқылы балалар инженерлік ойлау қабілетін дамытып, жаңашыл идеяларды жүзеге асыруға үйренеді, – дейді Айгүл Ұлымбетова.

Семинар аясында білім ордасын 20 жыл басқарған мектеп басшысы, тарихшы Мырзахмет Жетпісбаевтың есімі берілген кабинет салтанатты түрде ашылды. Бұл кабинет – тек бір адамның еңбегін еске алу ғана емес, жас ұрпаққа білім мен ғылымның маңыздылығын ұғындыруға бағытталған ерекше орын. Ашылу салта­натына мектеп ұжымы, ардагер ұстаздар мен қонақтар қатысты.

Сонымен қатар семинар аясында әртүрлі тақырыптар бойынша ашық сабақтар өткізілді. Бұл білім беру сапасын арттыруға, оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуға және жаңашыл­дыққа ынталандыруға бағыт­талған.

Солардың ішінде ерекше атап өтерлік сабақтың бірі химия ғылымда­рының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазовтың қатысуымен өтті. Ашық сабақтың тақырыбы – «Күріш қалдық­тарын қайта өңдеу және олардың қолдану мүмкіндіктері». Бұл зерттеу жұмысы экология мен ауыл шаруа­шылығы сала­сындағы өзекті мәселе­лерді көтеріп, күріш қалдықтарын тиімді пайдалану жолдарын ұсынды. Оқушылар мен ұстаздар ғылыми тақы­рыптың маңыздылығын талқылап, жаңа­шылдыққа қызығушылық танытты.

Ашық сабақ барысында «Күріш қал­дықтарын қайта өңдеу және олардың қолдану мүмкіндіктері» тақырыбы талқы­ланып, оқушылар экологиялық мәселе­лерді шешуге бағытталған тың зерт­теулермен танысты.

Сабақты жүргізген химия пәнінің мұғалімі Айшолпан Тулекованың айтуынша, оқушылардың химия мен жара­­­тылыстану ғылымдарына деген қызы­­­ғушылығы жоғары.

– Қазіргі таңда біз химия саласында көптеген жетістікке қол жеткізудеміз. Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­­верситетімен бірлесіп, зерттеу жұмыс­тарын жүргізудеміз. Бұл зерттеулер тек университет қабырғасында ғана емес, мектеп базасында да жүзеге асуда. Бізге химия саласындағы жетекші ғалымдардың бірі, профессор Нұрбол Аппазов ғылыми жетекшілік етуде. Мұндай ынтымақтастық оқушыларға ғылыммен терең айналысуға, тәжірибе жасауға және зерттеу әдістерін меңгеруге үлкен мүмкіндік береді. Осындай жобалар арқылы оқушылар ғылыми ізденіс дағдыларын жетілдіріп, экологиялық мәселелердің шешімін табуға өз үлестерін қосуда, – дейді педагог-зерттеуші Айшолпан Тулекова.

Семинар жас ұрпақтың ғылым мен білімге деген құштарлығын арт­тыруға, олардың шығармашылық және зерттеу әлеуетін дамытуға бағыт­талған маңызды қадам болды. Мұндай бастамалар болашақ ғалымдар мен жаңа­ша ойлайтын буын қалыптасуына сеп болары сөзсіз.

София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: