Жексенбі, 22 желтоқсан, 19:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жәдігерлерді ел аралап іздеп жүрмін

22.03.2024

584 0

Сыр елі – ұлттық құндылықтардың мекені. Тамырсыз тасында да тарих тұнып тұратын аймақтың әрбір түкпірінде сан ғасырлық тарихты бойына сыйдырған жәдігерлер жетерлік. Ұлт мұрасын жинақтап, ұрпақ санасына сіңіріп жүрген музей қызметкері Әйгерім Бекқұлиевамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Әңгіменің әлқиссасын музей ұғымынан бастасақ… Өзі қайдан, қалай шыққан сөз?

– Музей грек тілінен аударғанда «муза сарайы» деген мағынаны білдіреді. Өнер адамдарының іздейтін музасы музейде жатыр. Музей алғаш пайда болған Греция арнайы үлкен зал болған. Халық сол залда жиналып, өздерінің өнерін көрсететін болған. Бірі ән шырқайды, бірі өлең оқиды. Кейін сол залда бір орын пайда болады. Сол орынға халық үйіндегі көне дүниелерін әкеліп қоя бастайды. Заттар жиналып, қоймаға айналған кезде оны ашып, келген халыққа көрсететін экспозициялық құрылым жасақтайды. Оны таныстыратын экскурсовод қажет болады. Осылай орталарынан оны баяндайтын адам сайлайды. Осылай музей құрыла бастайды. Бүгін де музей – тарихи эскпонаттарды, жәдігерлерді сақтайтын ғана орын емес, түрлі іс-шаралар өткізетін де мәдени мекеме.

– Үнемі ел аралап жүресіз. Жәдігерлерді ел аралап, үйді-үйге соғып, ұлт мұрасының қорын толтырып жүрген еңбегіңіз көзі қарақты оқырманға таныс. Осы экспедиция туралы айтсаңыз…

– «Сыр өңірі бойынша далалық экспедиция және империкалық зерттеулер» атты музей экспедициясы ұйымдастырылып келе жатқанына 5 жыл болды. Музейдің мүмкіндігі бойынша ауыл-ауылды аралап, халықтың қолындағы жәдігерлерді жинап жүрміз. Негізгі миссия – өңірдің тарихын баяндайтын, халықтың тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін жәдігерлер жинақтау және ұмыт қалып бара жатқан халық ауыз әдебиеті туындыларын жинау. Бір қызығы, ел аралап жүріп, ұсталардың дүкендері болғанын біліп, бағытымыз күрт өзгерді. Биыл «Сыр өңірі – ұсталар ұстаханасы» атты бөлек экспедиция ұйымдастыруды жөн көрдік. Өйткені Сыр өңірінде ұсталар көп. Бұл тақырып мен үшін өте қызық. Халықтың ұсталарға деген құрметі ерекше, олардың дүкендері болмаса да, орнын қоршап, әлі күнге дейін жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыр.

– Ұсталар туралы арнайы тақырып бөліп, жеке-дара қарастырып көрдіңіз бе?

– Өзім өте қатты қызыққан осы тақырыпқа кейін арнайы бет бұрдық. Экспедиция тақырыбы жалпыдан жалқыға өтті. Ұсталар тақырыбына ауысып кеттік. Ұстаның ұстаханасын дүкен деп атағаны, дүкен сөзінің тарихы ұстаханада жатқаны біз үшін өте қызықты болды. Мені ұсталардың қызықтырғаны, ұста тек ұста болмаған, ол міндетті түрде сынықшы, емші, бақсы, көріпкел болған. Осы емшілік қызмет ұсталықпен қатар жүрген. Зерттей келе сол емшіліктің отпен тікелей байланысты екенін түсіндім. Қолөнер шеберлері көп: етікші де, кілем тоқушы, ши тоқушы, киіз басушы, ағаш ұстасы да бар. Емшілік қасиет олардың бірде біреуінде жоқ, тек темірден түйін түйіп, отпен жұмыс істейтін ұстада ғана болады екен. Оттың киелі культ екенін түсіндім. Оттың қасиеті ерекше екенін сезіндім. Отпен байланыстыра отырып, ұсталарды зерттеуді қолға алдым.

Экспедиция барысында табылған жәдігерлерге байланысты айтып өтсеңіз…

– Ғасырлық тарихы бар бесік табылды. Одан бөлек, дәрі үгіткіш немесе тағы біреулер насыбай езетін құрылғы дейді, кішкентай елі де біздің назарымызға ілікті. Түрлі елеуіш, жылдар бойы сарайда жатқан сандық, келі, келсап, күбі, піспек, диірмен де табылып, музей қорына тапсырылды. Әрбірінің өзінің тарихы бар. Үш әженің қолынан өткен келі де біздің қолымызға түсті. Зерттеген сайын тың тақырыптар табылуда. Этнографиялық жәдігерлерді жинақтауда шеберлердің жасаған асыл дүниелерін көрдік. Ал экспедицияның мақсатына сай сол шеберлердің құрал-саймандарымен таныстық. Көздің майын тауысатын зергерлердің білезік, сырғаларын, әшекей бұйымдарын көріп қызыққанымызбен, оның артындағы орасан зор еңбекті, қандай саймандармен жасағанын біле бермейміз. Біз сол құрал-саймандарды жинақтап жатырмыз. Көбісі сақталмаған, бірақ мүмкіндігінше қарап жатырмыз. Мысалы, Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында Файзулла Тілеуқұлұлы деген ұста болған. Базарқожаның ұрпағы. Әшекей бұйымдарды жасайтын қалыпты өзі істеген. Әкесінен ұсталық дарыған ұлы Мейірімхан музей қорына әкесінің құрал-саймандарын үлкен құрметпен табыс етті. Ұсталардың құрал-саймандарына тіл бітсе, талай сырды ақтарар еді-ау…

– Сұхбат барысында сіздің мамандығыңызды ерекше жақсы көретініңізді, әрбір ісіңізді жан-тәніңізбен беріле мұқият орындайтыныңызды байқап отырмын. Негізі бітірген мамандығыңыз осы салаға жата ма?

– Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Оқу бітіріп, жұмыс іздеген сәтімде музейден экскурсовод қызметі бұйырды. Осылай үш ай экскурсовод болдым, одан кейін ғылыми қызметкер болып еңбек еттім. Өзіме әсер еткен қызықты мағлұматтарды «көрген-баққаның музей болса» деген хэштегпен әлеуметтік желіде де жариялаймын. Білесіз бе, менде қазір үлкен бір мақсат бар. Ол – музей қызметкерлерінің мәртебесін көтеру. Жұмысынан шаршаған таныстарым «музейде жұмыс бар ма? Оңай жерге ауысқым келіп еді, мына жер қиындап кетті. Музейге барып демалсам деп едім» деп жатады. Осы сөз менің жаныма батады. Музей ісін оңай көреді. 2020 жылы «Асыл мұра» деген бағдарлама ашып, музей қорындағы жәдігерлерді музей қызметкерлерінің өзі таныстыратынын айтып, басты талапқа айналдырдым. Бұл жоба Қазақстан музейлерінің арасында өтетін дәстүрлі фестивалде «Үздік музейлік жоба» номинациясын жеңіп алды. Биылдан бастап облыстық «Қызылорда» телеарнасында «Жәдігер баян» деген жобамыз жарық көруде. Жобада музей қорына жаңадан түсіп жатқан жәдігерлерді музей қызметкерлері таныстырады. Әсіресе жеті ауданның қызметкерлеріне біраз мүмкіндік беріп отырмыз. Мұның барлығының ар жағында музей қызметкерлерінің  мәртебесін көтеру мақсаты тұр.

– Халықты музейге тартуға қандай қадам жасалуда?

– Әлемдік тенденцияда музейдің үш түрі қалыптасып келеді. Алғашқы топты дәстүрлі музей деп алсақ, екіншісі – заманауи бағытта. Үшіншісі – аралас музей. Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейі үшінші бағытқа жатады. Бүгінгі қоғам дәстүрлі музейден заманауи музейге жайлап көшуде. Біз дәстүрлі музей құрылымдарын заманауи музейге бағыттап, сенсорлық киоскілер, лед экрандар, аудиогидтер пайдаланамыз. Сол себепті, аралас музей құрылымына жатады. Музей экспонаттары да уақытпен үйлесе отырып, жаңарып келеді. Меніңше, экспонат емес, сол экспонат арқылы экскурсантқа берілетін сезім маңызды. Мұны өзімнің тәжірибемде жиі пайдаланамын. Мәселен, монолог емес, диалогқа негіздеймін, экспонатқа арнап, өлең шығарамыз. Халыққа жәдігерлерді айтып көрсету мен қолмен ұстатып, ұғындыру екі бөлек нәрсе. Сондықтан біз қолмен ұстауға болатын жәдігерлерді қайта жаңғыртудамыз. Мәселен, музей қорында сақталмаған, бірақ ата-бабамыз тұтынған бір затты ел аузынан суретін сөзбен салдырып алып, оны қайта жасатып шығардық. Әрине, мұның артында үлкен қаражат тұр. Сол мәселені шешіп берген музей басшысы Сапар Көзейбаевқа алғысымыз зор. Мысалы, бұл қатарда жастық ағашы, неке кесесі, кір шомбал, шаш қап, малшылар пайдаланған тұяқ тақа, шоқпардың бір түрі бос мойын қайта жаңғырды. Тұсаукесер әшекейі ерте кезде көп қолданылған. Осындай дүниелер арқылы біз музей қорын толықтырдық.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: