Тәуелсіздікке – 25 жыл даңғылының бойы жаңа өзгерістерге ие болды. Мұнда қазір жол бойымен келе жатсаңыз, қазақтың хандары мен батырлары, билері мен шешендерінің суреті бейнеленген. Ұлт тарихын ұрпақ санасына сіңірудегі заманауи әдіс.
Мұхит Мырзалиев бауырлары, достарымен бірге осы суреттерді толық мойынға алған. Бұл күнде қазақ тарихын айшықтайтын суреттер жиынтығы да өз мәресіне жетіп қалды. Жігіттер қолына ыдыстағы бояуды алып, суретке жан бітіріп жүр.
– Мұндай жұмысты Қазақстан бойынша тек Алматы мен Қызылордада ғана жасадым. Мұндай суреттерді жиі салып жүрсем де, бұл – көпжылдық тәжірибемдегі ерекше жұмыс екені рас. Батырлар мен жай адамдарды салғанда айырмашылығы, батырдың болмысы бөлек болуы керек. Қазір балалар кітап оқымайды, ал жол бойында салынған сурет өткен-кеткеннің кеудесіндегі ұлтжандылықты оятары сөзсіз, – дейді суретші.
Қызылордаға 2020 жылдары бірінші мәрте келген өнер адамы осы күнгі Қызылорданың ажары айшықталып тұрғанын айтады. Өзінің қолынан шыққан туынды да сол әсем қаланың көркін жарқырата түсеріне сенімді.
– Ару Алматыдан келсем де, Қызылорданың көркі таңғалдырды. Көшелері кеңейген, жыл бойы тоқтаусыз құрылыс жүріп жатыр. Бұрын көрген бос алаңқайларға зәулім сарайлар тұрғызылыпты. Алдағы бірнеше жылда Қызылорда мұнан да әдемілене түсетініне сенемін. Дәл осы қарқынмен еліміздің ең әдемі қаласына айналар сәті де алыс емес, – дейді Мұхит Мырзалиев.
Маманның айтуынша, мұнда қолданылып жатқан бояуға зауыт 5 жыл кепілдік береді екен. Қар мен жауынға, басқа да табиғат құбылыстарына жақсы төтеп беретін көрінеді.
– Зауыт бес жыл дейді, бірақ мен он жыл кепілдік бере аламын. Егер де мына бұйылған бетонның сапасы жақсы болса, ол үгітіліп түспесе, бояу өңбейді де, өшпейді де. Дәл осы қалпында он жылдан кейін көре аласыз, – дейді суретші.
Расымен, жағалауда жаныңды жадыратар көрініс көп. Тақтайдай тегіс жолдың бойында бара жатып, Мұхиттың қолтаңбасын қабырғадан көресіз. Жай ғана көріп қоймай, қазақ тарихын парақтай өтетініңіз анық.

Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!