Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен Жайлы мектеп» ұлттық Жобасы аясында Сыр өңірінде төртінші Жайлы мектеп ашылды.
Қызылорда қаласындағы 600 орындық мектептің ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, қала тұрғындарын еңселі де сәулетті мектептің ашылуымен құттықтады.
– Президентіміз «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деген болатын. Жаңа мектептердің ашылуы – бұл жай ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде білім алатын оқушыларға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 6 900 орынға арналған 10 мектеп салу жоспарланып, оның алғашқы 900 оқушыға арналған мектебін өткен жылдың қазан айында сол жағалаудан табыстадық. Осы айдың басында Жаңақорған ауданының Жаңарық ауылында және Арал қаласында 300 орындық 2 жайлы мектеп ашылды. Бұл арқылы Жаңарық ауылындағы бейімделген ғимаратта орналасқан, Арал қаласындағы үш ауысымды оқытуға көшуі мүмкін мектептердегі орын тапшылығы мәселесі шешімін тапты.
Бүгін, міне, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен жүзеге асқан, құны 4 млрд 732 млн теңге болатын 600 орындық жайлы мектепті шәкірттер мен ұстаздар игілігіне береміз. Жаңа нысанды салу арқылы бейімделген ғимаратта орналасқан Әбу Құдабаев атындағы №197 орта мектептің мәселесін шештік. Құрылыс басталғалы бері балаларымызға қала ішіндегі басқа мектепте оқуына тура келді. Ұрпақ игілігіне бағытталған ортақ істе түсіністік танытқан барша ата-аналарға алғысымызды білдіреміз. Жасампаз істердің жаршысы болатын жеткіншектерімізенді қолайлы әрі қауіпсіз, заманауи жабдықталған, кең де жайлы мектепте білім алатын болады. Бүгін табысталған жаңа білім ғимаратынан алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол. Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болғай, – деді аймақ басшысы.
Айтулы шарада аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен құрылыс мекемесінің мамандары марапатталды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектеп инновациялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мектептің бастауыш, орта және жоғары буынды оқытуға арналған блоктары бар. Кең спорт залы толығымен спорттық жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ оқу зертханаларымен физика, химия, биология кабинеттері, робототехника және компьютерлік сыныптар, STEM зертханалар заманауи жабдықталған.
Оқушыларды жан-жақты дамытуға және педагогтердің белсенді жұмысына арналған акт залы, оқу залы бар кітапхана, ыңғайлы коворкинг орталықтары жұмыс істейді. Мұның бәрі оқушылардың білім сапасын арттыруға, қабілеттері мен таланттарын ашуға, өскелең ұрпақтың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!