Сенбі, 22 ақпан, 14:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№14,2127
22.02.2025
PDF мұрағаты

«Жайлы мектепте» оқығым келеді

22.02.2025

153 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін дамыту және мұғалімдерді қолдауға көңіл бөлу қажеттігін атап өтіп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қабылдауды тапсырған болатын.

– Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысымнан оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қаңтар айында қаламыздағы КБИ шағын ауданындағы №197 білім ошағы «Жайлы мектеп» болып, оқушыларға есігін айқара ашты.  «Жайлы мектептің»  жайы қызықтырып, жаңа білім ордасына арнайы бардық.

№197 орта мектебі­нің директоры Еркін Ақшалов бізді жылы шыраймен қарсы алды. Бұл білім ордасы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша қалада пайдалануға берілген екінші мемлекеттік білім беру ұясы. 

– КБИ шағын ауданы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Жаңа тұрғын  үй кешендері, әлеуметтік және кәсіптік нысандар қаз-қатар бой көтеруде. Алайда бұл үрдістен бүгінгі күнге дейін мектеп мәселесі ғана шет қалып келген еді. Бүгін тұрғындардың сұранысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясын­да қанағаттандырылды. №197 орта мектеп кезінде жатақхана ретінде салынған ескі ғимаратта орна­ласқан. Нысан 1980-жылдары бой көтеріп, КБИ шағын ауданында мектеп болмағандықтан, 1995-жылы бұл ғимаратты мектеп етті. Бір ауысымда 400 оқушыға арналса, мұнда осы уақытқа дейін  950-ден астам бала білім алып келді. Уақыт өте келе мектепке қосалқы ғимарат салынып, спорт зал мәселесі шешімін тапты. Десе де жатақхана ретінде салынған нысан балалардың қажеттіліктерін толық қанағаттандырмады. Сондықтан №197 мектеп ғимаратын сүріп, орнына 600 орынға арналған мектеп салу туралы шешім қабылданған. Қазіргі таңда мұнда 1051 бала білім алуда. Сонымен қатар 116 мұғалім қызмет атқарады. Оның ішінде 110 жоғары білімді, 6 мұғалімнің арнайы орта білімі бар. Оқу ордасында барлық жағдай жасалған. 138 орындық акт залы ерекше көзге түседі. Сондай-ақ би залы, кітапхана да бар. Оқушылар үшін 2 спорт залы салынған, – деді мектеп директоры Еркін Ақшалов.

Заманауи жайлы мектепте балаларды қабілетіне қарай түрлі бағытта бейімдеуге барлық жағдай жасалған. Мектеп бірнеше блоктан тұрады. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау құралдары орнатылып, балалардың қауіпсіздігі түгел қамтамасыз етілген. Тіпті оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған шкафтар да қойылған. Мұнда білімді оқушылар соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар мектеп заманауи лабораториямен жабдықталған.  Физика, химия, билогия және роботехника пәндері бойынша арнайы құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалған. Одан бөлек, ұл-қыздарды еңбекке баулу үшін қыздарға арналған тігін шеберханасы, ұлдар үшін ағаш жону аппараттары да бар.  Тіпті болашақ аспаздарды дайындауға арналған «тамақтану мәдениеті» деп аталатын арнайы кабинет те қамтамасыз етілген. 

– Білім мен ғылым дамыған заманда, ақпарат пен техниканы ұштастырып отырып балаға озық білім беру – уақыт талабы. Мектептегі кабинеттің барлығы соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Балалардың сабақ оқуына, білім алуына толық жағдай жасалған. Сонымен қатар мектебімізде үйірмелер жұмыс істейді. Спорт, қолөнер, сурет, домбыра, би үйірмелеріне оқушыларымыз қатысады. Одан бөлек мектептен тыс басқа үйірмелерге қатысатын оқушыларымыз да бар. Робототехника, цифрлық сауаттылық, дизайн және қолөнер кабинеттерінде оқушыларға барлық мүмкіндіктер жасалған. Оқушылардың қызығушылығы өте жоғары, көңіл-күйлері көтеріңкі. Қысқа мерзімнің ішінде барлық жағдайы жасалған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы салынған мектеп үшін ата-аналардың, мұғалімдердің, өзімнің атымнан алғысымды айтамын.  Бұл жоба білім беру қажеттіліктерін ғана емес, сонымен қатар балалардың таланттарын дамытуға мүмкіндік беретін орта қалыптастырады деген сенімдеміз, – деді мектеп директоры.

Қазіргі таңда №197 орта мектебі сапалы білім беруде алдыңғы орыннан көрініп келеді. Сондай-ақ зәулім де биік ғимарат шағын ауданның көркі­не көрік қосып тұр. Мұғалімдер әрбір шәкір­тінің білім нәрімен су­сындауына, жан-жақты бәсе­кеге қабілетті болып қалыптасуына күш жігерін жұмсап келеді. Өйткені олар алдарына келген әр бала келешек елдің тұтқасын ұстар азаматтар болып шығатынына сенеді. Осы бағытта дұрыс бағыт-бағдар беріп жүр. Мұны айтуымыздың себебі, биылғы түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығы жоғары. Тіпті алтын белгі мен үздіктер қатарынан көрінетін оқушыларда бар.

– Бізге де, оқушыларға да осындай жаңа заманауи құрал-жабдықтармен зәулім нысанда жұмыс істеген ұнайды. Оған мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Осындай үлкен қолдау барда біздің алдымыздағы жауапкершілік те еселенетінін жақсы білеміз. Сондықтан шәкірт тәрбиелеуде шабытымызды еселеп, жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін алға ұмтыламыз,  –деді мектеп директоры Еркін Ақшалов.

«Жайлы мектепте» оқығым келеді

Адам баласының тұлға болып қалыптасуына мектеп қабырғасында алатын тәрбие мен білімнің алатын орны зор екені белгілі. Олай болса «Жайлы мектептен» талай тұлға өсіп шығары сөзсіз.

Елдегі білім саласының басты мақсаты да осы – бүгінгі ұрпақтан білімді, бәсекеге қабілетті, қоғамға пайдасын тигізетін азамат қалыптастыру екені айқын.

Бұған дейін сол жағалаудан «Жайлы мектеп» ашылғаны белгілі. Жаңа білім ұясы туралы да жазып, «Жайлы мектептің» суретін әлеуметтік желіге жүктеген едім. Суретті көрген қанша оқырман хабарласып мектеп жайында сұрады. «Қандай мектеп, жақсы екен. Баламды қалай беремін, тегін ба?» деген сұрақтар қойып, қызығушылық танытты. Яғни ата-аналар баласын жайлы да, жақсы мектепке оқытқысы келеді.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: