Биыл еліміздегі мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толуына орай «Халыққа қолайлы инфрақұрылым. Жайлы шаһар жасау бастамалары» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Оған республиканың сегіз өңірінен келген қалалық мәслихат төрағалары мен депутаттары қатысты.
Ақтау, Орал, Ақтөбе, Тараз, Талдықорған, Көкшетау, Семей, Павлодар қаласынан келген халық қалаулылары ең алдымен қала әкімі Серік Қожниязовтың қабылдауында болды. Шаһар басшысы қаланың даму барысына тоқталып, өзара пікір алмасты. Мұнан соң семинар-кеңес өтті. Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев төрағалық етті.
Қызылорда қаласы әкімінің орынбасарлары Дархан Тұрсынбаев, Айдос Кентуғаев «Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары туралы», Қызылорда қаласының сәулеттік келбетін жаңғырту, «Дизайн код» жобасы жайында және облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Балжан Шәменова «Бюджетті жоспарлау, орындалуын бақылау» мәселесі бойынша баяндама жасады.
ҚАЛА БЮДЖЕТІ АРТЫП,
ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев баяндады.
– Өткен жыл толайым табыстарға толы болды. Эко¬номикамыз еселеп артып, даму деңгейі бойынша барлық салада өнімді өсімдерге қол жеткіздік. Бұл – бірлік пен тынымсыз тірліктің нәтижесі. Өңдеуші өнеркәсіп көлемі – 5,3, инвестициялар тарту – 36,5, құрылыс жұмыстарының көлемі – 28,2, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі – 3,2 пайызға және сауда көлемі – 2,4 пайызға артты, ауылшаруашылығының жалпы өнімі – 100 пайызды құрады.
2024 жылға бекітілген қала бюджеті 58,2 млрд теңге болса, бүгінгі күні 74,3 млрд теңгеге нақтыланды. Оның ішінде қала бюджетіне республикалық және облыстық бюджеттен 35 млрд теңге трансферт бөлініп, 100 жоба жүзеге аспақ.
Тұрғын үй бойынша былтыр құрылысы басталған Сырдария өзенінің сол жағалау бөлігінде 7 қабатты 84 пәтерлі ипотекалық 6 тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға биыл облыстық және қалалық бюджеттерден 1,7 млрд теңге қаралды. Сонымен қатар осал топтағы отбасыларына 200 пәтер және 135 пәтер жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға сатып алуға 4,2 млрд теңге бөлінді.
Білім нысандарына тоқталсақ, сол жағалаудан құны 2,4 млрд теңгені құрайтын оқушылар сарайы және құны 7,9 млрд теңге болатын 300 орынға арналған жатақханасы бар 400 орындық физика-математикалық мектеп-интернатының құрылысы биыл аяқталып, ел игілігіне табысталады. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша бастау алған білім нысандарының 5-ін биыл аяқтау жоспарланып отыр. Қалған 3 мектептің құрылысы келер жылы аяқталады. Осындай халық сұранысына қажетті ғимараттардың құрылыстары биыл да жалғасуда. Яғни сол жағалаудан құны 4,8 млрд теңгені құрайтын музыкалық колледждің құрылысы қарқын алды. Оның алғашқы жұмыстарына облыстық бюджеттен 904 млн теңге бөлінді.
Денсаулық, спорт нысандары бойынша құны 2,9 млрд теңге болатын облыстық қан орталығының құрылысын аяқтау биылға жоспарланған. Ал жоба құны 36,4 млрд теңгені құрайтын ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар, 300 төсектік көпбейінді аурухана салынуда. Спорттық ойындардың бірі – үстел теннисі де бас шаһарда дамитын болады. Сол жағалаудан жаңа үстел теннисі орталығының іргетасы қаланды. Бюджеті 2,7 млрд теңгені құрайды, оның жартысы «Самұрық қазына» қоры арқылы бөлінді.Сонымен қатар дәл осы аумақтан құны 21 млрд теңге болатын 7000 орындық стадионның құрылысы басталды.
Инфрақұрылымды дамытуға келсек, облыс әкімінің үйлестіруімен «Акса энерджи» түрік компаниясы құны 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының құрылысын бастады. Ол 2025 жылы іске қосылып, қаланы сапалы жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етеді деп жоспарлануда. Меценат Болат Өтемұратовтың қолдауымен басталған, құны 15,7 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы да таяу күндері алғашқы жолаушыларын қабылдайды. Сырдария өзенінің сол жағалауынан іргесі қаланған жаңа автовокзал пайдалануға берілді. Құны 975 млн теңгені құрайтын сапаржайды барлық стандарттарға сай деуге болады.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағыты бойынша «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылының бойында «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірі салынбақ. Оған облыстық бюджеттен 142,8 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталып, жақын күндері құрылыс-монтаж жұмыстары бастау алды.
Қаланың негізгі көшелерінің бірі болып саналатын 2 жолақты көшелерді 4 жолақтыға кеңейту жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі таңда жоба құны 3 млрд теңгені құрайтын ұзындығы 2,9 шақырым болатын Қожа Ахмет Яссауи көшесі және құны 434,4 млн теңгені құрайтын ұзындығы 2 шақырым болатын Е.Көшербаев көшесін қайта жаңғырту үшін республикалық және облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаралып отыр. Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін жол салуға республикалық бюджеттен 100 млн теңге, облыстық бюджеттен 284,5 млн теңге, барлығы 384,5 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Қала аумағындағы ұзындығы 46,3 шақырымды құрайтын жалпы сомасы 4,7 млрд теңгеге 42 көшені орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 72 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары салынуда. Сонымен қатар Қызылжарма ауылдық округіндегі 5 көшені күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 587 млн теңге қаржы бөлінді.
Абаттандыру жұмысы да қарқын алды. Меценат Асқар Әубәкіровтың демеушілігімен 1 млрд теңгеге және облыстық бюджеттен бөлінген 800,8 млн теңгеге орталық алаңға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Замануи дизайнмен жасалып жатқан орталық алаңның құрылысы жазда аяқталады деп жоспарлануда. Қорқыт ата университеті және демеушілер қолдауымен Қорқыт ата университетінің алдындағы ботаникалық саябақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қаланы көгалдандыру мақсатында «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылды.
Бұдан бөлек, қала аумағындағы 25 көпқабатты тұрғын үйдің аула¬сындағы балалар ойын алаңдарына күрделі жөндеу жұмыс¬тарын жүргізуге облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қара¬лып, құрылыс жұ¬мыстары жүргізілуде. Қазіргі заман талабына сай 10 аял¬дама салу үшін жергілікті бюджеттен 52,5 млн теңге қаралып отыр.
Қызылорда қаласы бойынша 54 көшеге жарық бағаналарын орнату үшін республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Облыстық бюджеттен бөлінген 1,8 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 48 шақырым болатын қаланың 40 көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары қолға алынса, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 979,3 млн теңге бөлінді. Оған қоса модернизация жұмысы да назардан тыс қалмайды.
Газдандыру жобасына келсек, Ақжарма ауылдық округіне қарасты Баймұрат батыр, Талдыарал елді мекендері және Төрттам учаскісіне жаңадан газ құбырын жүргізуге қалалық бюджеттен 140,9 млн теңге бөлінді. «Ауыл – ел бесігі» жобасына барлығы 16 жобаға 1 млрд 234 млн теңге бөлінді. Жобаларды аяқтау үшін республикалық бюджетке 4,6 млрд теңгеге, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 587 млн теңге бюджеттік өтінім ұсынылды, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Семинарда дизайн код бойынша баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары Айдос Зейнуллаұлы өз сөзінде «Дизайн код қаламыздың көп жылдар бойы қалыптасқан ғимараттардың сыртқы қасбетінің үлгісі қандай болу керектігі, оның түсі, құрылыс жұмыстарына қолданылатын материалдар, оның ішінде ғимараттардың қасбетіндегі әртүрлі үлгіде жасалған жарнаманың бір биіктікте, бір деңгей мен көлемде орналастыру, қасбеттерді біркелкілендіру, көшелердің сәулеті бірыңғай үлгіде (жарық шамдары, брусчатка, қоқыс жәшігі) тәртіптелетін құжаты болады», – деп атап өтті.
Ал Балжан Мөрәліқызы семинар-кеңес барысында облыс әкімінің тапсырмасымен бюджетті арттыру, тиімді игеру мәселелері бойынша қолға алынған тиімді жұмыстарды атап өтті. Соңғы үш жылда Қызылорда облысының бюджетінде айтарлықтай үлкен өсім бар. 2023 жылы облыс бюджеті 601,3 млрд теңгеден асты. Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда 55,3 пайызға артық.
– Бұл ретте облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының табанды еңбегі мен іскерлігін атап өткен жөн. Облыс басшысының тапсырмасымен аймақ бойынша өзекті мәселелер жинақталып, жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті министрліктермен жүйелі жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде республикалық бюджеттен қаржыландырылған жобалардың үлесі артты. Бюджеттің ұлғаюына қызылордалық Парламент депутаттары мен сала басшылары да өзіндік үлестерін қосуда. Сонымен қатар бюджет қаржысының тиімділігін арттыру үшін облыстық мәслихаттың экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының басшылығымен құрамына мүдделі облыстық басқармалар өкілдері енген жұмыс тобы құрылып, салалар бойынша бөлінген бюджет қаржысына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Қорытындысында ауқымды қаржы үнемдеуге мүмкіндік туды. Атап айтқанда, облыстың білім беру ұйымдарына бөлінген қаржының бюджеттік заңнама нормаларына сәйкестігі зерделеніп, нәтижесінде жоспардан тыс қаралған қаржы, яғни, 12,9 млрд теңге, спорт саласы бойынша 3,8 млрд теңге бюджетке кері қайтарылған.
Үнемделген қаржы аймақтың бірінші кезектегі мәселелерін шешуге жұмсалуда, – дейді Балжан Шәменова. Семинар жұмысы қаладағы әлеуметтік-экономикалық маңызды нысандарды аралаумен жалғасын тапты.
Қаланы аралау барысында қала қонақтары шыны зауыты, «Мағжан и К» ЖШС күріш өңдеу және ас тұзын өндіру зауыты, «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы, отбасы орталығының жұмысы, облыс әкімдігінің «Ахуалдық орталығы», тұрғын үй-құрылыс комбинаты, «Анаға тағзым» орталығы, сырты заманауи панельмен қапталған көпқабатты тұрғын үйлер мен ауладағы ашық ойын-спорт алаңы, жаңадан салынған автовокзал жұмысы мен сол жағалаудың дамуы барысымен танысты. Семинарға қатысушылар қаланы көгалдандыруда мемлекеттік меншікке қарайтын кәсіпорын ашу тиімділігі, кәсіпкерлердің өз туған жерін түлетуге үлес қосып, әлеуметтік нысандарды салуда белсенділіктеріне ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ бюджетті тиімді игеру және қаланың даму ерекшеліктерін атап өтті. Сондай-ақ қатысушылар семинар-кеңесте тәжірибе алмасу арқылы тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру жұмысына оң ықпал ететіндігіне сенім білдіріп, шаһардың дамуына оң бағасын берді.
Ал семинарды қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев қорытындылады.
– Еліміздің 8 өңірінен қалалық мәслихат төрағалары мен депутаттары келіп, тәжірибе алмасты. Қала әкімімен кездесіп, қаладағы нысандарды аралап шықты. Өңірден келген қонақтар Сырдың бас қаласындағы серпінді жобаларға, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді, – деді.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!