Сейсенбі, 22 шiлде, 15:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№54, 2167
22.07.2025
PDF мұрағаты

Жамбылдықтардың Cыр еліне сапары

22.07.2025

53 0

Сыр өңіріне Жамбыл облысынан арнайы делегация келіп, Қызылорда қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және қоғамға қызмет көрсету бағытындағы озық үлгілерімен танысты. Алаштың Ақмешітіне ат басын бұрған жамбылдық меймандардың бұл ресми сапары қос өңір арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеру, өзара тәжірибе алмасу және тиімді байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылған.

Алғашқы бағыт Қызылордадағы балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болды. Мұнда Жамбыл облысынан келген қонақтар ерекше күтімді қажет ететін балаларға көрсетіліп жатқан қызметтің сапасына, мекеме жұмысын ұйымдастыру жүйесіне, мамандардың кәсіби біліктілігіне айрықша назар аударды. Бұл орталық 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ғимарат 7 блоктан тұрады, оның ішінде 2, 4 және 5-блоктар балаларға арналған. Жалпы орталық 130 балаға арналған болса, қазіргі таңда мұнда 112 бала ем алуда. Оның 55-і толық стационарлық, ал 37-і жартылай стационарлық жағдайда ем-дом қабылдауда.

Бірлік пен мейірім ұялаған мекемеде тек қазақ емес, өзге ұлт өкілдерінің де балалары бар екенін көзіміз шалды. Ұлты бөлек болғанымен, отаны ортақ бүлдіршіндер бір үйдің баласындай тәрбиеленіп жатыр. Тіптен басқа облыстардан келген балалар да қамқорлыққа алынған. Бұл Сыр еліндегі әлеуметтік бағыттағы қызметтің сапасының жоғары екенін көрсетеді.

Мұнда балаларға 7 бағыт бойынша ке­шен­­ді қызмет көрсетіледі. Атап айтсақ, әлеу­мет­тік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеу­­­меттік-психологиялық, әлеуметтік-педа­­го­гикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқық­­тық қызметтер жүйелі түрде жүзеге асуда. Баланың жасына, жағдайына, ерекшелі­гіне қарай қызметтерге бейімделіп, жеке тәсілдер  ұсынылады.

Сонымен қатар мекемеде жоғары білікті дефектолог, тәрбиеші, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, мәдени ұйымдастырушы, кітап­ханашы, музыка пәнінің мұғалімі, психолог және бейіндік дене шынықтыру мамандары балалармен тығыз жұмыс істейді.

Қонақтар бұл орталықта тек дәстүрлі әдіс­термен ғана емес, заманауи емдік-оңалту технологияларының да кеңінен қолданылып жатқанын көрді. Арнайы тұзбен емдеу бөлмесі, арт-терапия, сенсорлық және монтессори бөлмелері – бәрі де баланың дамуын барынша қолдауға бағытталған. Әсіресе Германиядан әкелінген, балаларға арналған оңалтуға қажетті заманауи құрылғылар ерекше қызығушылық тудырды. Бұл құрылғыларды тек орталық ішінде ғана емес, балалардың үй жағдайында да қолдануына мүмкіндік жасалған.

Бүлдіршіндердің өнерге жақындығы да сүйсінтті. Қонақтарға арналған шағын концерт қойылып, арнайы музыкалық аспаптармен өнер көрсеткен балалар көптің жүрегін елжіретті. Қонақтар тіпті тұсаукесер рәсіміне қатысып, тәрбиелік маңызы зор кештің куәсі болды.

Мұнан кейін жамбылдық делегация Қызылордадағы оңалту орталығына жол тартты. Мұндағы емделушілер үшін жасалған жағдайларға, көрсетілетін қызмет түрлеріне де жоғары баға берілді. Орталықтың басты ерекшелігі науқастарға үйдегідей жағдай жасалған. Мұнда ем алушыларға жайлы орта құрылып, олардың денсаулығын оңалтуға барлық мүмкіндік қарастырылған.

Оңалту орталығынан кейін делегация облыстық қан орталығының жұмысымен етене танысып, емдеу процесінде қолданылатын заманауи құрал-жабдықтарға, қан сақтау мен өңдеу тәсілдеріне назар аударды. Қызыл­ордалық медицина саласының даму деңгейіне оң баға берген жамбылдық меймандар Сыр медицинасы өзге өңірлерден кем түспейтінін ерекше атап өтті.

Медицина бағытындағы сапар аяқталған соң делегация өкілдері сапарын шығармашы­лық бағытта жалғастырды. Жамбылдықтар Қызылордадағы «Анаға тағзым» орталығына барып, қазақ әйелінің асыл болмысын дәріптейтін арнайы орынмен танысты. Бұл орталық болашақ аналарға бағыт-бағдар беріп, ұлттық тәрбиені насихаттауда ерекше маңызға ие.

«Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жауһары» музейлік залы, «Ана тілі» дебат клубы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Береке» аспаз­дық студиясы – мұның бәрі болашақ ана­ларды тәрбиелеуге бағытталған бірегей жоба­лар екені сөзсіз. Жамбылдық делегация осы орталықтың жұмысымен танысып қана қоймай, ұлттық тағамдар – қымыз бен шұбаттан дәм татты.

Жалпы сапар аясында қос тараптың да жылы қарым-қатынасы, өзара ынтымақ­тастыққа деген ұмтылысы байқалды. Кездесу соңында екі жақ алдағы уақытта өңіраралық байланысты одан әрі нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екендерін білдірді.

Өңіраралық әріптестікті нығайтқан жүз­десу – тек танысу емес, екі аймақтың достығы мен әріптестігін тереңдетуге арналған маңызды қадам болды.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: