Сәрсенбі, 02 сәуiр, 18:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23,2136
01.04.2025
PDF мұрағаты

Жан жұмбағын зерттеуші ғалым

01.04.2025

269 0

Біз өзімізді философтар қатарынан санайтындықтан «Біз кімбіз, қай қоғамға дүниеге келіп, ғұмыр кешудеміз?» деген сұраққа жауап іздей бастадық.
Қазақстанда философтар дегендер екі топқа жарылды.
Біріншілер философияны пән ретінде жоғары оқу орын­дарында студенттерге оқытушылар, соның бірі – Баймырза Қожамберлиев, ол философия пәнінің оқы­тушысы ретінде жетістікке жеткен, жаны бай, жомарт ұстаз.
С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік универси­тетінің философия факультетін (1980 жылдар) тәмамдап, 1989-1997 жылдары Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент дәрежесінде ұстаздық қызмет атқарды.
1997 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Философия және мәдениеттану» кафедрасының доценті, профессоры болып, студенттерге дәріс беріп келуде.
Баймырза республиканың қоғамдық өмірінде белсенді, оның еліміздің философтарымен тығыз байланысы бар.
Ғылым докторы, профессор болғандықтан ол жас ғалымдардың қалыптасуына диссертациялар кеңесінің мүшесі, ресми оппонент, сараптамашы болып атқарған жұмысы ұшан-теңіз.
Баймырзамен өзім де жиі әріптестік байланыста болған адаммын, оның мен туралы Республикалық басылымдарда жақсы мақалалар жариялағаны есімде.
Ол ешқашан философтардың қатарынан қалған жоқ, қағілез, ақ ниетті, бірақ өзіне тән берік мінезі бар тұлға.
Әрине, Баймырзаның философ-тұлға болып қалып­тасуына туған ата-анасының қамқоры зор.
Жақсы азамат болып қалыптасуы үшін хакім Абай әуелі жақсы ата-ана болуы керек, одан әрі жақсы құрбылары, яғни замандастары, одан әріде жақсы ұстазы болуы керек дейді. Осылардың бәрі жиналып келіп, жақсы адамды құрайды.
Баймырза Қожамберлиев – жақсы адам, яғни жақсы қазақ.
Жақсы адамның дәрістері де, әрине шәкірттерін жақсылыққа баулиды. Баймырзаның алдынан дәріс алып, санасын салмақтаған шәкірт жүздеп, мың­дап саналады. Мұндай қызметті қалайша жоғарғы марапатқа лайық демейсің. Құдайға шүкір, Баймырзаның Үкіметтен алған марапаттары жеткілікті, «әлі де кеш батқан жоқ» дегендей, бұл ұстаздың алда алатын марапаттары болады деген сенімдемін.


****
Жоғарыда философтар екі топқа жарылдық дедім, сол мәселеге тоқталайын. Екінші топтағы философтар негізінен инстиутта қызмет еткен, әлі де сонда қызмет атқарушыларға қатысты. Олар өздерін шығармашылық топтың қызметкерлеріміз дейді. Анығын айтқанда, өздерін ерекше санайды. Мейлі. Бола берсін.
Мен 1947 жылы дүниеге келдім, көп кешікпей Баймырза 1955 жылы дүниеге келген.
1944 жылы профессор Фридрих Август Хайек «Дорога к рабству» (Құлдыққа бастайтын жол) деген кітап жазып, әлемнің он төрт тіліне аударылып, ол дүниеге белгілі адам атанып, 1974 жылы Нобель сыйлығының иегері атанды.
Біз бұл кезде дүниеге келіп, ғұмыр кешіп, философ атанып, ғылыми атақтарды иеленіп, құлдық қоғамда (социализмде) ғұмыр кешіп жаттық. Өздерін шығармашылық топ санайтын философия институтының философтары кеңестік социализмді, яғни өмір сүріп отырған қоғамды құлдық жолға бастайтын қоғамды диалектикалық тұрғыда дәріптеумен болды. Анығын айтқанда, философиялық авторитаризмге қызмет етті.

*****
Тәуелсіздік Баймырзаның философиялық тынысын ашты. Ол еркін ойлау дәстүріне көшті.
Дәрісті Ибн Халдун, әл-Фараби, Ибн Сина, Қорқыт, Абайлардан баяндауға дағдыланды.
Мағжан ЖҰМАБАЕВ «Қорқыт» поэмасында, Қорқыттың Жан жұмбағын іздегенін жырлап еді.
Профессор Қожамберлиев Баймырза студенттері­мен бірге Жан жұмбағын ізденіс үстінде.
Қадамыңа құт бітсін, бауырым Баймырза!

Ғарифолла ЕСІМ
Жазушы, профессор,
Абай атындағы әдебиет пен өнер
саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері,
ҚР ҰҒА академигі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: