Тігін тігу, он саусағынан өнер тамған ісмерлік кез келген адамның маңдайына бұйырмаған бақ. Тігіншілік те қанмен келген қасиет секілді. Адамды шеберлік әлеміне тартып, баурап алады. Бойыңда бұл өнерге құштарлығың болмаса, оны игеріп, кәсібіңнің шыңына шығып, елдің көңілінен шығу мүмкін емес. Бұған қоса, жаңалықтан қашпай, іздену, кәсіби біліктілігіңді елдің талғамына сай шыңдап отыру керек. Сонда ғана көп жылғы еңбегің мен маңдай теріңнің рахатын көресің.
Бүгінгі кейіпкеріміз Жанар Прекеева тігіншілік кәсібін өркендетіп, қазақтың ұлттық брендін қалыптастырып отырған жеке кәсіп иесі. Кәсіпкер жуырда мемлекеттік грантты ұтып алып, өз кәсібін жандандыруға бет бұрды. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған жас ана мұндай мүмкіндікке қол жеткізгеніне дән риза.
– Мемлекеттік грантты жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Менің қалауым – тігіншілікті дамыту. Сол берілген қаржыға 500 мың теңгедей ақша қосып лазер құрылғысын алдым. Кәсіппен айналысқаныма 7 жылдай болып қалды. Бұл кәсіпке түбегейлі бет бұрмай, тұрақты жұмысыммен қоса атқарып жүргенмін. Алдымен сіңілімнің кәсібін дамытуға көмектестім. Мақсатым – қазақтың ұлттық нақыштағы бұйымдарын жасап, ұлттық брендті қалыптастыру. Перде де, көрпе-көрпеше де тігеміз. Бесік жабдығынан бастап, сүндет той, бесік той, қыз ұзату, тұсау кесу, құдалық рәсіміне қатысты барлық кәдесыйлар мен ұлттық бұйымдарды ерекше ою-өрнекпен әшекейлеп дайындаймыз. Бүгінде бұйымдарымызға аймақтағылар ғана емес, еліміз бойынша, тіпті шетелден де тапсырыс түседі. Сұраныс өте көп, – дейді кәсіпкер.
Сөз арасында тігін шеберіне бұл жетістікке қалай жеткендігін сұрадық. Жанар табысқа жету құпиясын айтты. «Әрине, кәсіпті игеру жолына тоқталсам, барлығы оңай болды деп айта алмаймын. «Бейнетсіз зейнет жоқ» қой. Бұл жетістікке қажырлы еңбектің арқасында қол жеткіздік. Бәрін нөлден бастағанмын. Мойнымда көп қарыз да болды. Мемлекеттен қолдау болмаса мұндай жағдайға жетпес едім. Өзім білім саласында өткен жылдың қыркүйек айына дейін қызмет атқардым. 17 жылдық еңбек өтілім бар еді. Әрі қарай ақысыз демалыс алдым. Осы жылдың мамыр айын¬да жұмыстан өз еркіммен шықтым. Қазір бизнесті дамытуға түбегейлі бет бұр¬дым. 3 бала тәрбиелеп отырмын. 1 балам науқас. Осы ерекше балам менің арман¬даған мамандығыма қол жеткізуге көмектесті.
Бүгінде 2 үлкен цехым бар. Екінші цехтың жұмысын мамырда бастадым. Ғимарат жалдап отырмыз. Осылайша, отбасылық кәсіпті дамытып жатырмыз. Өнім өте көп. Сапаға қатты көңіл бөлемін. Мақсатым – әлемдік деңгейде қазақ халқының ұлттық брендін қалыптастыру, – дейді хас шебер.
Өмір жолында қанша қиындыққа кезігіп, ерекше бала тәрбиелеп, оның мұң-мұқтажын көтеріп, білім саласында жұмыс істей жүріп, кәсібін өркендетіп, қазақтың ұлттық бұйымдарының брендін әлемге танытуды көздеп отырған жеке кәсіпкер Жанар Прекееваның кәсіптік өсу жолы көпке үлгі.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!