Сенбі, 22 қараша, 00:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№89 (2201)
22.11.2025
PDF мұрағаты

Жаңа бағдарлама: Басты мақсат – халық табысын арттыру

22.11.2025

26 0

Баға, инфляция, халықтың табысы, тарифтердің жайы – бүгінгі күннің басты тақырыбы. Халық табысы қалай артады? Бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік бар ма? Елімізде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа бағдарлама қабылданды.

Осы аптада Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкіметтің Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы бекітілді. Құжат Президенттің тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, инфляцияны төменде­ту, импортқа тәуелділікті азайту және аза­маттардың табысын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.

 Жаңа құжаттың негізгі бағыттары туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.

Бағдарламаның басымдығы экономиканың сапалы және орнықты өсуін қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету есебінен халықтың нақты табысын арттыру. Ол үшін бағдарламада экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының шаралары мен құралдарының жиынтығы қарастырылған.

Биыл экономиканың сапалы өсуі жал­ғасуда. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,4%-ды құрады. Нақты сектордағы өсім 8,2%-ды құрады, қызметтер өндірісі 5,3%-ға өсті. Салалар арасында көлік қызметтері , құрылыс (15,1%-ға) және тау-кен өнеркәсібі (9,6%-ға) ең жоғары өсімді көрсетеді. Сауда – 9%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 5,8%-ға, ауыл шаруашылығы – 5,4%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде машина жасауда өңдірістің 11,5%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда – 13,3%-ға, тамақ өнімдерінде – 9,1%-ға, сусындарда – 8,7%-ға, химия өнеркәсібінде – 10,9%-ға, мұнай өңдеуде – 6,3%-ға, металл бұйымдарында – 14,1%-ға өсуі қамтамасыз етілді. 2026-2028 жылдары экономика жылына орта есеппен 5%-дан төмен емес деңгейде өсетін болады.

– Үкімет тек жалпы ішкі өнім құрылымы салаларындағы өсуді ғана мақсат етпейді. Өсуді қамтамасыз етуде адами капитал, негізгі капитал, табиғи ресурстар, еңбек өнімділігі және технологиялар сияқты маңыз­ды факторлардың үлесі ескерілетін болады. Осыған байланысты әлеуетті жалпы ішкі өнім бойынша экономикалық өсудің декомпозициялануы өзекті болып отыр, – деп атап өтті Серік Жұманғарин.

«Инвестицияларға тапсырыс» қағидатына негізделген жаңа тәсіл енгізілуде. Құны 29,5 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобалар үшін басым салаларда 25 жыл ішінде заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялар туралы келісімдер жасалады.

Серік Жұманғарин тарифтік саясат бойынша да ақпарат берді. Вице-премьер 2026 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін барлық тұтынушылар топтары үшін коммуналдық тарифтердің өсуі тоқтатылғанын атап өтті.

Тарифтерді көтеруге мораторий қолданылу кезеңінде табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерді орындауына кешенді тексеру жүргізіледі.

2026-2028 жылдары тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық инфрақұрылымын жаң­ғырту бойынша 30 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеу үшін шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда.

Әлеуметтік төлемдердің ашықтығы мен атаулылық бағытын арттыру үшін цифрлық технологиялар қолдануды кеңейтуге баса назар аударылады.

– 2027-2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады. 2026-2028 жылдары халықтың нақты табысының өсуі жылына орта есеппен 2-3%-дан төмен емес болады, – деді вице-премьер.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкім­дігінде жиын өтіп, аймақ басшысы Н.Нәлібаев алдағы міндеттерді нақтылады.

– Бүгін 2026-2028 жылдарға арналған мак­роэкономикалық тұрақтандыру мен халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі іс-қимыл бағ­дарламасы қаралды. Үкімет басшысы атал­ған бағдарламаның маңыздылығын атап өтіп, орталық атқарушы органдар мен өңір әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.

Бағдарламада өңірлердің әлеуметтік-эконо­­микалық дамуының негізгі бағыт­тары айқын­далған. Бүгінгі мәжілісте өңірі­міздің әлеу­меттік-экономикалық даму көрсет­кіштерін қараймыз.

Өткен 10 айдың қорытындысына қараған­да, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер­дің оң динамикасы қалыптасты. Қызылорда қаласы мен аудандарда экономикалық өсім бар. Өнеркәсіп өндірісі оң динамикаға шығу үшін өңдеу өнеркәсібі саласын дамыту керек. Алайда кәсіпорындар жұмысы әлі де өз деңгейінде емес. Теріс динамика көрсеткен кәсіпорын басшыларымен кездесіп, жағдайды реттеу үшін нақты жұмыс жүргізу қажет.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қармасы Қызылорда қаласы әкімдігімен бірлесіп, резервтерді ұлғайтудың қосымша көздерін қарастырып, жыл соңына дейін көрсеткіштің өсімін қамтамасыз етіңіздер.

Облыстық экономика және қаржы басқар­масы мүдделі облыстық басқармалармен, қала және аудан әкімдіктерімен, статистика департаментімен бірлесіп, 11 айдың, жыл қорытындысының экономикалық көрсеткіш­тері қарқынды өсім динамикасына жетуі үшін нақты шара қабылдаңыздар.

Өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштердің өсімін қамтамасыз етуде қолға алынған барлық жобаның мерзімінде аяқталуы, статистикалық есептемелерді мерзімінде әрі сапалы тапсыру өте маңызды, – деді Н.Нәлібаев.

Басқосуда сала басшыларына төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, жылу беру маусымындағы оқыс оқиғалардың алдын алу жұмыстарын шұғыл жүргізу тапсырылды. Халықпен кездесулер, брифингтер ұйым­дастыру, шалғай елді мекендердегі өрт сөндіру пункттерін талапқа сәйкестендіру, қажетті құрылғылармен жабдықтау міндеттелді.

Келесі өзекті мәселе – әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Облыс әкімі ауыл шаруашы­лығы басқармасына аудан әкімдік­терімен бірлесіп, бағаны күнделікті қатаң бақылауда ұстауды жүктеді.

– Әлеуметтік дүкендер қызметін жетіл­діруге қатысты нақты ұсыныс беріңіздер. Бүгінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік тұрақтандыру қорына арзан бағамен күзгі өнімдер сатып алуда. Қала, аудан әкімдіктері, белгіленген кестеге сәйкес әр айға бөлінген өнім көлемін жеткізіп, белгіленген бағамен сатуды үйлестіріңіздер.

Облыс, аудан орталықтарында жәрмеңке ұйымдастыруды жүйелі түрде жалғастырып, Қызылорда қаласындағы әлеуметтік дүкен­дерді талаптарға сәйкестендіріп, аумағының тазалығын тұрақты бақылау керек, – деді аймақ басшысы.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: