Жаңа жылдан бастап жеке табыс салығын есептеу тәртібі өзгерді. Бұрын көпбалалы аналар салықтан босатылған еді. Сонымен бірге несие төлейтіндер де салықтан босатылған еді. Жыл басынан бастап жаңа ереже бұл жеңілдікті алып тастады.
Елімізде ипотека төлейтіндер үшін салық шегерімі 2019 жылдан бері қолданыста. Жеке табыс салығының сомасын азайтатын тетікке айналған салықтық шегерім қызметкердің табысын көбейтуге септігін тигізген еді. Мұндай жүйе арқылы орта есеппен 50 мың теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік болатын. Алдымен мұндай жеңілдікке сол кездегі тұрғын үй құрылыс жинақ банкі берген несиелер ие болды. Содан соң жаңа заңның қолдану аясы кеңейіп басқа да банктерден алынған несиелер бойынша салық шегерімін қолдануға рұқсат етілді. 2025 жылдың басынан бастап салық кодексіне өзгеріс енгізілген еді. Онда ипотека бойынша салықтық шегерім барлық банк несиелеріне бірдей қолданылатын болды. Яғни тек Отбасы банкімен шектелмей, басқа да банктерден алынға ипотекалық несие алғандар жеңілдікке ие болды. Бұл шара мемлекет тарапынан тұрғын үй жинақ жүйесін қолдау және азаматтарды баспаналы болуға ынталандыру мақсатында жасалған еді. Тіпті коммерциялық банктерден жоғары пайызбен үй алған азаматтар қолдауға қол жеткізді. 2026 жылдың басынан бастап мұндай жеңілдік толықтай жойылды.
Биылдан бастап көпбалалы отбасылар мен ипотекалық несие төлейтіндерге салықтық жеңілдіктер тоқтатылды. Оның орнына жалпыға ортақ базалық салық шегерімі ұлғайды. «Енді есепшілерге жыл сайын құжат жинаудың қажеті жоқ», – дейді құзырлы мекемелер. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдетінше, салық заңнамасындағы жеңілдіктер оңтайландырылып, басымдық базалық шегерімге берілді. Жаңа ереже бойынша жұмыс істейтін барлық азаматқа ортақ базалық салық шегерімі 30 айлық есептік көрсеткішке дейін өсті. Сонымен, бұрын сіз ипотекалық несие төлесеңіз, салық жеңілдігін алуға болатын. Яғни табыс салығының бір бөлігі несиеге төленген ақшадан шегерілетін еді. Енді барлық жұмыс істейтін адамдар үшін бірдей жалпы салық жеңілдігі енгізілді.
Жаңа салық жүйесі құжат жинау тәртібін жеңілдеткенімен ипотекалық несие төлеп отырған азаматтардың нақты қаржылық жүктемесін ескерді ме? Тұрғын үй несиесі 15-20 жылға созылатын ұзақ мерзімді міндеттеме екені белгілі. Мұндай жағдайда салықтық қолдаудың болмауы әлеуметтік тұрғыдан сұрақ туғызатын анық.
Думан РАХЫМЖАНҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!