Ата заңымыздың 30 жылдық мерекесі қарсаңында 29 тамыз күні облыстық Полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында сала ардагерлер мен қызметкерлер құрамының қатысуымен құқық қорғау саласында қырық алты жыл, Полиция департаментінің заң бөлімі бастығы лауазымында жиырма үш жыл қызмет атқарған әріптесіміз, запастағы полиция полковнигі Хұсайын Қоразбаевтың «Офицер жазбалары» атты кітабының тұсауы кесілді.
Жинақтың алғы сөзі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбайдың «Өре мен өріс» атауымен аталған. Тіл маманы Ғ.Тұяқбай алғысөзде төмендегідей пікір білдірген: «Өз тарихымызды зерттеу, зерделеу тек кәсіби тарихшының ғана міндеті емес, автор өзін «Мен – қазақпын» деп танитын қазақтың, өзін ұлтжанды азаматпын деп есептейтін әр азаматтың, таным көкжиегін кеңейткісі келетін әр тұлғаның халық алдындағы перзенттік бір парызы екенін білдіреді. Жинаққа енген ұлт тарихына зерттеулер мен сараптамалық мақалалар қаламгердің бойындағы осындай қасиеттердің тоғысқандығының айғағы. Тарихты білу – өткенді зерттеу ғана емес, одан сабақ алу, болашақты саралау. Тарих – бұл халықтың рухани тірегі, ұлттың тұтастығы мен дамуының қайнар көзі. Әрбір тарихи оқиға-уақыттың айнасы, ал сол оқиғаларды түсініп, олардың мән-мағынасын ашу – бүгінгі және келер ұрпақтың басты міндеті».
Жинақтағы материалдар зерттеушілерге, ұстаздарға, сондай-ақ халқымыздың ұлы перзенттері туралы тереңірек білгісі келетін барлық оқырманға арналған. Кітаптың басты мақсаты оқырманға жаңа идеялар ұсынып, ой-өрісін кеңейту, ғылыми және танымдық ақпараттарды жүйелеу. Оқыған, ізденген, зерттеген адам ешқашан адаспайды, себебі білім мен ғылым жолы – болашаққа бастар жол.
Кітапқа автордың ұзақ жылдар бойғы құқық қорғау саласындағы қызмет кезіндегі орын алған атышулы қылмыстар мен тергелген қылмыстық істер, жаңадан қабылданған заңдар, тарихи зерттеулер мен портреттік очерктер енгізілген. Жинаққа енген мақалалар автордың талай жылғы өмірлік тәжірбие мен дүниетамының, зерттеу мен зерделеудің, ой мен толғаныстың нәтижесі екені анық. Автордың әр мақаласы өмірдегі өзекті мәселені көтере алуымен, сол арқылы оқырманға ой салуымен құнды. Автордың ұлт тарихына деген қызығушылығы, өзінің о баста алған білімін жетілдіре отырып, зерттеушілікке ұластыра алғандығы өре биіктігі мен өрісінің кеңдігін көрсетсе керек. Зерттеу мақалаларында қазақ халқының қалыптасу кезеңдері, мемлекет құру жолындағы күрестер, елдің саяси, әлеуметтік, мәдени даму ерекшеліктері және ұлы тұлғалардың, мемлекет қайраткерлері, ел қорғаған батырлар, ағартушылар, дарын иелері, ұлтымызды жаңа деңгейге көтеруге күш салған азаматтардың өмірі мен қызметі туралы құнды деректер қамтылған. Сонымен қатар кітап беттерінен жаһандық оқиғалар мен олардың қазақ даласына тигізген ықпалын, халқымыздың әлемдік өркениеттегі орнын айқындайтын мәліметтерді табасыз. Бұл жинақ студенттерге, заңгерлерге, құқық қорғау саласы қызметкерлеріне, зерттеушілерге, ұстаздарға, сондай-ақ халқымыздың ұлы перзенттері туралы тереңірек білгісі келетін барлық оқырмандарға арналған.
Осындай құнды дүниені жарыққа шығарған Хұсайын Қоразбаев ішкі істер органдары мен мемлекеттік қызметтегі ұзақ, мінсіз қызметі мен жеткен жетістіктері үшін қызмет барысында 63 рет марапатталған. Оның қатарында үлгілі қызметі үшін КСРО Ішкі істер министрі милиция армия генералы Н.А.Щелоковпен «алғыс» жарияланған. Бірнеше рет Қазақ КСР, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің, Қызылорда облысы мен қалалық әкімдерімен, Полиция департаменті мен Ресей Федерациясы Байқоңыр қалалық әкімшілігі басшысы мен ішкі істер министрлігінің Байқоңыр комплексі ішкі істер басқармасы басшылығымен грамотолармен, алғыс хаттармен және көптеген медальдерімен марапатталған.
Жинаққа бұрын «Заң» республикалық құқықтық ғылыми-практикалық журналына, «Егемен Қазақстан», «Заң», «Сақшы», «Түркістан», «Президент және Халық», «Айқын», «Жеті жұрт», «Сыр бойы», «Ақмешіт ақшамы», «Ақмешіт апталығы», «Ақмешіт Ардагері», «Ақмешіт жастары», «Жалағаш жаршысы», «Өскен өңір», «Тіршілік тынысы» тәрізді басылымдарда жарияланған Қазақ ССР ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары, милиция генерал-майоры Н.Алмағанбетов, Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының бұрынғы депутаты И.Амиров, Шиелі аудандық Полиция бөлімінің бұрынғы учаскелік полиция инспекторы, II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция лейтенанты Т.Қозыбаев, Орта Азия Әскери округінің бұрынғы қолбасшысы, армия генералы В.Лобов (жүргізілген журналистік зерттеу нәтижесімен), қазақтың белгілі батырлары, тұлғалары туралы Қазақстан тарихы, т.б. әртүрлі тақырыптарға қатысты мақалалары жарияланған.
Жинақта жарияланған «Мұхаммед пайғамбар және түріктер», Қосым қожа, Бармақ, Сәрке батырлар, Жүзжасар би, 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» мен осы оқиғалар барысында алаңға шыққан жастарды басып-жаншып, халыққа айдап салу туралы Кремль бұйрығын орындаудан бас тартқан кеңес генералы В.Лобов, қазақты қырғынға ұшыратқан жоңғар-қалмаққа зеңбірек жасап берген швед офицері туралы «Ренат Ресей тыңшысы ма?», «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған қазіргі заманда жастар денсаулығын құртып жатқан газды сулар туралы «Сергіткіш сусынның зияны», облысымызда орын алған такси жүргізушілерінің өлтірілу қылмыстары, өзі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы туралы, тағы да менің көңілімнен шыққан басқа да мақалалар оқырманға жүрегінен орын алатынына сеніміміз кәміл.
Қазыбек Әшірбекұлы,
Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің
Құрметті және Еңбек ардагері.Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!