Өнер орталығының маңында ине шаншар жер жоқ. Жұртшылықтың Әз Наурызды асыға күткенін байқауға болады. Алғашқы күндері ұлпа қармен басталған наурыз айы жанға шуақ сыйлап, маусым ауысар сәтінде ерекше мейірлене кеткендей. Орталықтағы арнаулы орынға өңірдегі әрбір сала қызметкерлері өз алдына киіз үй тігіп, жанына ұлттық құндылықтан хабар берер көріністер мен көрмелер ұйымдастырған. Әрбір үйдің жанындағы кішігірім сахналарда өнер көрсетіп, ән шырқаған таланттарды көресіз. Халық таң-тамаша.
Өнер орталығына бұрыла бере Әбдуәли Спанов көшесінің екі жағына қаз-қатар тізілген киіз үйлер нағыз қазақы ауылдың көшіп келгеніндей көрініс сыйлайды екен. «Ардагерлер үйі», «Құрылысшылар үйі», «Ұстаздар үйі», «Батырлар үйі», «Кәсіпкерлер үйі» тәрізді атау қойылып, әрбірі өздерінің тарапынан ұлттық құндылықты дәріптеуге үлесін қосқан. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен қала әкімі Нұржан Ахатов және Мәжіліс депутаттары мен ел ағалары осы киіз үйлерді аралап, қойылым мен өнерді, ән мен биді, ұлттық дәстүрдің көрінісін тамашалады. Облыс әкімі Сыр жұртшылығын мерекемен құттықтап, өткен жылдың толағай табыс сыйлағанын, елдегі жемісті бастамалардың жалғаса түсерін жеткізді.
Талсуат ауылындағы №2 арнаулы қызметтер көрсету орталығы да жыл басы – Наурыз мерекесіне құралақан келмепті. Мекеме жанынан құрылған «Асыл әжелер» әжелер ансамблі қазақ әйелінің болмыс-бітімінен көрініс берді. Әсем дауыспен халық әндерін шырқады. Киіз үй жанында дайындалған бұрышта қол диірменді іске қосты. Күбі пісті, жүн түтіп, ұршық иіріп отыр. Кимешек киген қазақтың әжелері қандай әдемі дерсің?!
– Біз осы жерде ұлттық салт-дәстүрімізді көрсетіп, ұлттық сусындар мен тағамдарды келген көпшілікке ұсындық. Ұмытылып бара жатқан халықтың өнерін ортаға салдық. Халық келіп, көріп, қуанып кетіп жатыр. Өзіміз де ерекше көңіл-күйдеміз. Ұлтымыздың осындай ғажап өнері мен тұрмысын кейінгі ұрпаққа жеткізсек, қандай ғанибет. Бұл дәстүрді тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде қолданатын әжелеріміз де көбейіп келе жатыр, – дейді орталық қызметкері Гүлсім Натишаева.
Қол диірменді қолға ұстап көрмеген жастар бар. Гүлмира Исаева әжесінің диірмен тартып, ас-ауқат әзірлегенін көріп өсті. Енді бүгін тек көрмеден ғана көре алатын құрылғыны өзінің қызына көрсетіп, таныстырып жатыр.
– Наурыз мерекесі тек жаңа жыл ғана емес, ұмыт қалған ұлттық құндылықтардың да жаңғыратын, қолға алынатын күні тәрізді. Міне, қызыма диірменді көрсетіп, таныстырып отырмын. Көзбен көріп, қолмен ұстағанның өзі ғанибет?! Қызым да ерекше сезімде екенін көрсетіп, таңырқап жатыр. Ұрпақтар кешегі күнімізді, қалай өмір сүргенімізді білу керек. Бұл – қазақтың өнері, қазақтың тарихы, – дейді ол.
Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің қызметкері Ұлжалғас Талпақова оқу орнының дайындаған көрмесін таныстырды. Мұнда ауылшаруашылық дақылдарынан және студенттердің шығармашылығынан көрме қойылған.
– Біз ауылшаруашылық өнімдерінен көрме ұйымдастырдық. Қызылордада не шығады, соның барлығы осы көрмеге қойылды. Колледждің студенттерінің тәжірибе жинауына арнайылап жылыжай дайындағанбыз. Мына өнімдердің барлығы сонда шығады. Берекелі жыл болсын деген ырыммен осы бастаманы жасадық, – дейді Ұлжалғас Ишанбекқызы.
Киіз үйлерді аралап, сұхбат құрып жүрген сәтте халықтың барлығы бір жерге үйірілісе қалды. «Атамекен» әнін нақышына келтіре орындап тұрған бұл маңға мен де барсам, Сырдың сары баласы қолына микрофонды алып, ән шырқап, қасында бірнеше жас би билеп, өнер көрсетіп тұр екен. «Қайда жүрсем Атамекен» деп әуелеткен оның өнері мен белсенділігі ерекше байқалып тұр. Есімі – Исмаил, тегі – Бахрадинов, Кәрімнің ұлы.
– Мен Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал ауылынан келдім. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алып жүрмін. «Достық» үйінде де белсенді жаспын. Қоғамдық іс-шараларда, мерекелік жиындарда өнер көрсетемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Берекелі, табысты жыл болғай, – дейді ол.
Өңірдегі өнім өндірушілер де бұл Наурыз тойына белсене араласуда. «СПК Байқоңыр» әлеуметтік корпорациясының ұжымы бірқатар кәсіпкерлердің басын қосып, өндірген өнімдерін ұсынуда. «Байқоңыр» ӘКК басқарушысы директоры Мадали Әлішерұлы мұндағы өнімдердің барлығы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қолға алынған жобалардың нәтижесі екенін айтты.
– Біздің аймақта шығатын шұлықтан бастап кір жуғыш ұнтағы, сабын және жартылай дайын өнімдер, қобыз бен домбыра цехының өнімдері қойылды. Ұлттық қолөнерден тігін шеберханасының өнімдері де осында тұр. Мұның барлығы қазіргі таңда толық жұмыс істеп тұр. Халық игілігін көруде. Наурыз тойында бізде осындай өнімдер бар екенін көрсетіп, халыққа ұсынып отырмыз, – дейді ол.
Қазақы қалпымыз бойымызды кернеп, ұлттың үні шығатын осы күні ұлттық ойындар да саптан қалмады. Келушілер арасында бесасық ойыны ойнатылды. Қол күрес, гір тасын көтеру тәрізді білектің күшін танытар сайыстар да осында ұйымдастырылған.
Қала тұрғыны Дархан Бектұрғанов бүгінгі мерекеге отбасымен бірге келіпті. Жыл сайын қазақы жыл басын ерекше қарсы алуды дағды еткен ол биыл да дәстүрінен жаңылмапты.
– Ана бастағы киіз үйден бастап, мына концерт болып жатқан сахнаға жетемін дегенше әжептәуір уақытым кетті. Кісі қызығар талай жиынды көріп келеміз. Ұлттық ойын, ұлттық дәстүр мен салтымыз – мұның барлығы бүгінгі мереке сахнасында болып жатыр. Балаларым қазақтың жүріп өткен жолын көргендей болды. Батырларды, тұрмыста қажетті көнерген заттарды көру арқылы кәдімгідей ойда қалды, – дейді тұрғын.
Қазақта «қос тойың қабат, екі дүниең абат болсын» деген керемет сөз бар. Ұлыстың ұлы күнінде қызылордалықтардың қуанышы еселеніп, 135 отбасы баспаналы болды. Сырға келген қадірлі меймандар облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге тұрғындарға баспана кілтін табыстап, лебізін білдірді.
Сыр жұртшылығы жыл басын осылай қарсы алды. Наурыз – «жаңа күн» деген сөзден шыққан деп, жаңарып, тіршілік иесіне жан бітіп, бойына қан жүгірер маусымда Ақмешіттің арайлана түскені байқалды. Қазақтың тойы бітпесін!
Дәулет ҚЫРДАН,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!