Сейсенбі, 19 тамыз, 11:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№62, 2175
19.08.2025
PDF мұрағаты

Жаңа мектеп ел игілігіне берілмек

19.08.2025

46 0

Қызылжарма – қалаға жақын орналасқан елді мекеннің бірі. Сол себепті жергілікті тұрғындардың көпшілігі  нәпақасын қаладан табады. Ауылдық округтегі халық саны 9 мыңнан асады.   Жұмыссыздық деңгейі 0,3 пайызды құрайды. Осы санға қарап-ақ жұмыс істеуге қабілетті тұрғын көбірек екенін байқауға болады. Салықтың қазанын ұлғайту бағытында да ілгерілеушілік бар. Жоспар 99,9% пайызға орындалған.  Бұл туралы Қызылжарма ауылдық округінің әкімі Шәріп Әбдірахманов БАҚ өкілдерімен өткен брифинг алаңында айтты.

Ауыл әкімінің айтуынша, елді мекеннің әлеуетін көтеретін кәсіпкерлік саласындағы жақсы нәтиже көңіл көншітеді. 2025 жылдың 6 айында 494 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның 1-і ЖШС, 475 жеке кәсіпкер, 16-ы шаруа қожалығы және 2 ауылшаруашылық өндірістік кооператив.

Мемлекеттік бағдарламаға қатысу белсенділігі жөнінен бірқатар жұмыс атқарылған.  «Аграрлық несие  корпорациясы» АҚ арқылы  «Жұмыспен қамтудың 2021-2025 жылдарына арналған жол картасы» аясындағы «Іскер» бағдарламасымен  9  млн теңгенің 2 жобасы мақұлданып, қаражатын алған.

Жаңа мектеп ел игілігіне берілмек

«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы  ЖШС арқылы 9 миллионның жобасы қаржыландырылған.

Сондай-ақ «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясындағы жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант  бойынша 10 жоба жоспарланса,  «Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы»  АҚ арқылы 14 млн теңгені құрайтын 2 жоба  қолдау тапқан. «Бизнес-Бастау» оқу курсына  28 адам оқып, сертификат  алған. Өзге де бағдарламалар аясында 37  млн  теңгені құрайтын 6 жоба қаржыландырылған.

Бүгінде әлеуметтің әлеуетін көтеру қоғамның басты қағидасына айналды. Бұл бағытта ауылда қайырымдылық шарасы тұрақты жүргізіледі. Мәселен, осы жылдың 6 айында қайырымдылық акциясы аз қамтылған, көпбалалы және жалғызбасты 50-ге жуық отбасына азық-түлік берілсе, 98 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауылдық округтегі Сражадинов, Камалов, Нағызбеков, Ешимов көшелеріне жарық бағанасын орнатуға 9 млн 824 мың тенге қаржы бөлінген. Жөндеу тиянақты жүргізілуде.  Көше бойына 5 млн теңгеге 4 аялдама орнатылған. Мұнан бөлек бағаналарды күтіп ұстауға тиісті қаржы бөлініп, жұмыс қызу жүруде.

 Елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты талабы. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауыл тазалығын сақтауда жүйелі жұмыс жүруде.

–   Ауыл тұрғындарының  басты мәселесі жолдың жайы болатын. Бұл түйін де біртіндеп шешімін табуда.  Биыл автомобиль жолдарының ой-шұңқырын жөндеуге 800 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға  Қызылжарма ауылдық округіндегі «Тағзым» алаңын абаттандыруға 25 миллионнан астам қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Бүгінде абаттандыру жұмысы жүргізілуде.  Жергілікті бюджеттен қаралған 2 347 мың теңгеге  орталық көшелерге ағымдағы жөндеу  және 2 787,6 мың теңгеге жол белгісі мен таңбасы  салынуда.   Бұдан бөлек, құрылыс бөлімі арқылы 3  ауызсу ұңғымасын жүргізуге облыстық бюджеттен 282,9 млн теңге бөлінді. Мердігер мекеме құрылысын бастап кетті. Сонымен, бұл жоба жүзеге асқанда халық таза, сапалы ауызсудың игілігін көрмек. Оқушы саны көп болғандықтан №144 С. Әлжіков атындағы мектептің сыйымдылығы тарлық ететін. Енді «Жайлы мектеп»  пайдалануға берілмек. Осылайша өзекті мәселе шешімін таппақ, – дейді ауылдық округ әкімі.

Ауыл халқы самаладай жарық көшелермен еркін жүретін күн де жақын. Шет аймақ  пен ауыл орталығындағы 50 шақырымдық 67 көшені жарықтандыруға республикалық бюджеттен 350 миллион теңге бөлініпті. Бүгінде  «Сәт Сервис»  ЖШС мекемесі электр бағаналарын орнатуда. Бұл мақсатқа 1 миллардтан астам қаржы қаралған.

Осылайша қызылжармалықтар ауыл деген аты болмаса, қала орталығы көрген игіліктің бәріне ие болуда.

                                                                 Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: