Спортсүйер қауым үшін жағымды жаңалық. Облыс орталығынан 11 мың орынға лайықталып салынған жаңа стадион жақын арада пайдалануға берілмек. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс алаңындағы жұмыс барысымен танысып, мердігерлерге сапа мен белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Құрылыстың алғашқы кезеңінде шығыс-батыс трибуналардың іргетасы қаланған. Бүгінде стадион ішіндегі инфрақұрылымға дайындық жүруде. Жаңа спорт кешені UEFA ІІІ санатына сай жобаланып, халықаралық стандарттарға сәйкес жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ғимарат халықаралық «PHILIPS» компаниясының 1,2 млрд теңгеге алынған жарық жүйесімен жабдықталады. Бұл кешендегі жарықтандыру сапасын арттырып, түрлі деңгейдегі мәдени-спорттық шараларды жоғары деңгейде өткізуге жағдай туғызады. Жобалауға сәйкес, стадионның жалпы ауданы – 20 мың шаршы метр, ғимарат 2-3 қабатты етіп салынуда. Бірінші қабатында спорт түрлеріне арналған заманауи үлгідегі бірнеше спорттық залдар және футболшылардың жаттығатын арнайы бөлмесі және дене шынықтыру -сауықтыру залдары қамтылған. Ал екінші қабатында қосымша әкімшілік бөлмелер және үшінші қабатында ауқымды жиындар өткізуге арналған мәжіліс залдары бар. Сонымен бірге «Қайсар» футбол клубының спорт жабдықтарын сататын дүкені мен дәмхана (фудкорт) ашылады. Барлық спорт залдары соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, жаңа стадионда мүмкіндігі шектеулі спортшылардың да жаттығуына жағдай жасалған. Яғни барша азаматтың жаппай дене шынықтырумен айналысуына қолайлы инфрақұрылым болмақ.
Жоспар бойынша 4 қазан күні жаңа стадионда Қазақстан кубогының финалдық кездесуі өтеді. Жаңа стадионның ашылуы аймақтың спорттық инфрақұрылымын нығайтып, өңір тұрғындары үшін жоғары деңгейдегі спорттық шаралар ұйымдастыруға таптырмас мүмкіндік. Сонымен қатар бұл кешен қаламыздағы дене шынықтыру-салауаттылық бағытындағы іс-шараларды одан әрі дамытуға септігін тигізбек.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!