Сейсенбі, 05 тамыз, 11:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№58, 2171
05.08.2025
PDF мұрағаты

Жаңа технологиямен жабдықталған орталық

05.08.2025

33 0

Сыр өңірінде медицина саласы да жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Заманауи медициналық құрылғылардың саны артып, ел денсаулығын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асуда. Солардың бірі – жақында пайдалануға берілген облыстық қан орталығы. Қалалық қоғамдық даму бөлімі ұйымдастырған баспасөз туры аясында облыстық қан орталығының жұмысымен танысып, қан тапсырып қайттық.

2024 жылы Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтерген жаңа нысан медициналық талаптарға сай,  заманауи техникамен толық қамтылған. Жалпы ауданы 2,4 гектар,  құны 2,7 миллиард теңгені құрайтын облыстық қан орталығы бүгінде үздіксіз жұмыс істеуде

Жаңа нысан – аймақтың медициналық мекемелерін қанмен үздіксіз қамтамасыз ететін бірегей орталық. Атап айтқанда, бұл орталық облыс орталығы мен барлық ауданда орналасқан 16 медициналық ұйымға қызмет көрсетеді.

Мұндағы қан қоры ауыр жарақат алған науқастардан бастап, қажет болған жағдайда дүниеге келген сәбилер мен олардың аналарын, сондай-ақ қатерлі ісік пен ауыр диагноз қойылған жандарды өмірмен қайта қауыштыруға арналған маңызды ресурс. Осы себепті қан банкіндегі қор үздік­сіз толықтырылып, арнайы кесте бойынша аудандарға тасы­малданады.

Қан орталығы донорлықты дамыту мақсатында жүйелі түрде үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізуде. Облыс орта­лы­ғындағы, аудандардағы меке­мелерде, оқу орындарында, әскери бөлімдерде тұрақты түрде қан тапсыру акциялары ұйымдастырылады. Бұл ерікті және тұрақты донорлар қатарын көбейтудің тиімді тәсілі.

– Біздің басты міндетіміз өңірдегі ауруханаларды сапалы әрі қауіпсіз қанмен дер кезінде қамтамасыз ету. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, орталықта кемінде екі күндік қан қоры сақтаулы тұруы тиіс. Қанның әртүрлі топтары, резус-факторлары және сақтау мерзімі бар. Мәселен, донордан алынған қан тек 49 күн ғана сақталады. Сондықтан қан жинау үдерісі үздіксіз жүріп отырады, – дейді облыстық қан орталығының директоры Серік Игембаев.

Жаңа нысан барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған. Донорларға арналған ыңғайлы күту залы, медициналық тек­серу бөлмелері,  қан тапсыру ка­бинеттері, сондай-ақ қан анализін жылдам әрі дәл шы­ғаратын жоғары технологиялы аппараттар орнатылған. Қан тапсырған соң донорларға тағам ұсынылады.

– Бұрынғы аппараттарға қара­ғанда қазіргі заманауи құрыл­ғылар нәтижені әлдеқайда жыл­дам әрі дәл көрсетеді. Әрбір қондырғыға арнайы білікті мамандар жауап береді. Қазіргі таңда қан орталығында жүзге жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың әрқайсысы өз ісінің білікті мамандары, – дейді облыстық қан орта­лығының директоры Серік Игембаев.

Жаңа технологиямен жабдықталған орталық

Қан тапсырар алдында ар­найы дайындық қажет. Мәсе­лен, донор болардан 48 сағат бұрын алкоголь ішпеу керек, қан тапсырудан бір күн бұрын майлы, қуырылған, ащы тағамдар мен сүт өнімдерін, жұмыртқа, жаңғақ, шұжық және құрма өнімдерін тұтынуға болмайды, сондай-ақ  медициналық тексеру кезінде дәрігер сұрақтарына ашық әрі шынайы жауап беру қажет.

Мамандардың айтуынша, донор болу – тек қана игі іс емес, адамның өз денсаулығына да оң әсерін тигізеді. Өйткені қанның жаңару үдерісі жүрек-қан тамырлары жұмысына оң ықпал етеді, ағзаның қорғаныш қабілетін арттырады.

Қызылорда облыстық қан орталығы өңір медицинасындағы стратегиялық маңызы бар нысан. Мұнда тек қан емес, үміт пен өмір сақталады. Бұл жүрекпен жасалатын жұмыс. Әрбір донор  бір ғұмырдың жалғасуына себепкер болмақ.

Айдана Бахтияр

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: