Осы аптада Үкімет Президент тапсырмасымен «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын бекітті. Бұған дейін Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігі, денсаулығы, тәрбиесінде өзекті мәселелердің шешімін табуы үшін «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігін айтқан еді.
Үкімет отырысында келтірілген статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде шамамен 7 млн бала өсіп келеді. Яғни, халықтың үштен бір бөлігінен астамын балалар құрап отыр, нақты айтсақ – 34%. Ел болашағының тәрбиесі, денсаулығы, қауіпсіздігі, тіпті ішер асы да қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс. Балаларға арналған жаңа құжатта жас буынға мейлінше қамқорлық көрсету жан-жақты қарастырылған.
– Еліміздің болашағы отаншыл, жасампаз ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Балаларға жан-жақты қамқорлық жасау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Бұл орайда мемлекет өскелең ұрпақтың өмір сапасын жақсарту үшін кешенді шаралар қабылдап келеді. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, әлеуметтік қамсыздандыру және отбасының әл-ауқаты саласында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары қамтылған, – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Тұжырымдама аясында мына мәселелерге назар аударылмақ: ерекше бақылау мен қадағалауға жататын нысандар тізілімін дайындау; бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру ісін аяқтау; балалардың сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігін ары қарай кеңейту; ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың бірқатар жаңа тетігін тиімді іске асыру; балалардың, соның ішінде олардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету; ауыл балаларын үйірмелер мен заманауи білім беру технологияларынан тыс қалдырмау.
Тұжырымдама бойынша көпті елең еткізгені – «тосыннан тексеру» қағидатын жүзеге асыру.
– Биыл 1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымына «тосыннан тексеру» қағидаты бойынша ерекше бақылау мен қадағалау жүйесі енгізіледі. Бұл балаларды сауықтыру, олардың қауіпсіздігі мен тамақтану мәселелеріне қатысты, – деді Премьер-министр.
Құқық қорғау саласында биылғы жыл «Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» тақырыбы аясында өтпек. Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов хабарлады. Министрдің айтуынша, балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болмақ. Өткен жылы көшеде қараусыз жүрген 130 мың бала, ойын-сауық орталықтарында жүрген 2600 бала анықталған. Ата-ана міндетін орындамаған 29 мың заңды өкіл жауапқа тартылған. Сондай-ақ балалардың жол-көлік жарақатын алдын алу жұмысы күшейтіліп, тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 17 мың жүргізуші жауапкершілікке тартылған.
Балалардың денсаулығы – мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі. Үкімет отырысында жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова баяндады. Оның айтуынша, профилактикалық тексерулер мен патронаждар арқылы қамтылатын балалардың үлесін 66%-ға және денсаулық сақтау нысандарының тозу деңгейін кезең-кезеңімен 30%-ға дейін төмендету көзделген.
Министр атап айтқандай, бұрын тек ересектерге жасалып келген «гамма-пышақ» аппаратындағы радиохирургиялық операциялар енді балаларға да жүргізіле бастады. Ол күрделі ми ісіктері мен басқа да қауіпті диагноздарды ашық операциясыз, қауіпсіз әрі дәл емдеуге мүмкіндік береді. 400 балаға есту импланттары орнатылып, олар алғаш рет дыбысты естіп, сөйлеу қабілетін дамыту мүмкіндігіне ие болды. Жыл сайын орта есеппен 700 шала туған нәрестеге ретинопатияны түзету жүргізіледі. Сонымен қатар жыл сайын 2 мыңнан астам балаға кардиохирургиялық операциялар жасалып, жүрек ақаулары дер кезінде түзетілуде.
Тағы бір атап айтарлығы, енді мектептегі мебдикелер үшін де жауапкершілік жүгі арта түспек. Олар шұғыл жағдайда көмектесуге дайын болуы тиіс. Сондай-ақ балалардың тісін емдеу жобасы да 2028 жылға дейін жүзеге аспақ.
– Еліміздегі барлық мектептер емханаларға бекітілген, онда 6300-ден астам медициналық пункт жұмыс істейді. Жалпы, медициналық пункттердің жабдықталуы 19%-ға артып, 93%-ды құраса, мейірбикелермен қамтылу 9%-ға жақсарып, 95%-ды құрап отыр. Дегенмен мектептердің медицина қызметкерлері жазатайым оқиғалар кезінде ғана емес, жүректің кенеттен тоқтауы секілді шұғыл жағдайда да көмек көрсетуге дайын болуы тиіс. Сондықтан мектептерді дефибрилляторлармен қамтамасыз ету өте маңызды. Осы орайда, әкімдерден жарақтандыруға тиісті қаржыландыру қарастыруын сұраймын. 2025 жылы білім беру ұйымдарында оқушылардың жас ерекшеліктері мен физиологиялық қажеттіліктерін ескеретін теңгерімді тамақтануға бағытталған жаңа стандарт қолданысқа енгізілді. Қазіргі уақытта 10-18 жас аралығындағы балаларға аймақтарда 85 жастар денсаулық орталығы, 97 бастапқы психикалық денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр, онда тегін консультациялық көмек ала алады. 2024 жылы Денсаулық сақтау кодексіне электрондық темекі мен вейп айналымына толық тыйым салу жөніндегі норма енгізілді, сондай-ақ тыйым салуды бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды, ал осы жылғы 1 қаңтарда оған әкімшілік жауапкершілік енгізілді, – деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Бүгінде 3500-ге жуық мектеп қатысатын балалардың денсаулығын нығайту үшін «Саламатты мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Алайда осы бастамаға өңірлердегі мектептердің аз тартылуы байқалады. 2028 жылға дейін жалғасатын «Болашаққа сау тіспен» жоба аясында былтыр мектептерде 125 стоматологиялық кабинет ашылды. Алдағы 3 жыл ішінде қосымша 862 кабинет ашу жоспарлануда.
Тұжырымдама аясында балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау, психологиялық қолдау үшін нақты іс-шаралар жүзеге аспақ. Атап айтқанда, өңірлерде балалар құқықтарын қорғау басқармаларының ашылуы, педагог-психологтар сағатын енгізу секілді жаңалықтар бар.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мемлекет қабылдаған жүйелі шаралар және қол жеткізген нәтижелер «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасына негіз болған. Тиімділікті бағалау үшін 10 индикатор қарастырылған, нақты жүзеге асыру үшін 158 іс-шара жоспарланған. Қаржыландырудың жалпы көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды.
Ең алдымен, «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» қағидатын кеңінен тарату көзделуде. Бұл әрбір баланың өмірі, оқуы және дамуы үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді. «Таза Қазақстан» акциясы балаларды тәрбиелеудің идеологиялық платформасы ретінде негізге алынады. Бүгінгі күні елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары өткізіледі және «111» байланыс арналары енгізілген. Тұжырымдама аясында мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинетін ашу жоспарланған. Заңбұзушылық фактілерінің алдын алу және психологиялық көмек көрсету бойынша барлық шаралар әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруінің негізі болып саналады. Жалпы алғанда, соңғы жылдары балалардың қауіпсіздігін жақсарту үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Білім беру ұйымдары техникалық қауіпсіздік жабдықтарымен толық жабдықталған. Мектепке дейінгі мекемелер мен жазғы лагерьлердің қызметін лицензиялау 2027 жылға жоспарланған.
Балаларды зиянды ақпараттан қорғау шараларының бірі ретінде заңсыз зиянды мазмұндағы ақпаратты жоймағаны үшін онлайн платформаларға жаза күшейтілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балаларға арналған қауіпсіз орта құруға бағытталған кең ауқымды шаралар жүзеге асырылғанын айтты. Мәселен, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектеп салынды. Сонымен бірге мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған шаралар балалардың заманауи әрі қауіпсіз оқу жағдайларына қолжетімділігін қамтамасыз етті. 217 «Келешек мектептерінің» 84-і ауылдық жерде салынғандығын ерекше атап өтеміз, бұл – қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасын теңестіруге мүмкіндік беретін фактор.
Балалардың қауіпсіздігі үшін мектептер маңында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен көшеге жарық шамдары орнатылды. Тұжырымдама аясында балалардың жол қозғалысының қауіпсіздігі және тасымалын арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге аспақ. Бір сөзбен айтқанда, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы ел болашағына қамқорлық жасауды мақсат етіп отыр. Ендігі міндет – оның сапалы орындалуында.
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!