Санаулы сағаттан соң күнтізбе парағы ауысып, тағы бір жылдың тарих қойнауына енгенін көрсетеді. Ал сіз қазір әдеттегідей жаңа жылға дайындық қарбаласымен жүргеніңізді білеміз. Таңертең почтальонның есік сыртына газет іліп кеткенін көрсеңіз де, бір қарап шығуға немесе шай ішіп отырып оқуға уақытыңыз жоқ. Себебі белгілі, санаулы сағаттан соң Жаңа жыл! Көгілдір экраннан сағат тілінің тырсылы естіліп, түнгі 00-де тағы бір жаңа жылдың басталғанының куәсі болып, қызылды-жасылды отшашуларды тамашалап, отбасыңызбен бірге жаңа жылды қарсы алғанға дейін қарбалас сізді басқаға мойын бұрғызбайтыны анық. Дастархан дайындау, түрлі салаттар әзірлеу, үлкендерді құттықтап шығу, қонақ күту секілді бүгінгі күн еншісіндегі ғана қызу қарбалас тірліктің ертеңге қалса еш мәні жоқтай. Шынында, дәл бүгінгідей сезім күні ертең болмайтыны сөзсіз. Ертең асығыс-үсігіс жүріп, бәріне үлгерем деп дастархан жаймайтыныңыз анық. Ертең дәл бүгінгідей толқып, сағат тілінің тырсылына да мән беріп, түнгі 00-ді күтпесіңіз анық. Себебі бұл өтіп бара жатқан жылдың еншісіндегі күннің қарбаласы. Шынында, біз жаңа жылды осыншама ерекше дайындықпен неге күтеді екенбіз? Қашанда әр күннен жақсылық күтер әрбір адамның жаңа жылды үлкен үмітпен, аласармас арман, жақсы тілекпен күтетіні анық. Жаңа жылдан тек жақсылық тілеп, жүрек түкпіріндегі арманы орындалар жыл болсын деп, жақсылықтан үміт үзбеген адамзат баласының осы бір қарбаласында жаңа жылдан жақсылық күткен аппақ ниеті жатыр. Қауырт тірліктен шаршадым деп шағым айтпай, жақын-жуығына ең жақсы деген тілегін, жылы сөзін арнаған кең пейілі оны жақсылыққа асықтыра түскендей. Жылжабар сәтте біз де оқырмандарға үлкен алғысымызды білдіргенді жөн көрдік. Жыл бойы бізбен бірге болып, хат жазған, белсенділік танытқан оқырман қатары аз болған жоқ. Бірі айналасындағы адамдардың жақсы қасиеті, ерекше кәсібі туралы жазса, енді бірі қоғамдағы мәселені көтеріп, белсенділік танытты. Қоғамдағы оқиғаларға бейжай қарамайтын белсенді оқырмандарға ризашылығымызды білдіреміз. «Ақмешіт апталығы» газетінің 100-інші санымен аяқтап, 3978 оқырманмен жылды қорытындыладық. Жаңа жылдан біздің жақсылықтан үмітіміз бар. Келер жылы да оқырман саны бұдан көбеймесе, азаймайды деп ойлаймыз. Ендеше, жаңа жылда жүздескенше, оқырман! Келер жылдың алғашқы нөмірін асыға күтіп, «газет қашан келеді?» деп қоңырау шалғаныңыздың өзі біз үшін бір бақыт. Себебі газет оқырманымен ғана мәңгі жасайды. Жаңа жыл құтты болсын!
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!