«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында айтты. Бұл жоба білім саласындағы бірқатар мәселені шешуге бағытталған. Апатты мектептерді жою, үш ауысымды мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын шешу.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жобаның игілігін Сыр жұртшылығы сезіне бастады. Осыдан екі ай бұрын сол жағалаудан №290 орта мектеп пайдалануға берілді. Көпшілік асыға күткен жайлы мектеп қандай артықшылығымен ерекшеленбек? Оқу ордасының жайы қалай? Оқырмандарға жайлы мектеп туралы кеңінен ақпарат беру үшін жаңа білім ордасына арнайы бардық.
Білім шаңырағы қаламыздың сол жағалауында орналасқан. Үш қабатты жаңа ғимараттың табалдырығын аттағанда оның жайлылығы сезіле түседі. Оқушылардың көңілді дауыстары ғимараттың сәнін келтіріп тұрғандай. Кіре берістен-ақ өзгеше сезімді бастан кештік. Осындай жанға жайлы мектепте оқып жатқан оқушылардың білімге деген құштарлығы да ерекше болар.
Мектеп директоры Мөлдір Смаханова бізді жылы шыраймен қарсы алды. Бұл білім ордасы – «Жайлы мектеп» жобасы бойынша аймақта пайдалануға берілген алғашқы мемлекеттік білім беру ұясы. Осы уақытқа дейін қаланың басқа шағын аудандарына қатынап оқып жүрген 900-ден аса оқушы бүгінгі таңда жайлы мектептің игілігін көріп отыр. Үш қабатты мектеп бірнеше блоктан тұрады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, 3 спорт зал бар. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау құралдары орнатылып, балалардың қауіпсіздігі түгел қамтамасыз етілген. Тіпті оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған шкафтар да қойылған.
– Заманауи жайлы мектепте балаларды жаңа қырынан ашып, түрлі бағытта бейімдеуге барлық жағдай жасалған. Мұнда білімді оқушылар соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Әр қабатта коворкинг алаңдар, үлкен кинорум залы секілді жаңашылдықтар бар. Сонымен қатар мектеп заманауи лабораториямен жабдықталған. Физика, химия, билогия және роботехника пәндері бойынша арнайы құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кабинеттерге «touch-экрандар» орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі бар. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалған. Одан бөлек, ұл-қыздарды еңбекке баулу үшін де барлық жағдай бар. Қыздарға арналған тігін шеберханасы, ұлдар үшін ағаш жону аппараттары да бар. Алдағы уақытта мектепте оқу өндірістік комбинат ашу жоспарланыпты. Оның негізгі мақсаты – оқушыларды мамандықты дұрыс таңдауға баулу және жұмысшы мамандарды дайындап шығару. Болашақ аспаздарды дайындауға арналған «тамақтану мәдениеті» деп аталатын арнайы кабинет те бар, – дейді мектеп директоры Мөлдір Дәуренбекқызы.
Білім мен ғылым дамыған заманда ақпарат пен техниканы ұштастырып отырып балаға озық білім беру – уақыт талабы. Жайлы мектепте көзімізге түскен негізгі ерекшелік – коворкинг алаңдары. Мұнда оқушыларға көңілді үзілістер ұйымдастырылады. Асық, шахмат ойнайды. Кітап оқуға болады. Сондай-ақ мұғалімдерге арналған коворкинг орталығы да бар екен. Кітапханасы да ерекше. Электронды кітапхана компютермен жабдықталған. Ал асхана бір мезетте 255 баланы қамтиды. Мектеп ауласында балалар үшін арнайы ойын алаңдары салынған. Үлкен спорт алаңы да бар.
– Негізгі мақсатымыз жалпыға міндетті жайлы орта құру және ұлттық құндылықтарды сақтау. Балалардың мектепке қуанып келуі үшін барлық жағдайды жасау – біздің негізгі мақсатымыз. Сондықтан да мектептің ішкі-сыртқы техникалық базасы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, заманауи құрылғылармен өрендердің жұмыс істей алу мүмкіндігі – баланың тиімді білім алуына ықпал етеді. Жайлы мектептің негізгі мақсаты да сапалы білім мен өнегелі тәрбие беретін ізгіліктің ордасына айналу, – дейді мектеп директоры.
Қазіргі уақытта жайлы мектепте 973 оқушы білім нәрімен сусындауда. Мектептің ашылғанына көп болмаса да оқушылар қалалық олимпиададан топ жарып, үздіктер қатарынан көрінген. 5-10 сыныптар арасындағы қалалық олимпиададан 8 жүлделі орын алған. Спорттық сайыстан чемпион атанған оқушылар бар. Ата-аналармен тығыз байланыс жасап, үштік одақ жұмысы қолға алынған. Ата-аналар мектепте өтетін іс-шараларға қатысып, белсінділік танытады.
«Мектептің жүрегі – үйрете де, оқыта да білетін мұғалім», – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ұстаздар шәкірт жүрегіне жол тауып, биік шыңнан көріну жолында еңбек етуде. Бүгінде білім ордасында 54 мұғалім жұмыс істейді. Мұғалімдер педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы тарапынан таңдалып, конкурстан өткен.
Білектің емес, білімдінің заманы келді. Ғылым мен білім қарыштап дамыған ғасырда балалардың жайлы мектепте білім алуы заңдылық. Жайлы мектепте ғылым мен білімді жетік меңгеруге мүмкіндік те көп.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!