Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда төрінде айрықша тарихи сәт орын алды. Қала көркіне көрік қосқан, заманауи сәулет өнері мен табиғат үйлесімін тапқан Президент саябағы қайта жаңғыртылып, есігін айқара ашты. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, аймақ жұртшылығын осынау қуанышты сәтпен құттықтады.
Аймақ басшысы өз сөзінде бұл нысанның тек демалыс орны ғана емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жарқын жемісі екенін атап өтті. Жоба аясында санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау жұмыстары атқарылуда.
Бюджет қаражатынан бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс орындары, ойын, спорт алаңдары қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өтуде.
– Бүгінде Сыр өңірінде біртұтас архитектуралық дизайн-код қалыптасып, облыс орталығынан бастап шалғайдағы ауылдарға дейін бірегей сәулеттік талаптарға сай жаңғыруда. Осы бағытта Қызылорда қаласында ауқымды жұмыс атқарылды. Қызылорда қаласында 2 млрд 905 млн теңгеге 83 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталды. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып, 900 млн теңгеге қосымша 21 тұрғын үй жаңғыртылуда. Өткен жылы 1 млрд 300 млн теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларына балалар ойын, спорт алаңдары салынып абаттандырылды. Облыс орталығында жаңа нысандар бой көтеріп, жасыл желек пен саябақтар саны көбейіп, озық сәулет үлгісі қалыптасуда. Өскелең ұрпақ үшін таза, жайлы әрі қауіпсіз орта құру алдағы уақытта да жалғасады. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясындағы акцияларға, табиғат қорғау шараларына жастар мен қоғам белсенділері қатысып, үлес қосуда, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жаңадан ашылған Президент саябағы – ландшафтық дизайнның озық үлгісі. 31 гектарды алып жатқан аумақта 2 мыңнан астам ағаш егіліп, 50 мыңнан астам сәндік бұталар мен гүлдердің 17 түрі егілген. Саябақ ішіндегі заманауи субұрқақтар мен амфитеатр, баскетбол және футбол алаңы, велосипед және жүгіру жолақтары тұрғындардың сапалы демалуына жағдай жасайды. Ал 50 метрлік биіктіктегі айналмалы шолу дөңгелегі қаланың әсем көрінісін жоғарыдан тамашалауға мүмкіндік береді.
Болашақта бұл аумақ қаланың стратегиялық орталығына айналмақ. Жоспар бойынша мұнда 300 орындық балалар лагері, Ботаникалық білім беру орталығы, 15 бірдей зәулім тұрғын үй мен 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық құрылысы жүргізілуде. Жақын күндері жаңа драма театр мен Президенттік кітапхананың іргетасы қаланады деп жоспарлануда.
Аймақ басшысы саябақтың сапалы салынуына үлес қосқан «Алем Құрылыс» компаниясына алғыс айтып, экологиялық акциялардың белсенділері мен еріктілерін марапаттады. Қоғам қайраткері Жарылқасын Шәріпов Сыр жұртшылығы атынан ризашылығын білдіріп, ел игілігі жолындағы істерге сәттілік тіледі.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!