Облыс орталығында жүзеге асқан ірі жобалардың бірі – Президент саябағы. Саябаққа күрделі жөндеу жүргізу басталғанын естігенде қала тұрғындары қатты қуанды. Себебі халық игілігі үшін мұндай демалыс орындары қажет-ақ. Наурыз мерекесі қарсаңында жаңа саябақ ресми түрде ашылды. Сол уақыттан бері ол жерде тұрғындардың қарасы қалың. Жаңа кейіпке енген саябақтың кереметтілігін айтып, жарыса жазып жүргендер көп. Халық қуана айтып жүрген Президент саябағын аралап, жаңа инфрақұрылыммен танысудың сәті түсті. Ашылғанына көп уақыт болмаса да бұл саябақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген. Мұнда тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз етуге бағытталған барлық жағдай жасалған.
Жаңа жоба аясында саябақ ішінде 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт алаңы, 4 workout аймағы, 4 фудкорт және аттракциондар орналасқан. Одан бөлек, теннис үстелдері, айналмалы дөңгелек атракцион, тамақтану ғимараттары, би алаңы, стритбол, вело, жүгіру жолақтары, сахна, саябақ ішіндегі сарқырама каналдары салынған. Мұнда тұрғындар мен қонақтардың белсенді демалысы үшін шахмат, баскетбол, футбол алаңдары, арқан саябағы және серуен жолдары қарастырылған. Кейбір атракциондарды орнату жұмысы жүріп жатыр. Ал кешкі уақытта саябақ аймағы жарық шамдардың әсем түстерімен безендіріліп, келушілер үшін ерекше атмосфера қалыптастырады.
– Қалаға жақын жердегі Бесарық ауылынан арнайы келіп тұрамыз. Отбасымызбен келдік. Таза, кең, балаларға да қауіпсіз. Кешке серуендеуге таптырмас орын болды. Әсіресе, субұрқақтардың үйлесімі тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Отбасыңмен демалып жүргенде керемет әсерге бөленесің, – дейді ауыл тұрғыны.
Саябақ тек отбасылық демалыс орны ғана емес, жастар үшін де белсенді уақыт өткізетін алаңға айналып үлгерген. Спорт алаңдары жастардың сұранысына сай жасалғандай.
– Жаңарған саябақты көруге балаларымды әкелдім. Барлығы ұнады. Адам танымастай өзгерген саябақта жастар үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Оның ішінде спортпен айналысуға да болады. Қалада осындай орындардың көбейгені қуантады. Әсіресе, түнгі көрінісі керемет. Қарасаң көз тоярлықтай. Жаңа кейіпке еніп, көрікті жерге айналған саябақта балалалар шаттана ойнап жүр. Мұнда ботаникалық бақ, лагерьдің құрылысы жүріп жатқанын көрдік. Бұл балалар бос уақытын тиімді әрі жайлы ортада өткізу үшін аймақта ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын көрсетеді, – дейді көпбалалы ана Мәдина.
Қызылорда қаласы соңғы жылдары қарқынды дамып, жаңа мәдени және әлеуметтік нысандармен толығып келеді. Жаңарған демалыс орны қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, балалар мен жастардың спортпен айналысуына зор мүмкіндік береді.
Жаңарған саябақ – тек демалыс орны ғана емес, қала мәдениетінің жаңа келбетінің символына айналып отыр. Халық игілігіне берілген бұл нысан шаһардың көркін арттырып, қаланың әлеуметтік өмірінде маңызды орын алатыны сөзсіз.
Президент саябағының ішіндегі Ботаникалық білім беру орталығының да орны бөлек. Бұл балалардың ой-өрісін кеңейтіп, өсімдіктер әлемімен жақын танысуға мүмкіндік сыйлайды. Қазіргі таңда мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүруде. Бақтың негізгі іргетасы қаланып, бетон бағаналары орнатылған. Құрылыс жұмыстары аймақ басшысының тапсырмасымен күнделікті бақылауда.
Сонымен қатар саябақта жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагерінің құрылысы басталғанын жазған едік. Лагерь тек демалыс пен ойын-сауық қана емес, олардың әр түрлі бағытта дамуына ықпал ететін алаң болмақ. Мұнда әрбір бала түрлі шараларға қатысып, ой-өрісін дамытып, түрлі танымдық дүниелермен танысады. Сондықтан да тек жаз мезгілінде ғана емес, жыл он екі ай бойы балалардың шығармашылығын дамытуға арналған лагерьдің жыл бойы жұмыс істейтіні тұрғындарға қуаныш сыйлауда.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!