Сенбі, 13 қыркүйек, 13:05

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№69,2182
13.09.2025
PDF мұрағаты

Жаңарған саябақ – жыл бойы жұмыс істейтін лагерь

13.09.2025

39 0

Қаламыздағы тұңғыш Президент саябағы халықтың қарасы үзілмейтін, керемет демалыс орны. Бұл саябақ 2007 жылы пайдалануға берілген. Биыл саябақ аумағын кеңейту қолға алынып, жаңғырту жұмыстары басталды.

Жаңа жоба бойынша мұнда халықтың сұранасына сай автокөлік тұрағы бар, гүлзарлармен көмкерілген, халық демалатын жайлы орта болмақ. Саябақ ішінде 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт алаңы, 4 workout аймағы, 4 фудкорт, аттракциондар болады. Мұны бас мердігер «Bi Global» ЖШС қолға алған. Одан бөлек, теннис үстелдері, айналмалы дөңгелек атракцион, тамақтану ғимараттары, би алаңы, стритбол, вело, жүгіру жолақтары, сахна, саябақ ішіндегі сарқырама каналдары, канал үстінен көпірлер, шахмат, баскетбол, футбол алаңдары, арқан саябағы, модульдік-санитарлық ғимарат орналастырады.

Сонымен қатар саябақта жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагерінің құрылысы басталған. Бұл туралы «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» атты облыстық тамыз мәслихатында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев атап айтты.

 – Бұл жерде балалардың дария жағалауында серуендеуіне, таза ауамен тыныстауына жағдай жасалады. Лагерь жеткіншектердің бойына күш-қуат жинайтын, көңілін сергітіп, білімін шыңдайтын ерекше орын болмақ. Оған қоса, саябақта ботаникалық білім беру орталығының (қысқы бақ) ғимараты салынуда. Бақ ішінде Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америкада өсетін жасыл желектер егіледі. Бұл жас өрендердің ой-өрісін кеңейтіп, өсімдіктердің экожүйедегі маңызын түсінуіне мүмкіндік береді. Жасыл екпелерді өсірудің ерекшеліктерін, табиғатты аялауды тәжірибе жүзінде үйренеді. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына лагерьді жыл соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Балаларымыздың бос уақытын жанға жайлы саялы орында, қауіпсіз ортада тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында бірнеше саябақ, аллеялармен скверлер салынып, қайта жаңғыртудан өтуде, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ саябақта ботаникалық білім беру орталығы, яғни қысқы бақ салынуда. Саябақтағы нысандар пайдалануға берілген уақыттан бастап, балалар демалу үшін жаз мезгілін күтіп жүрмейді. Сол сәттен бастап жыл он екі айды пайдалы әрі тиімді етіп өткізуге мүмкіндік болады. Жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін лагерь тек демалыс пен ойын-сауық қана емес, олардың әр түрлі бағытта дамуына ықпал ететін алаң болмақ.

Иә, бүлдіршіндердің демалысын қызықты өткізу үшін облыста түрлі шаралар ұйымдастырылып, жазғы лагерьлермен қамтылған. Десе де жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін лагерь балалар үшін пайдалы болары анық. Бұл жаңалықты естіген өрендердің көңілі шаттыққа бөленетіні сөзсіз.

 – Балалар бос уақытын тиімді әрі жайлы ортада өткізу үшін аймағымызда ауқымды жұмыстар жасалуда. Саябақта салынып жатқан лагерь туралы естіп, қуанып жүрміз. Мұндай орындар балдәурен шақтың бал дәмін ұмытпастай етіп өткізуге мүмкіндік береді. Әрбір бала жаңа қырынан ашылуға жағдай жасалады. Лагерьлер ой-өрісті дамытып, танымдық дүниелермен танысуға таптырмас орын, – дейді 7 сынып оқушысы Нұрсезім Шәкірбек.

Лагерь баланың қоғамдық өмір дағдыларын дамытып, өзін-өзі басқаруын, ұқыптылығын шыңдайды. Мұнда әрбір бала әртүрлі шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, талай-талай танымдық дүниелермен танысады. Сондықтан  да тек жаз мезгілінде ғана емес жыл он екі ай бойы балғындардың денсаулығын сауықтырып, шығармашылығын дамыту – бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: