Сенбі, 21 желтоқсан, 17:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңашыл ұстаз

05.10.2024

630 0

Камила Иманғалиева өзін әркез жаңашыл қырынан танытып жүреді. Қатарластарының алды болып алғашқы компьютерді қолданған ол – осы күні Ә.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімі. Кәсіби біліктілігімен танылған шебер ұстаз шығармашылыққа жаны құмарлығымен, ізденімпаздығымен ерекшеленіп жүр. Ол өзінің 31 жылдық еңбек өтілінде мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, информатика кабинеті жетекшілігін, информатика пән бірлестігінің жетекшілігін жауапкершілікпен атқарып, құрметке бөленуде.

Ұстаз атты абыройлы қызметті өз деңгейінде алып жүрген асыл жанға жылы лебіздерін арнайтындардың қатары қалың. Әріптестерінің де құрметі ерекше. Мектеп директоры Гүлмира Сүлейменова да оның жай мұғалім емес, ұстаз атына ие болған қадірлі жан екенін айтты.
– Камила Дүйсенбайқызы Тасбөгет кентіндегі алғашқы информатика пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші, шығармашыл ұстаз ретінде көпшілікке танымал. Оның шығармашылық тұрғыдағы зерттеу жұмыстары халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда таратылып, баспа беттерінде жарияланып, облыстық байқауларда жүлделі орын алып жүр. Алғашқылардың бірі болып электронды оқулық жасап, ІІ облыстық «Білім беруді ақпараттандыру» атты форумының жеңімпазы атанғаны үшін облыстық білім басқармасының және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Халықаралық ақпараттандыру форумына қатысты. Облыстық «Ең үздік бейнесабақ» атты дәстүрлі емес инновациялық сабақтар байқауында жүлделі ІІ орынды иеленсе, ІІ облыстық «Білім беруді ақпараттандыру» атты форумының жеңімпазы, видеофильмдердің облыстық байқауының І орын иегері деңгейіне жетті. «Ең үздік әдістемелік-дидактикалық құрал – 2022» қалалық байқауының І орын жеңімпазы. Мектеп мәртебесін көтеріп жүрген әріптесімізге құрметіміз ерекше, – дейді мектеп директоры.
Камила ұстаздың бірнеше оқу құралдары жарық көрді. Озат тәжірибе ретінде облыс ұстаздарының арасында кең таратылған «Педагогикалық-психологиялық коррекция және кеңес беру» электронды оқулығының, «3d Max studio көмегімен объектілерді модельдеу» және «Проективті психология» атты оқу құралдарының авторы.
Тәжірибелі ұстаз өз білімін үнемі жетілдіріп, шыңдап отырады. Оқушыларға робототехника үйрету барысында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жемісі шәкірттері үнемі қалалық, облыстық роботехника сайыстарында жүлделі орын алып, ұстазының абыройын асқақтатып жүр.
– Мен сонау 1993 жылы алғашқы компьютермен жұмыс істедім. Алғашқы шәкірттер сол кезде бітірді. Ескі компьютермен тек есеп шығардық. 1999 жылы жаңа бағдарламаға негізделген компьютер берілді. Ол кезде ешкімнің бұл бағытта кәсіби білімі жоқ. Өзім көп ізденіп, тыңнан түрең салғандай жаңа саланы меңгере бастадым. Жаңа фукцияны іздеп, оның ерекшелігін меңгерем дегенше де біршама уақыт өтті. «Өрлеу» оқу орталығына да барып, кейбір білмейтін жерімді үйрендім. Балалардың үйренуге қызыққаны сондай мені мектептің терезесінен аңдып отыратын. Балалармен түнгі 12-ге дейін отырған күндеріміз болды. «Жас қазақ» деген мектепішілік газет те шығардық. Күндіз балалар материал жинайды. Түнімен газет жасап, азанда дайын болатын. Оны тиынға сатамыз да, шыққан ақшаға қағаз аламыз. Ол кезде «Сырдария» типографиясында газет басылады. Мен ол кісілерге компьютер үйреттім. Олар орнына газет жасайтын қағаз берді. Қазір жастар компьютерді жақсы біледі де, бағдарлама жасаудан ақсап жатады. Электрондық оқулық жазып, форумға қатысып, 1-орын алдым. Әрі қарай қызығушылығым артты. Тіпті компьютер бұзылып қалса, өзім бағдарламасын енгізіп, жөндеп алатын деңгейге жеттім. Осылайша алған білімімді айналама үйреттім. Ең бастысы ынта, төзім, еңбек керек. Еткен еңбегімнің, төгілген маңдай терімнің өтемі шәкірттерім жұлдыздары жарқырап, мені үнемі марқайтып, шексіз қуанышқа бөлейді, – дейді ұстаз.
Мұғалімнің еңбегі шәкірттерінің жетістігімен өлшенеді. Камила Дүйсенбайқызының шәкірттері Елнұр Рахманберген, Арман Сүгірәлі, Арлан Ағаділов, Айбек Матжанов, Ернұр Жанболат, Аян Әбілбек, Ұлан Күнтуған, Әлібек Шаңбай қала мектептері оқушыларының арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген республикалық олимпиададан әр жылдары жүлделі орынға қол жеткізіп, биіктен көрінді. Сонымен қатар, қалалық «Ақпараттандыру әлеміне саяхат» атты мультимедиялық фестивальде шәкірттері үзбей жүлделі орын иеленіп келеді.
Иә, қалай десек те шәкірттің бойындағы білімге деген қызығушылықты ұстаз оятады, бағыт-бағдар береді, мамандыққа адал болуды үйретеді. Бойына іскерлік пен ұзақ жылғы тәжірибені жиған озат ұстаз бүгінде тек аймаққа емес, республикаға да танымал. Ұстаздардың ұстазы болған білгір маманға біз де сәттілік тіледік.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: